ТЫҢ ӨНДІРІСТЕР ТОЛАЙЫМ ТАБЫСТАРҒА БАСТАЙДЫ

 

Павлодар қаласы - ежелден республикамыздың индустриялық орталығына айналып үлгерген аймақ. Бүгінде шаһар Президент тапсырмасымен қолға алынған инновациялық жобалар саны бойынша да үздіктер қатарынан орын алып отыр. Бұрын-соңды болмаған жаңа өндірістердің құрылуы экономикалық белестерге ғана бастамай, сонымен бірге, әлеуметтің сан түрлі мәселелерін, соның ішінде, жұмыссыздықты шешуге септігін тигізетіні даусыз. Жаңа технологияларға арқа сүйей отырып, біз шикізат қана шығармай, оны өңдеуге де қол жеткізудеміз.

Таяуда «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-ның өкілдері республикалық және аймақтық журналистерді жинап, Павлодар қаласында іске қосылған және жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалармен жете таныстырды.

 

 

Жаңа химия зауыты

Біздің аймағымызда аталмыш қаржы институтының қолдауымен «Каустик» акционерлік қоғамы жаңа индустриялық жобасы жүзеге асырылуда. Арнайы сапарда БАҚ өкілдерінің алғаш табан тіреген жері де осы өнеркәсіп орны болды.

Жаңа өнеркәсіп орны - бұрын Павлодар жерінде болған «әйгілі» химия зауытының негізінде салынып жатқан тың өндіріс. «Әйгілі» дейтініміз - бұрын бұл жерде сынап әдісін қолдану арқылы каустикалық ұнтақ пен хлор өнімдері шығарылған. Бірақ кәсіпорынның кезінде әкелген экономикалық пайдасын қайдам, бірақ оның сол кезде сонда еңбектенген қарапайым тұрғындарға, қоршаған ортаға тигізген зияны - бір төбе. Химия зауытында пайдаланылған сынаптың денсаулыққа қауіптілігін кейін француз мамандары егжей-тегжейлі зерттеп, тұжырымдама да жасады. Соның негізінде бұдан бірнеше жыл бұрын химия зауытының «мұрасын» - сынап қалдығын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, келешекке төнген қатердің беті қайтарылды.

 

Қазірде дәл осы химия зауытының негізінде қайтадан каустикалық ұнтақ пен хлор өнімдерін шығару қолға алынып отыр. Бірақ жергілікті тұрғындардың үрке қарауына еш негіз жоқ. Журналистерге берген сұхбатында «Каустик» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Орынбековтың айтуынша, бұрынғы химия зауыты негізінде салынады демесеңіз, бұл түбірімен - тың өндіріс. Себебі каустикалық ұнтақ және хлор өндірістері сынап әдісімен емес, мембранды технология бойынша жұмыс істейді. Мұндай зауытты өзбек елі он жыл бұрын салған. Басқа да кезінде одақтас болған, бүгінде жақын шетел дейтін мемлекеттерде бұрынғы өндірістер модернизациядан өткізіліп, қоршаған ортаға да, денсаулыққа да әлдеқайда қауіпсіз осы мембранды технологияны қолданысқа енгізуде.

Жаңа технологияға негізделген Павлодар қаласындағы өндіріс биылғы желтоқсан іске қосылады деп күтілуде. Айтпақшы, оның құрылысына қажет болған қомақты (100 млн. доллар шамасында) инвестицияны «Қазақстанның Даму банкі» және «Эксимбанк» акционерлік қоғамдары бөлген. «Қазақстан Даму банкі» АҚ басқарушы директоры Руслан Кидрисовтың сөзіне қарағанда, жаңадан салынып жатқан химиялық зауыт - 2010-2014 жылдарға арналған еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылуға тиіс жоба. Мұндай өндірістер қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық өрлеуімізге үлес қосады. Себебі аталған өндіріс кәсіпкерліктің басқа да түрлерінің дамуына қолайлы жағдай туғызады. Бұл өз кезегінде аймақтағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

- Бұлбастан-аяқ жаңа химиялық өндіріс, - дейді «Каустик» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Орынбеков, - Мұнда жылына 30 мың тонна каустикалық ұнтақ өндіріледі. Сондай-ақ сұйық хлор, тұз қышқылы және натрий гипохлориті өнімдері шығарылады.

 

Басшының сөзіне сүйенсек, химия өндірісіне пайдаланылатын шикізат өзімізде жеткілікті. Павлодар облысында тұзды көлдер көп. Қазірде мамандар олардың құрамын тексеріп-талдауда. Тұз өндіретін компаниялар да ұсыныстарын білдіріп отыр. Айта кетелік, жаңа зауыт өнім шығаруда ас тұзын пайдаланатын болады. Арнайы жолмен келіп түскен шикізат бірнеше кезеңнен тұратын өңдеуден өткізіліп, соңында жоғарыда аталған өнім түрлеріне айналады.

- Бұл өнімдер негізінен өзіміздің еліміздегі тұтынушыларға жөнелтілетін болады. Қазірде біздің тауарға қызығушылық білдіруде. Тұтынушыларымыздың қатарында «Қазатомпром», «ТеңізШевройл», «Қазақстан алюминийі», «АрселорМитталТеміртау» секілді белгілі компаниялар бар. Еліміздегі пайдаланушылардан артылған өнімнің бөлігі ғана экспортқа шығарылады, - дейді Е.Орынбеков. Бүгінде еліміздің тұрғын үй-коммуналдық саласы, мұнай саласы кәсіпорындары негізінен сырттан келетін импорт өнімдерге тәуелді.

«Каустик» кәсіпорнында мембранды әдіс италиялық «Uhdenora» компаниясының құрал-жабдықтары негізінде қолданылады. Бүгінгі таңда шетелден қажетті жабдықтар толығымен жеткізіліп қойылған. Құрылыс жұмыстары тәмамдалып қалған. Мамандар заманауи технологияның нәтижесінде өнімнің сапасын ғана артып қоймай, сонымен бірге, энергия үнемдеуге де болатынын айтады. Одан басқа, жергілікті тұрғындарды үнемі алаңдататын экология мәселесі тағы бар. Басшының сөзіне сенсек, өндірістің экологиялық қауіпсіздігі арнайы сертификат жүйесімен анықталған. Егер қауіптілігі дәлелденген болса, қаржы институттары жобаны қолдамайтын еді, оны жүзеге асыруға қатыспас еді. Жаңа зауыттың іске қосылуы қала жұмыспен қамтылу мәселесін шешуге үлес қосады. Жоба бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған өндірісте 81 жаңа жұмыс орны құрылады. Мамандардың айтуынша, әдетте химия зауытының құрылысы екі-үш жыл бойы жүргізіледі, «Каустик» АҚ басшылығы небары бір жылда құрылысты аяғына жеткізіп отыр. Бұйыртса, биылғы желтоқсанның екінші жартысында аталған зауыттың тұсаукесеріне куә боламыз.

 

Дағдарысқа қарамастан салынған өндіріс

Жалпы, Павлодар қаласында соңғы бірер жылдың ішінде бірталай серпінді жобалар жүзеге асырылды. Соның бірқатарына Қазақстан Даму банкі қолдау танытты. Биылғы жылдың қазан айына дейінгі дерек бойынша, жалпы сомасы 1,035 млн. АҚШ долларын құрайтын үш жоба қаржыландырылды. Солардың қатарында жылына 60 мың тоннаға дейін болатты ыстықтай үздіксіз бөліп құю әдісімен дөңгелек прокат және ұсақтағыш өнім шығаруды көздеген «Литмашкомплект» ЖШС, Павлодар қаласында жылына 38 мың км кабель-өткізгіш және электр оқшаулағышы жоқ 4 мың тонна сым өткізгіштер өндірісіне кіріскен «Қазэнергокабель» АҚ, бастапқы алюминий өндірісінің екінші кезегін іске қосып, зауыттың қуатын жылына 250 000 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ жобалары бар. Қазірде бұл өнеркәсіп орындары айтарлықтай табыстарды иеленген. Барлығы 2776 жаңа жұмыс орны ашылған.

«Каустик» АҚ-ынан кейін журналистердің табаны дәл осы электролиз зауытының аумағына тиді. Мұнда қонақтарды «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ вице-президенті Жұмабек Қамзин қарсы алып, көп кешікпей нағыз қайнаған өндіріс ошағына бастап әкелді.

Барлық шикізат түрі табылатын қазақ жерінде дайын алюминий өндірісін құру бұған дейін бұйырмаған бақыт еді. Шүкір, еліміз егемендік алып, Тәуелсіздіктің туы желбіреген тұста бұл асқақ арманға да қол жетті. Әлемде теңдесі жоқ, бастан-аяқ жоғары технологияға құрылған электролиз зауытының бірінші кезегі небары 27 айда қолданысқа тапсырылды. Бұл ретте Үкіметтің қолдауы мықты болғанын айта кету керек. Электролиз зауытының құрылысы республикалық индустрияландыру картасына енгізілген ең ірі жобаның бірі болды. Электролиз зауытының алғашқы өнім шығаратын кешені 2007 жылдың 12 желтоқсанында қолданыла бастады. Зауыттың екінші кезегі биылғы жылдың 24-маусымында салтанатты түрде іске қосылды. Ел тарихында елеулі болып қала беретін екі оқиғаға да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп қатысты. «Жалпы, мұндай ірі зауыт салуға он-он бес жыл уақыт қажет. Алайда электролиз зауытының әрбір кезегі небары екі жарым жыл ішінде салынды. Бұл осында жұмыс істеген құрылысшылардың, металлургтердің ерен еңбегінің үлгісі», деген еді зауыттың екінші кезегін іске қосу салтанатында Президент.

Айта кетерлігі, тұңғыш электролиз зауытының өнімі бүгінде әлемдік нарықта сұранысы үлкен сапалы тауар болып саналады. Жалпы, әлемде ең сапалы алюминий А-9 маркалы болып табылса, бүгінде Қазақстан электролиз зауытында А-8,5 маркалы өнім шығарылады. Әдетте, жаңа салынған өндірістер төмен маркалы өнімдер бастапқыда шығарудан бастайды, электролиз зауыты бірден жоғарыға қол созды. Бүгінде электролиз зауытында 2089 адам жұмыс істейді. Орташа айлық еңбекақылары – 98 мың теңге.

Ж.Қамзин журналистерді биыл іске қосылған өндірістің екінші кезеңіне алып келді. «Президент ешқандай дағдарысқа қарамастан зауытты салуды аяқтауды тапсырды. Сондықтан аянып қалмадық. Жалпы, зауыттың құрылысына он екі елден 18 компания қатысты», деді ол әңгімесінде. Бұдан кейін қонақтар дайын өнімдер, яғни, алюминий құймалары цехына бас сұқты. Мұнда техникалар салмағы 20 келіден асатын, беткі жағында «КAS» деген белгі соғылған құймаларды тиеп шығаруда. Кейін бұл сапалы өнімдер тұтынушыларына жол тартады. Қазақстан электролиз зауытында күніне 680 тонна құйма шығарылады, бұл дегеніңіз - 14 вагонға артылатын сапалы тауар.

Айта кетерлігі, кезінде Елбасының алюминий өндірісін құру жөнінде тапсырмасын ойдағыдай орындаған Еуразия табиғи қорлар корпорациясы (ENRC) 2012 жылы Павлодар қаласында алюминий шығаруда қолданылатын анод өндірісін де іске қосады. Осылайша, бір ғана нысанда бір миллиард доллардан астам инвестиция игеріліп отыр. Бұл дегеніңіз - қаншама жұмыс орны ашылып отыр деген сөз. Ең бастысы, электролиз зауытының салынуы республикамызда металлургия кластеріне жол ашып отыр, бұған дейін сазбалшық өндірумен шектеліп келген еліміз енді тың өндірісті толық игеруге көшті. Алдағы уақытта алюминий құймасынан дайын өнімдер шығару мәселесі де қарастырылуда. Айтпақшы, қазірдің өзінде жергілікті «Қазэнергокабель» кәсіпорны Павлодар жерінде өндірілетін алюминийді ширатпа сымдарды жасау үшін пайдалануға кірісті. Ендігі жерде түрік кәсіпкерлері сапалы металдан автокөлік дискілері мен құрылысқа қажетті төсемелер дайындау жөнінде ниеттерін білдіріп отыр.

Қорыта келе айтарымыз, Павлодар қаласында арнайы бағдарлама аясында іске асырылуға тиіс басқа да инновациялық жобалар бар. «Қазақстан Даму банкі» АҚ-ның мәліметінше, қазіргі кезде даму институтының қарауында жалпы сомасы 1 534,09 млн. АҚШ доллары болатын 4 жоба қаралуда. Оның ішінде жылына 300 мың тонна көлемінде теміржол магистральдық рельстер шығаруды көздеген «KSP Steel» және Павлодар қаласында фармацевтикалық және медициналық зауыттарды іске қосуды жоспарлаған «Ромат» фармацевтикалық компаниясы» серіктестіктері бар. Одан бөлек, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ының қолдауымен төбе жабатын орама материалдар өндірісі мен тұрмыстық және кеңсе жиһазын шығаратын кәсіпорынды жаңғыртуға қатысты жобалар жүзеге асырылуда.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31