Таяуда Ақсу қаласындағы «Азамат» сауда үйінің алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындары арзан да сапалы ауыл шаруашылығы тауарларын сатып алып, риза болды.
Бұл күні Ақсу ауылдық аймағының кәсіпкерлері ірі қара мен қой етінің бір килограмын 600 теңгеден, Қызылжар құс фабрикасы тауық жұмыртқасының ондығын 100-120 теңгеден, «Даутекова» жеке кәсіпкерлігі мен «Сергей» шаруа қожалығы көкөніс пен картоп өнімдерін 40-60 теңгеден сатты. Ақсулықтар осы екі шаруашылықтың арзан өнімдерін – пияз бен қырыққабатты және картопты сатып алу үшін кезекке тұрды. Жәрмеңкеде сүт өнімдері: сары май, құрт-ірімшік, күнбағыс майы және басқа да күнделікті тұтынатын ауыл шаруашылығы тауарлары төмендетілген бағамен сатылды.
«Ән – көңілдің ажары» демекші, жәрмеңкеде Ақсу өңірінің көркемөнерпаздар ұжымдары ән шырқап, би билеп, жұрттың көңілін көтерді.
Ерсін ЖҰМАДІЛОВ.

