АЛТЫН ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

 

     Павлодар облысы тек қана көмір, электр қуаты, алюминий өндірістерімен ғана емес, алтын және күміс металдарды шығарумен де белгілі болады. Бұған Төртқұдық тау-кен байыту комбинатында жүзеге асырылған өндірісті қайта жаңғырту жобасы мүмкіндік береді. Бұл туралы жұма күні – металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында аталмыш өнеркәсіп орнында жаңа цехты іске қосқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

     Екібастұз қаласының ауылдық аймағында орналасқан Төртқұдық тау-кен байыту комбинатының жетпіс жылдық тарихы бар. Мұнда алпысқа тарта жұмысшы кеніштен қазып алынған алтын және күміс рудаларын өңдеумен айналысады. Саланың болашағы барына көзі жеткен кәсіпорын басшылығы 2007 жылы өндірісті жаңғырту бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Оның жалпы құны 1 млрд. теңгеден асады. Үш жыл ішінде заман талабына сай қайта жаңғыртылған өнеркәсіп орнында енді өңдеу қуаты бұрынғыдан 7-8 есеге артады. Сонда комбинат бір жылда өңделетін 500 мың тонна рудадан 1 тонна алтын және 10 тонна күміс ұнтағын шығарады. Өндіріске шикізат есебінде жетпіс жылдан бері жиналған қалдықтар да пайдаланылатын болады.
     - Бүгін біз Төртқұдық тау-кен байыту комбинатының қайта жаңғыртылуының куәсі болып отырмыз. Маусым айының соңында Ақсу ферроқорытпа зауытында өндірістік қалдықтарды өңдейтін агломерат цехын іске қосқан едік. Енді бүгін Төртқұдық кен байыту комбинатының жаңғыртылған өндірісінде де ұзақ уақыт қордаланған қалдықтар қолданылатын болады, - деді жаңа цехты іске қосу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі.
Бақытжан Әбдірұлы аймағымыздың Елбасының Қазақстанды әлемнің 50 өркениетті елінің қатарына енгізу және 2020 жылға дейінгі индустриалдық жағынан қарқынды дамыту жөнінде берген тапсырмасын орындау бойынша қосып отырған үлесі зор екенін атады. 2010 жылдың алғашқы жартысында индустрияландыру картасына енгізілген 12 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, жыл аяғына дейін тағы 14 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұдан басқа, қатарында Төртқұдық кен байыту комбинаты бар, жалпы саны тағы 12 жаңа жоба жоспардан тыс жүзеге асырыла бастаған болатын. Соның бірі бүгінде сәтті аяқталып отыр.
      Өнеркәсіп орнын қайта жаңғыртуға аянбай атсалысқан жергілікті металлургтерді аймақ басшысы Б.Сағынтаев кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар мамандарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыстады. Дәл осындай марапаттарды Екібастұз қаласының әкімі Н.Нәбиев те тапсырды. Төртқұдық тау-кен байыту комбинатының президенті А.Льянов та кәсіпорынның талай жыл еңбек еткен ардагерлер қауымына да бағалы сыйлықтар таратты.
Бұдан кейін облыс әкімінің қатысуымен Төртқұдық ауылында жаңадан салынған мешіт салтанатты түрде ашылды. Көк күмбезі алыстан көз тартатын мешітті жергілікті халыққа Төртқұдық тау-кен байыту комбинатының басшылығы сыйға тартқан. Оның құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Мешітке бір мезгілде 50 адам кіріп, Аллаға құлшылық ете алады. Алдағы уақытта мұнда Құран оқытып үйрететін оқу сыныбы жұмыс істейтін болады.
     Төртқұдық ауылының жұртшылығына мешіт сыйлаған кен байыту комбинаты басшылығының ісін облыс әкімі оң бағалады. Бақытжан Әбдірұлы ірі кәсіпорындар қосымша өндіріс орындарын ашумен қатар халықтың әлеуметтік жағдайын жасауға да көмектесуге міндетті екендіктерін айтты. Қазіргі кезде жергілікті комбинат Төртқұдық ауылын сумен жабдықтау мәселесін шешуде. Мұның бәрі басқаларға үлгі болатын іс екені белгілі. Б.Сағынтаев Алла үйінің ашылуы имандылық жолына түсушілер қатарын көбейтетініне сенім білдірді. Бұдан соң ауылдықтарға арнайы ашылған жаңа мешіттің ішінде Екібастұз қаласы мешітінің имамы Әбілхан Жәпішев алғаш дұға оқыды. Жаңа мешіттің алдына ауыл адамдарының көптеп жиналғанына қарағанда, оның ашылуын жергілікті тұрғындардар көптен күтсе керек. Ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталар өздеріне арнайы келіп, амандық-саулық сұрасқан облыс әкіміне ризалық білдірді.
     Төртқұдық ауылы тұрғындарының қуаныштарына ортақтасқаннан кейін Бақытжан Сағынтаев «Екібастұз ет өңдеу кешені» ЖШС-нің жаңадан іске қосып отырған ферма шаруашылығына ат басын бұрды. Бүгінде Екібастұздың ет өңдеу комбинаты - сапалы ет және шұжық өнімдерін өндірумен көпке танымал, жергілікті нарықта өзіндік орны бар іргелі кәсіпорын. Бұған дейін өндіріске пайдаланылатын мал еттерін басқалардан сатып алып келген кәсіпорын 2007 жылы жеке шаруашылық құруды қолға алған екен. Қазірде қаладан жырақта орналасқан фермада әрқайсысында 800 бас мал тұратын төрт баз, 200 бас малға арналған бордақылау орталығы бар. «Екібастұз ет өңдеу кешені» ЖШС-нің басшысы Е.Жұмадиевтің айтуынша, осы күні шаруашылықта әулиекөл тұқымдас 812 ірі қара мал өсірілуде. Сонымен бірге, өткен жылы Қызылорда облысынан 86 бас түйе сатып алынған. Қазірде бұл шудалары желкілдеген түліктер жергілікті табиғат жағдайына бейімделу үстінде. Шаруашылық иелері келесі жылдан бастап шұбат өндіруге кіріспек. Облыс әкімі бұл бастаманы құптады. Әзірге Павлодар аймағының жұртшылығына аталған ұлттық сусынды ұсынатын ешкім табылмай тұр. Оңтүстік өңірлердің тәжірибесіне қарағанда, емдік сусыннан түсетін пайда әжептәуір. Бұған дейін біздің өңірде түйе шаруашылығының дамымағанын ескерсек, тың табыс түрінің алдағы уақытта кең етек алуы әбден мүмкін. «Екібастұз ет өңдеу комбинаты» ЖШС-інде аймақ басшысы ерекше күтіммен бағып-күтілетін асыл тұқымды жылқыларды көрді. Төрт түліктің төресі, ердің қанаты саналатын 60 сәйгүлікті аталмыш комбинат олардың төлін алып қалу үшін жалға алған көрінеді. Сапар соңында облыс әкімі Б.Сағынтаев Екібастұз өңірінде өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында қолға алынған тың істердің әрі қарай да табысты іске асуына тілектестік білдірді.


Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31