«ШЫҒЫСТЫҢ» ШИРЕК ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫ ЛАЙЫҚТЫ АТАЛЫП ӨТТІ

      Кәсіби мереке - Шахтер күні қарсаңында Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайында «Шығыс» кенішінің іске қосылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты шара болып өтті. Еліміздегі көмір өндіруші ірі кәсіпорындардың бірінен саналатын аталмыш кеніштің мерейлі тойына арналған салтанатты шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтай барды. Мерекелік кешке компания басшылығы, қызметкерлері мен ардагерлер қауымы қатысты.
     Осыдан жиырма бес жыл бұрын, яғни 1985 жылы Павлодар облысында көмір өндірудің әлемде теңдесі жоқ ерекше әдіс қолданылатын «Шығыс» кеніші іске қосылды. Бүгінде «ENRC»-дің құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның бөлімшесі саналатын аталмыш кеніштің тарихынан хабардар жұртшылық кәсіпорынның қысқа уақыт ішінде биік белестерді бағындыруын қажырлы еңбектің жемісіне балайды.
      Облыс әкімі Б.Сағынтаев жиылған қауымды кәсіпорынның ширек ғасырлық тойымен құттықтай отырып, кеншілерге ізгі тілегін білдірді. «Бүгін - айтулы мереке. Бір қарағанда, 25 жыл үлкен кәсіпорын үшін аса ұзақ уақыт емес. Бірақ осы кезең аралығында көптеген игі іс атқарылды. Үлкен жетістіктерге қол жеткізіліп, талай белестер бағындырылды. Кеніш басшылығы кездескен талай қиындықтарды да жеңе білді. Мәселен, өткен жылғы қаржы дағдарысында өндірістік көрсеткіштер біршама төмендеді. Соған қарамастан, республика бойынша тоқсан миллионнан аса тонна көмір өндірілсе, оның басым бөлігі біздің облысымыздың еншісіне тиесілі. Бұл - кеншілер қауымының қажырлы еңбегінің арқасында болған нәтиже. Сондықтан да біз қашан да кеншілерімізді құрмет тұтып, айрықша мақтан етеміз», - деді Бақытжан Әбдірұлы. Сондай-ақ аймақ басшысы шара барысында көп жылғы адал еңбегі, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан жеке қомақты үлесі үшін «Шығыс» кенішінің бірқатар қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында Сағындық Бақтыбаев, Қабдұлманат Омаров, Бектас Сманқұлов сынды еңбек майталмандары бар.
      Кәсіпорынның алғаш қадам басқан шағын көзбен көрген, алға басуына тікелей араласқан ардагер кеншілер артта қалған жылдарды үлкен толғаныспен еске алады. «Мен Екібастұз қаласының көптеген кәсіпорындарында жұмыс істедім. Бірақ «Шығыс» кеніші мен үшін ерекше ыстық. Алғаш бас инженер болып қызметке келгенімде бұл жер жазық дала ғана болатын. Ал қазір жылдық көмір өндіру қуаты 22 миллион тоннаны құрайтын алпауыт кәсіпорынға айналып отыр», - дейді ардагер кенші Амандос Өтегенов.
Кеншілердің еңбегі ерекше ықыласқа лайық екендігін атап өткен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның президенті Абдуазим Рустамбаев өз кәсібіне шынайы берілгендігі, еліміздің энергетика саласына қосқан үлесі үшін «Шығыс» кәсіпорны ұжымына алғысын білдірді. Корпорация атынан бірқатар ардагерлерге «Еңбек ардагері» құрмет белгісін табыс етті.
      Кеншілерге арналған құрмет, қошемет мұнымен шектеліп қалған жоқ. Еңбеккерлердің бірқатары «ENRC» компаниясының «Ерен еңбегі үшін» құрмет белгісіне және алғыс хатына ие болды. Ал «ЕЭК» АҚ-ның президенті А.Рустамбаевқа «ҚР көмір өндірісінің құрметті қызметкері» атағы берілді.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Кеншілерді құттықтауға елімізге белгілі «Ұлытау» тобы келді.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Екібастұз қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30