өнімдерді оңтайлы бағамен сатады
Өткен жұмада Павлодар қаласында академик Бектұров көшесі, 20-үйден «Шапағат-2» әлеуметтік дүкені ашылды. Аптасына алты күн үзіліссіз жұмыс істейтін дүкен сөрелерінде сатылатын азық-түлік өнімдері тікелей өндірушілерден әкелінеді. Ал жергілікті жерде өндірілмейтін, күнделікті тұрмысқа пайдаланылатын тауарларды көтерме сауда жүйесімен жеткізушілер төмен бағамен ұсынады. Осылайша Павлодар қаласында оныншы әлеуметтік дүкен есігін ашты. Облыс әкімінің осыдан екі жыл бұрын берген тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асуда. Жергілікті халыққа екі ортадағы делдалсыз, тура жеткізілген өнімдерді қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндігі берілуде. Соңғы кездері ай сайын бір әлеуметтік дүкен ашып отырған қала әкімдігі осындай әдіс арқылы бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қоюға мықтап кіріскен түрі бар.
«Шапағат-2» әлеуметтік дүкенінің салтанатты тұсаукесер рәсіміне Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Серік Байсейітов пен қалалық мәслихат депутаты Сергей Гуляев қастысты.
- Бұл ауданда мұндай дүкен жоқ. Халықтың өзі өтініш білдірген соң өнімдерді арзан бағамен ұсынатын әлеуметтік дүкен ашуды ұйғардық. Алғашқы «Шапағат» дүкені секілді «Арай» сауда орталығы жанынан ашылғандықтан, мұны да «Шапағат-2» деп атадық. Бұл дүкенде сатылатын тауарлардың бағасы үнемі бақылауда болады, тұрғындар үшін қолайлы болады деп сенемін, - деді қала әкімінің орынбасары.
Жаңадан ашылған әлеуметтік дүкенде азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық заттардың түр-түрі бар. Құс еттері мен жұмыртқалар, көкөніс пен картоп, шұжық, балық, сүт, айран, сары май, күнбағыс майы, жарма өнімдері – осы жерден қалағаныңыздың бәрін табасыз. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы С.Базарбаевтың айтуынша, олардың бағалары басқа сауда орындарымен салыстырғанда 15 пайызға төмен. Себебі дүкен басшылығы сауда жасау үшін жеңілдіктер беріп отыр. Кәсіпкерлерге сөрелер тегін беріледі, олар сатушылардың еңбекақысы мен коммуналдық төлемдер үшін ғана есеп айырысады. Бұл өндірушілердің өнімді босату бағасын төмендетуіне де септігін тигізіп отыр. Мәселен, «Хлебный двор» серіктестігі бір бөлке нанды басқаларға 45 теңгеден, ал мұндағыларға 40 теңгеден босатады. Дәл осы жерде өндірушінің табысы кемиді, есесіне ол басқа нан-тоқаш өнімдерін сату арқылы пайда табады. Келушілердің көптігі бұған әсер етеді.
Айтпақшы, соңғы айда қалада ұнның бағасы көтерілгені байқалады. Кәсіпкерлік бөлімі бастығының сөзіне қарағанда, таяуда жергілікті «Аслан» және «Ұлан» наубайханаларына бидай меморандумда көресітлген баға бойынша жеткізіледі. Оның арты ұн бағасының тұрақталуына ықпал етеді деп сендірді С.Базарбаев.
Жергілікті билік өкілдері баға саясатын оңтайландыру мақсатында әлеуметтік дүкендер ашуды жалғастыратындықтарын мәлімдеп отыр. Арзан бағалы тауарларды сатып алу мүмкіндігі қаланың шағын аудандарының тұрғындарына да беріледі. Көп кешікпей олар да әлеуметтік дүкендерге ие болмақ. «Шапағат-2» дүкені қалада ашылған оныншы әлеуметтік дүкен болып есептеледі.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

