Соңғы кезде ірі өндіріс орындары табиғат қорғау шараларына баса мән беруде. Бұл - қуанышты жайт. Тек экономикалық табысты ғана көздемей, экологиялық пайдасы бар маңызды істерді қолға алғандар қатарында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» бар. Өткен сәрсенбі күні корпорация иелігіндегі балық шаруашылығында өсірілген 2 мыңнан астам ұсақ табан балық Ертіс өзеніне жіберілді. «Былтыр да осындай шара өткізілген еді, биыл екінші мәрте жүзеге асырылды», дейді «ЕЭК» АҚ бірінші вице-президенті М.Бугубаев.
Игілікті істердің нәтижесі болар, соңғы кезде балықшылар Ертістен табан тұқымдас балықтарды жиі аулайтын болған. Мамандар өзенге жіберілген бір жарым жылдық балықтардың еркін жағдайға тез бейімделіп, одан әрі көбейетініне сенімді. Бірақ олардың уылдырық шашуына кедергі болатын мәселе де бар. Балық шаруашылығы учаскесінің бастығы В.Шаповаловтың айтуына қарағанда, мұнда өсірілген балықтар өзеннің суы 18-20 градусқа дейін жылыған кезде ғана жіберілуі керек. Алайда, бұл уақытқа дейін тасыған су қайтып кетеді де, табандар уылдырық шашуға үлгермейді.
Ақсу электр станциясы жанындағы балық шаруашылығы 1989 жылдан бері жұмыс істейді. Ғалымдар өндіріске пайдаланылатын, қыстыгүні де қатпайтын жылы суда балық өндірісін дамытуды көздеген. Қазірде мұнда табанның төрт түрі ұсталады. Балықтарды көбейтетін аналықтың ірілігіне таңдануға болады, оның жасы – 17-де, салмағы 20 келіден асады. Аналық балық жылы ваннада уылдырық шашады, пайда болған ұсақ балықтарды жазда арнайы тоғанда өсіреді, күзге таман әрқайсысының салмағы 30-50 грамға жетеді. Қысқы мезгілді Ертіс өзенінің жағасына арнайы орнатылған торлы қоймаларда өткізетін балықтар көктемде өз еркіне жіберіледі. Біраз бөлігін кәсіпорын азық-түлік ретінде қолданады. Өсірілген балықтар тауар ретінде саудаға шығарылмайды. Табан балықтар пайда табу үшін өсірілмейді, бұл жерде кәсіпорын экологиялық мақсатты көздейді. Мамандар станцияға пайдаланылған суда тіршілік иелерінің өніп-өсіп жатқаны өндірістің қоршаған ортаға қауіпсіз екендігін білдіреді, дейді.
Айта кетерлігі, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясында» арнайы экологиялық бағдарлама әзірленген. Оның аясында көптеген табиғат қорғау шараларын іске асыру жоспарланған. Осы мақсатта биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 668 млн. теңге қаржы жұмсалды. Соңғы он жылда кәсіпорынның қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтар мөлшері 61 пайызға азайған. Электр өндірісіне пайдаланылатын өзен суының құрамы да барлық талапқа сай келеді. Мамандар оның бәрін бақылауда ұстап отыр.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

