АПТА АПТЫҒЫ

Жеті күндік аптаның соңына да келіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз.

Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғалардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.

 

9 БАЛАны қамқорлыққа алу - БАТЫРЛЫҚ

Талайға үлгі боларлық жағымды жаңалық. Көкшетауда, қазақ отбасы 9 бірдей жетімді бауырына басты. Бір қызығы, балалардың бірі орыс болса, екіншісі сыған, сондай-ақ, татар мен неміс ұлтының өкілдері де бар. Діні мен тілі бөлек болғанына қарамастан, олар қазір бір шаңырақ астында қазақша сөйлеп, ұлттық үлгіде тәрбие алуда. Көкшетауда тұратын Мұхаммед пен Дариға Жұрынтаевтар шаңырақ құрған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде үш қыз, бір ұлды болған. Бірақ, уақыт өте келе, ұлдарына серік болсын деп бір бала асырап алмақ болады. Балалар үйіне барған олар бір емес, бірден тоғыз баланы асырап алыпты. Қазір оларды өз балаларымен теңдей көріп, тәрбиелеуде. Асыранды балалардың барлығы бауырға басқан ата-анасының тілінде, қазақша сөйлейді. Максим есімді сыған баласы мектептен тыс медресеге барады екен. Қазір Құран тануға талпынуда.

 

БАЛАДАН БЕЗГЕН «КӨКЕК АНА»

Біреулер өгей балаларды асырап алып жатқанда, енді біреулер туған балаларынан құтылғанша асық болуда. Павлодарда кішкентай ұлын жергілікті сауда үйлерінің біріне қасақана қалдырып кеткен әйел табылды.

Сауда орнының қызметкерлері жападан жалғыз адасып жүрген баланы байқап қалады. Үсті-басы мұнтаздай. Алғашында жергілікті саудагерлер оны ата-анасы іздеп келер деп үміттенген. Алайда, ешкім келмегеннен кейін баланы құқық қорғаушылардың қолына тапсырыпты. Бұл - осыдан шамамен он күн бұрын болған оқиға. Ал осы аптада, құқық қорғаушылар іздеген көкек ана қалалық ішкі істер бөліміне өзі хабарласып, ұлын жоғалтқанын мәлім етіпті. Тәртіп сақшылары болса, ананың соншалықты «ұқыпсыздығына» таң қалып отыр. Ол әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

 

ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП БАРАДЫ

Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап Ираннан мұнай сатып алу және оны тасымалдау ісі тоқтатылады. Мұндай келісімге Брюссельде өткен жиында ЕуроОдақтың сыртқы істер министрлері келіп отыр. Сонымен қатар, осы аптадан бастап Ислам Республикасымен қандай да бір жаңа келісімшарт жасасуға тыйым салынған. Еуропалық дипломаттардың айтуынша, қатаң санкция Иранның ядролық бағдарламасына қарсы бағытталған. Бұған жауап ретінде Иран әлемде өндірілетін мұнайдың 40 пайызы тасымалданатын Ормұз бұғазын жауып тастайтынын тағы да ескертті. Ресми Тегеранның айтуынша, бұл дүние жүзінің «қара алтын» нарығында дағдарыс туғызады. Себебі, қарт құрлық елдерінің деніаталмыш мемлекеттің мұнайына тәуелді. Сондай-ақ, Иран ядролық бағдарламасын тек бейбіт мақсатта қолданатындарын айтып келеді. Қалай десек те, бұл бағытта жағдай ушығып тұр. Тіпті, кейбір сарапшылар Парсы шығанағы үлкен соғыстың алдында тұр деген болжам айтуда. Сәуегейсымақтар «үшінші дүниежүзілік соғыс болады» деп елді дүрліктіруде.

 

МОНОЛОГ ЕМЕС, ДИАЛОГ ҚАЖЕТ

Алдағы уақытта еліміздің мектептеріндегі сабақтар жаңаша сипатта өтетін болады. Себебі, бірқатар мамандардың айтуына қарағанда, ұстаздардың қазіргі сабақ беру тәсілі заман талабына сай емес. Мысалы, бүгінде мұғалімдер «сен тыңда, мен сөйлеймін» деген негізде жұмыс істеуде. Бұл оқушылар үшін жақсы әрине. Ұстаз сабақ сұраса сөйлеп, сұрамаса «тіпті жақсы» деп үндемей отыра береді. Бірақ, бұл балалардың өз ой-пікірлерін ашық жеткізе алмауларына әкеліп соқтыруда. Осы жайды ескерген білім саласының мамандары оқушының ой еркіндігін қамтамасыз етеді-ау деген жүйеге бет бұрмақшы. Яғни, алдағы уақытта мектептердегі сабақ бүгінгідей монолог түрінде емес, диалогқа негізделіп өткізілмек.

 

ЖЫНОЙНАҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Ақпан басталысымен, еліміздің жастары «Әулие Валентин» деп ат қойып, айдар тағып алған ғашықтар күні мерекесіне дайындала бастайды. Еліміздің дініне, діліне жат мерекені тойлау үрдісі толастар емес. Өкінішті. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұл мәселе талайдан бері сөз болып, түрлі мінберлерден айтылып жүр. Бірақ, нәтиже жоқ.

Ал біз батыстың жынойнақ мерекесін тойлауды шектеу қажет деп сабылып жүргенде, өзбек ағайындар шектеп те қойды. Өзбекстанның құзырлы орындары ұлттың ұлы құндылықтарына көлеңке түсіретін жат әдеттерге тоқтау салып, керісінше, ондай мерекесымақ күндері өзбек халқының ұлыларын еске алу шараларын ұйымдастырмақ. Мысалы, 14 ақпанда, яғни «Әулие Валентин күні» ала тақиялы әртістерге жұртты шулатып, концерт ұйымдастыруға тыйым салынды. Есесіне, «Махаббат күні» мерекелік шаралары салмақты да салиқалы мерекемен алмастырылған. Нақтырақ айтсақ, өзбек ақыны Бабырдың туған күнін (14 ақпан 1483-1530 жж). салтанатты түрде өткізуге шешім қабылдапты. Айтпақшы, бәріміздің басымызды қатырған бұл мерекені атап өтуге Түрікменстанда да тыйым салынған. Жергілікті мейрамханалар мен кафелердің басшыларына 14-і күні отырыстар ұйымдастыруға болмайтындығы қатаң ескертілген. Үлгі алуға тұрарлық іс!

 

Данияр

ЖҰМАДІЛОВ.

 

Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28
30 31