«ТАЛАЙ ЖЫЛҒА ЖЕТЕТІН ЖОСПАРЛАР БАР»

дейді Алмаз Ибрагимов:
Бүгінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді модернизациялау заман талабына айналып отыр. Себебі бәсекелестікті көтеру үшін алдымен өнімділікті ұлғайтқан жөн. Сазбалшық өндіретін жергілікті «Қазақстан алюминийі» АҚ бүгінде осы мәселеге баса назар аударған. Онда да кезекті рет құрал-жабдықтарды жаңартып қоймай, өндіріске түбегейлі жаңа технология енгізуді мақсат етеді. Сөйтіп, аз уақытта сазбалшық өндірісін экологиялық тұрғыда неғұрлым қауіпсіз деңгейге көшіріп, энергия үнемдеу мәселесін де қоса шешуді көздейді. Осы және металлургтердің басқа да табыстары туралы ENRC – Еуразиялық табиғи қорлар корпорациясы құрамына енетін «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамдарының президенті Алмаз Ибрагимовпен өткізген сұхбатымызда кеңінен сөз болды.

-Алмаз Тұрдыметұлы, біздің тұрғындарымыз облыстың индустриялық жағынан дамыған аймақ екенін мақтан етсе, бір жағынан, экология мәселесіне де алаңдаушылық танытады. Ендігі жерде өндіріске енгізілетін жаңа технологияның пайдасы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
-Осыған дейін зауыт өндіріс қуатын арттырған болатын.  Сол себепті төмен сұрыпты боксит шикізатын тереңдете өңдеуге мүмкіндік беретін технологияны әзірлеу өзекті мәселеге айналды. Біз жаңа жобаны дайындап та қойдық, оны алдымен сынақ цехында қолданатын болып отырмыз. Бұл инновацияның әлемде теңдесі жоқ. Жаңа технологияның негізгі кезеңдерін өңдеу бойынша пилоттық желіні құруға 11,4 миллион доллар мөлшерінде инвестиция салу керек. Бұдан кейін сазбалшық өндірісі «Байер-қызыл шламды гидрохимиялық өңдеу» комбинациялық тәсілі бойынша жүзеге асады. Осыған дейін пісіру әдісі қолданылған болатын. Алайда ол қомақты капитал мен айтарлықтай қуатты қажет етті. Енді пештердің саны да қысқарады. Жаңашылдықтың ерекшелігі сол, қызыл шламды 1250 градуста пісіріп жатпайды, бокситті 235 градус температура қысымындағы жабық түтіктерде сілтісіздендіруге көшеміз. Нәтижесінде тауар ретінде шығарылатын сазбалшық көлемі ұлғайып, өндіріске пайдаланылатын кальцийленген ұнтақ, көмір мен әктас шығыны қысқарады. Сонымен қатар, электр қуаты шығыны да азайып, ауаға тасталатын көмірқышқыл мен азот қалдықтарының мөлшері кемиді. Бокситтің  темір тектес бөлігінің толығымен залалсыздандырылатыны себепті қатты қалдықтар шығарылмайды. Қазірде жаңа желіні өндіріске енгізуге талпынып жатырмыз.
-Бұл игілікті іс жақын келешекте іске асады деп үміттенеміз. Ал қазір ауаға зиянды қалдықтар шығаруды азайту мәселесі қалай шешілуде?
-Экологиялық мәселелерді біз ешқашан назардан тыс қалдырмаймыз.  Арнайы біздің өндіріс үшін жасалып, кальцийлеу пешінде орнатылған чех электр сүзгілері зиянды газдарды 99,98 пайызға тазалайды. Бұл - арнайы «Қазақстан алюминийі» өндірісі сияқты ұсақ шаң-тозаңдарды сүзуге бейімделген, әлемде баламасы жоқ құрылғылар.
-«Қазақстан алюминийінде» жыл  соңына дейін сазбалшық өндірісін 1,7 млн. тоннаға дейін ұлғайтуды көздейтін тағы бір жоба жүзеге асып жатқанынан хабардармыз. Бұл да аймақтың табиғатына залал келтіретіні айқын. Қазақстан электролиз зауыты өндірісіне де жұрттың екіұдай пікірмен қарайтыны белгілі. Электролиз зауытына жақын орналасқан себепті Кенжекөл ауылының тұрғындары да алаңдаушылығын жасырмайды...
-Иә, сазбалшық өндірісі ұлғаюда, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 400 мың тоннадан астам өнім шығарылды. Өндіріс соңғы жылдары артып келеді, бірақ біз ауаға тасталатын зиянды қалдықтың мөлшерін көбейткен емеспіз. Оған пісіру, кальцийлеу пештерінде, сондай-ақ жылу-электр орталығында газ тазалаушы құрылғыларды қайта қалпына келтіруіміз мүмкіндік берді.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында екі кәсіпорын бойынша табиғат қорғау шараларына 1,143 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазақстан электролиз зауытына келсек, ол – барлық халықаралық экологиялық стандарттар мен талаптарға жауап беретін су жаңа өндіріс. Өндірістік-экологиялық бақылау бағдарламасына сәйкес ауаның, судың және топырақтың ластану мөлшері өлшеніп тұрады. Зауыт ISO 14000:2005 халықаралық стандарты негізінде қоршаған ортаны қорғау менеджменті бойынша жұмыс істейді. ҚЭЗ-дің санитарлық аймағында жасыл желекті отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан кенжекөлдіктерге алаңдамаса да болады. Оның үстіне, жел де басқа бағытта есіп тұрады. Мен оларды және тілек білдірген басқа да азаматтарды зауытқа саяхат жасап, біздің өндірісіміздің қауіпсіз екендігіне көз жеткізуге шақырамын.
-Алмаз Тұрдыметұлы, отандық және шетелдік тұтынушылардың сұранысына ие алюминий дайын өнімін шығаруды қамтамасыз ететін шикізат өндірісінің өсімі еліміздің, соның ішінде облысымыздың экономикасы үшін маңызды мәнге ие екені айқын. Өндірістің ұлғаюы қосымша салықтық түсімдер, жұмыс орындарының құрылуы сияқты басқа да жағымды құбылыстарға ықпал етеді емес пе...
- Әрине, тек оларға ғана емес. Сонымен бірге, қазақстандық өндірістің үлесін арттыруға, елдің, облыстың эспорттық әлеуетін көтеруге және де өзге де қажетті өндірістер құруға, инфрақұрылымды дамытуға, өзге де оң істерге жол ашады. ENRC корпорациясының барлық кәсіпорындары ірі салық төлеушілер болып есептеледі. Одан басқа, өндірістерге отандық өнімдер мен шикізаттарды сатып алуға баса мән беріледі. Мәселен, 2010 жылы «Қазақстан алюминийі» АҚ қазақстандық кәсіпорындардан жалпы сомасы 22,53 миллиард теңге (бұл жалпы сатып алудың 61,11 пайыз үлесін құрайды) энергия көздерін, жанар-жағармай өнімдерін, басқа да құнды тауарларды сатып алды. Соның ішінде Павлодар облысының кәсіпорындарына 13 миллиард теңгенің тапсырысы жасалды.
Алюминийдің басым бөлігі шетелдерге шығарылады. Сөйтіп, еліміздің экспорттық әлеуеті артуда. Негізгі тұтынушылар - Ресей Федерациясы, Қытай, Украина, Беларусь, Латвия, Өзбекстан мемлекеттерінің зауыттары. Жоғары сапалы алюминий шығарғаны үшін былтыр Қазақстан электролиз зауыты «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсында «Өнеркәсіптік қолданыстағы үздік тауар» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Жалпы, электролиз зауытының ашылуы аймақ үшін ғана емес, тұтас ел үшін айтулы оқиға болды, жаңа өндірістің құрылуы отандық экономикаға шетелдік инвестиция тарту бойынша мемлекеттік стратегияға сәйкес келеді және біздің әлемдік нарыққа серпінді ұмтылысымыздың айқын көрінісі.
-Жаңа технологияға құрылған тың өндірістің мамандармен қамтылу жайы қалай шешілді?
-Иә, жаңа озық технологияға негізделген металлургиялық өндірісті жоғары білікті мамандардың көмегінсіз құру мүмкін емес. Біздің мамандарымыз Қытай, Норвегия, Ресей мен Тәжікстан елдерінің алюминий зауыттарында, металл және қорытпалар институттарында оқудан өтті. Мәселен, мен өзім Бүкілресейлік алюминий-магний институтында  металл бойынша мамандандырудан өттім. Қазір Қазақстан электролиз зауытында жеке оқу орталығы ашылды, онда отандық және шетелдік оқытушылар дәріс береді. 2010 жылы зауыт  аймақ үшін кәсіптік кадрларды дайындауға қосқан үлесі үшін «Серіктестік көшбасшысы» аталымы бойынша жүлдеге ие болды. Жалпы, өткен жыл бойы электролиз зауытында 890 адам кәсіптік дайындықтан (қайта даярлау, біліктілікті көтеру, сабақтас мамандықтарды игеру сияқты) өткізілді.
-ENRC кәсіпорындары жұмысшылары әлеуметтік жағдай жасауды дәстүрге айналдырған. Мәселен, соңғы жылдары металлургтерге көпқабатты тұрғын үй мен  балабақша салынды. Тағы қандай істер қолға алынуда?
- Осыған дейін «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның 200-ге тарта жұмысшысы өз баспанасына ие болды. Қазірде электролиз зауытының жұмысшыларына арналып 145 пәтерлі үй салынуда. Олар қоныс тойын осы жылдың үшінші тоқсанында тойлайды. «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның 50 қызметкеріне пәтер сатып алу үшін жылдық мөлшерлемесі 1 пайызды құрайтын несиелер берілді.
ENRC корпорациясының өзге де кәсіпорындары секілді «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ әлеуметтік қорғау саясатына баса көңіл бөледі. Тек қана өз жұмысшыларына ғана емес, зейнеткерлерге де қамқорлық танытады. 2010 жылы Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне емделу үшін материалдық көмектер көрсетілді, көмір және азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілді.
«Қазақстан алюминийі» соңғы он жыл бойы өз жұмысшыларына балаларын сұранысқа ие мамандықтар бойынша Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚарМУ, Санкт-Петербург мемлекеттік политехникалық университеті, Томск мемлекеттік басқару жүйесі және радиоэлектроника университеті тәрізді Қазақстан мен Ресейдің, жергілікті әйгілі оқу орындарында оқытуға қаржылай көмек береді. Жұмысшыларға материалдық көмек көрсетуден де бас тартпаймыз. Электролиз зауытында да осылай. Мұнда әлеуметтік бағдарлама бойынша бірінші тоқсанда 15 миллион теңге бөлінді.
-Зауыт жұмысшыларына Новосібірдегі Мешалкин атындағы атақты институтта емделуге мүмкіндік жасалғаны рас па?
- Иә. Мен өзім де сонда емделдім. Зауыт есебінен осы клиникада дәнекерлеуші, менеджер секілді әртүрлі дәрежелі 35 маман жоғары деңгейлі дәрігерлік тексеруден және емделуден өтті.
 -Алмаз Тұрдыметұлы, біраз уақыт бұрын сіздің қызметіңізден кететініңіз жөнінде алыпқашпа әңгіме айтылды. Келешек жоспарларыңыз туралы айтсаңыз...
-Бұл өсек-аяңның қайдан өрбігенін білмеймін. Мен 13 жасымнан бастап жұмыс істеймін, демалыста 3 күн ғана боламын, кейін қайтадан қызметке ораламын. Менің өзімнің өндірісте жаңашылдық енгізуге күш-қайратымның жеткілікті екенін сеземін. Жоспарымыздың көп екенін көріп отырсыз. Алдағы жылдардың бәрі қамтылып отыр. Жаңа өндірістерге, модернизацияға, қоршаған ортаны қорғауға, қауіпсіздік техникасын жақсартуға, жұмысшыларға әлеуметтік жағдай жасауға инвестициялар салынуда. Сондықтан өзімнің сүйікті ісіммен айналысуды жалғастырамын. Қызметім күн сайын қызықты бола түсуде, яғни жаңа табыстарға жетелеуде.
- Сіз - экономика саласының маманысыз. Алайда металлургия                саласы негізінде, онда да бокситті өңдеудің жаңа технологиясы жөнінде ғылыми диссертация қорғап шықтыңыз. Қиын болған жоқ па?
-Жоқ, күрделі емес. Себебі онымен шындап айналыстым, аса қажет болды. Төмен сапалы бокситтен озық сапалы сазбалшық алу мәселесі менің еңбегімнің тақырыбы болды, Алматы металлургия және қорытпалар институтында қорғадым. Жаңа технологияны алюминий зауытында қолданудың экономикалық тиімділігіне алматылық ғалымдар мен комиссияның көзін жеткіздім. Жобаның техникалық жаңалығын Ресей және Қазақстан патенттерімен бекітіп алдым.
 - Балаларыңыз жолыңызды қуды ма?
-Жоқ, екі үлкен ұлым - экономист, осында мейрамхана бизнесімен айналысады. Қызым - заңгер, Инновациялық Еуразия университетінде дәріс береді, докторлық еңбегін жазуда. Ортаншы ұлым - Алматыда, кіші ұлым мектепте білім алуда. Олар металлург болуы үшін төменгі сатыдан бастап еңбектенуге, сөйтіп, өз мамандығын сүюге үйренуге тура келер еді. Алайда олардың таңдауына біз ешқандай ықпал жасаған жоқпыз....
Жұбайым өмір бойы балалардың тәрбиесімен айналысты, себебі мен тәулік бойы жұмыс істедім десе болады. Біздің жеті немереміз бар, бәріміз кейде демалыста бас қосамыз. Уақытымның қалған басым бөлігін  жұмысыма арнаймын. Себебі жұмысым – өмірімнің мәні...


А.САҒИТОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21
23 24 25 26 27 28 29
30 31