Елбасының биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерліктің өрісін кеңейту мақсаты қойылғаны белгілі. Бұл ретте әлемдік дағдарыстың салдарынан банктердің қаржысына қолы жетпей қысылған бизнесмендерге мемлекеттік қолдау жасайтын «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы әзірленді. Таяуда Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламанов аталмыш бағдарлама туралы кәсіпкерлерге түсіндіру мақсатында «дөңгелек үстел» шарасын өткізді. Оған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ, «Кәсіпкерлікті және инновацияларды дамыту орталығы» секілді құзырлы мекемелердің өкілдері қатысты. «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы жаңа бағыттағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Павлодарда кәсіпкерлікті оңалту үшін бизнесті жүргізудің сервистік қызметі ұсынылады. Бұл мемлекет пен кәсіпкерлер арасында тиімді қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде кәсіпкерлікті және инновацияларды дамыту орталығында кәсіпорындар, нарыққа өнім шығарушылар мен тұтынушылар туралы мәліметтер жинағы әзірленуде. Шара барысында кәсіпкерлерге ұсынып жатқан жеңілдіктер жайлы кеңінен әңгімеленді.
Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

