Бейсенбі күні Павлодар қаласында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-конкурсы мәресіне жетті. Үш күн бойы жүрген байқауда өздерін нарықта «мықтымын» деп есептейтін тауар өндіруші кәсіпорындар бақтарын сынады. Үздік деп танылған компаниялар үстіміздегі жылдың қараша айында Астанада Елбасының қатысуымен өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды. Аймақтық кезеңнің жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Д. Бақберген, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Нұркина, «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы бөлімшесінің директоры П.Вырвинский және тағы да басқа мекемелердің өкілдері қатысты.
«Қазақстанның үздік тауары» конкурсы бірінші жыл өткізіліп тұрған жоқ. Сондықтан оның мақсаты сапасы жағынан нарықта бәсекеге неғұрлым қабілетті өндірушілерді анықтау екенін көпшілік біледі. Сарапшылар тұтынушылардың көңілінен шығатындай өнімдерді ұсынатын кәсіпорындар жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтады. Мәселен, биыл аймақтық байқауға қатысуға өнеркәсіп, құрылыс, жиһаз жасау, металл өңдеу, азық-түлік өндірісі салаларында жұмыс істейтін 34 фирма өтініш білдірген. «Қатысушылардың көбейгені сапа байқауының қызу әрі жоғары дәрежеде өтуіне себеп болды», деді салтанатты шарада сөйлеген ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Д.Бақберген.
Көрмеге облысымызға танымал «Сүт», «Роса», «Молком-Павлодар», «Павлодартұз», «Қазэнергокабель», «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамдарымен қатар, киім тігумен айналысатын «Азор» фирмасы ЖШС, қағаз сүлгілер шығаратын «Kazakhstan Project» серіктестігі секілді орта және шағын кәсіпкерлік нысандары да атсалысқан.
- Бұл байқауға қатысудан ұтарымыз бар, - дейді Успенка ауданының «РЭГтайм» шаруа қожалығының өкілі Рамзия Баймолдинова, өзіміздің өнімдерімізді көрсетеміз, сонымен бірге басқалармен қарым-қатынас жасап, олардың тәжірибесін үйренеміз. Аталмыш шаруа қожалығы он сегіз жылдан бері ірімшік және шұжық өнімдерімен қатар, сиыр етін, құс етін консервілеумен айналысады. Жеке мал шаруашылығын ұстайды. Сұранысқа ие сапалы өнімдерді облыс орталығындағы дүкенде, арнайы жабдықталған автокөліктерде сатады.
Нарықта 17 жылдан бері келе жатқан «Агромир» ЖШС өзінің тұтынушыларына резинадан дайындалған техникалық бұйымдарды ұсынады. Шығарылатын тауарлар автокөліктердің басқару және отын жағы жүйелерінде пайдаланылады. Шеттен келетін өнімдерден сапасы бір мысқал да кем емес, ал бағасы екі еседей арзан.
Аймақтық кезеңнің жеңімпаздарын анықтауда жаңашыл жобалар, өндірістің экспортқа бейімділігі ескерілді. Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Д.Бақберген «Үздік өндірістік тауар» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ына, бірінші дәрежелі «Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бұйырған «Лакро» ЖШС-не және «Үздік азық-түлік тауар» аталымы бойынша жеңімпаз болып танылған «Крендель» серіктестігіне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды. Сапа байқауына атсалысқан лауреаттар да құралақан қалған жоқ, оларға марапаттар мен сыйлықтар таратылды.
Аймақтық кезеңде бағы жанған павлодарлық тауар өндірушілер республикалық байқауда да намысты қолдан бермейтініне сенеміз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

