ӘЛЕМДІ ТАҢ ҚАЛДЫРҒАН ӨНДІРІС АЛЫБЫ

«Богатырь» кенішінің құрылғанына 40 жыл толды

 

Әлемдегі ең ірі көмір өндіретін орынЕкібастұздағы «Богатырь» кенішінің құрылғанына биыл қырық жыл толды. Еліміз үшін аса маңызды стратегиялық нысанның мерейтойы осы апта басында аталып өтті. Салтанатты шараға құрметті мейман ретінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманғос Өтегенов пен Елубай Оразалинов, кәсіпорынның ірі акционерлері тойға құтты болсын айтып келді.

 

Бүгінгі заманды көмір отынысыз елестету қиын. «Қара алтынның» арқасында өндірісті өлкедегі ірі кәсіпорындар мен энергетикалық кешендер тұрақты жұмыс істеп тұр. Атап өту керек, «Богатырь» кеніші 1985 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енген. Сол жылы кеніште 56,8 миллион тонна көмір өндіріліп, еңбеккерлер өндіріс орнының тарихындағы ең жоғары рекордтық көрсеткішті бағындырды. Мұндай жоғары норманы содан бері ешкім бағындыра алмаған.

Алып өндіріс ошағы бүгінде көмір өндіру саласы бойынша республикада көш басында тұр. Кәсіпорын «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына енеді. Қазақстанның 11 электр станциясы мен ірі кәсіпорындары, Ресейдің 6 бірдей электр станциясы осы кеніштің көмірін пайдаланады. Кеніш үнемі даму үстінде. Өткен қырық жыл ішінде кеніште көп өзгерістер болды. Еңбек жағдайы мен жұмысшылар өмірі, өндіріс көлемі, технология жетілді. Тәуелсіздік жылдарында көлік сызбасы жаңартылып, жаңадан теміржол станциялары қатарға қосылды. Дренажды шахта, электрмен қамтамасыз ету, байланыс нысандарында, жөндеу базасы мен қойма шаруашылықтарында үлкен көлемде жұмыстар атқарылды. Бұрындары көмір кеніштен сыртқа ескі «БелАЗ» жүк көліктерімен, вагонмен тасылса, қазіргі күні оларды жапондық ауыр жүк машиналары алмастыруда.

Кеніште жаңа циклды-ағынды технология енгізілуде. Оның негізін гидравликалық экскаваторлар, ауыр жүк көліктері, диірменді-қайта тиеу пункттері, ленталы конвейер және ұсақтағыш кешен жабдықтары құрайды. Күрделі тетіктерден тұратын жаңа жүйе өнімділікті еселеп, ауаға араласатын шаң-тозаңды мейлінше азайтады. Сонымен бірге өндірістік шығындарды азайтып, жылына 50 миллион тоннаға дейін көмір өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай техникалық қайта жарақтану жаңа көрсеткіштерді бағындыруға қол жеткізеді. Аталмыш жобаны жүзеге асыруға алдағы 6-7 жылда жалпы сомасы 600 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады.

Қырық жылғы ғұмырында кеніш 1 миллиард 370 миллион тонна көмір өндіріпті. Бұл - 325 мың вагон жүк болатын көлем. Соңғы екі жылда жаңа технологияның нәтижесінде өндіріс жандана бастаған. Биыл жыл соңына дейін кәсіпорын сыртқа қырық екі миллион тонна көмір тиеуді жоспарлап отыр. Ал жаңа жоба толықтай іске қосылғанда жылдық өндіріс елу бес миллион тоннаға дейін жетеді делінуде. Қазіргі күні «Северный» кеніші «Богатырьдің» құрамына енеді.

«Богатырь» тарихы жайында сөз еткенде, оның қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар туралы айтпай кетуге болмайды. Кеніштің алғашқы директоры Станислав Павлович Куржейдің еңбегін бүкіл Екібастұз халқы жақсы біледі. Өзін кәсіби маман қырынан мықтап таныта білген, қатардағы электрослесарьдан «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінің бас директорына дейінгі жолды жүріп өткен С.Куржей бүгінде ақсақал жасына жетсе де, қатардан қалмай кенішті дамытуға байланысты өз ой-пікірлерін кәсіпорын басшылығына айтып отырады. КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР-на еңбек сіңірген шахтер, қос Ленин орденімен, Еңбек Қызыл ту, «Достық» ордендерімен марапатталған, «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері Станислав Павлович Екібастұз қаласының және облыстың құрметті азаматы. Сонымен бірге С.Шешембеков, И.Федотов, Д.Мелехов, А.Витта және тағы басқа да азаматтарды атап өткен абзал. Әсіресе, ғылым мен техника саласы бойынша КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Еңбек Қызыл ту ордені, «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған Серікбай Шешембековтің еңбегі зор болды. Өмірден ерте озған даңқты азаматтың есімі қазіргі күні Екібастұз қаласындағы үлкен көшелердің біріне берілген.

Алып кеніштің қырық жылдық мерейтойына арналған салтанатта «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Виктор Щукин жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Бүгінде біздің облыста жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында елу төрт жоба жүзеге асып жатса, оның оннан астамы Екібастұз өңіріне тиесілі. «Богатырь» кеніші де одан сырт қалған жоқ, 2014 жылға дейін ондағы көлік сызбасы толығымен жаңартылады. Шахтерлерді айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Б.Сағынтаев алып кәсіпорынның біздің аймағымыздағы әлеуметтік-экономикалық саланы алға бастыруға үлкен әсер етіп отырғанын атап өтті. Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілікті биік ұстап отырғандары үшін алғыс айтты. Кеніштің дамуына еңбек сіңірген азаматтардың бір тобын Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады. Жиынға арнайы келген «Богатырь Көмірдің» меншік иегерлері – қазақстандық «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Есенгелді Әбітаев, ресейлік «РУСАЛ» компаниясы бас директорының орынбасары Владислав Соловьев өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, кеніш еңбеккерлерінің бірқатарын «Шахтер даңқы», «Еңбек даңқы» белгілерімен марапаттады. Марапатталғандар арасында кеніш директоры Серік Макаров бар. Сонымен бірге бір топ маманға көмір өндіру саласының құрметті азаматы атақтары берілді. Екібастұз қаласының жаңа басшысы Александр Вербняк та шахтерлерге сый-құрмет көрсетті. Мереке барысында кеніштің еңбек ардагерлері өздерінің еңбек жолдары жайында әңгімеледі.

Көңілді жиында жергілікті өнерпаздардың концерті беріліп, мерекенің ажарын арттырды.

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31