Өткен жұма күні Павлодар қаласында аймақтық бизнес-форум болып өтті. Онда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құрамына енетін даму институттары жергілікті кәсіпкерлерге өздерінің көрсететін қызметтері туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жыл біздің еліміз үшін ерекше – бұл үдемелі индустриалдық бағдарламаны іске асырудың бірінші жылы. Нақ осы бірінші жылда біз іс жүзінде елдің барлық өңірлерін индустриалдық дамытуда қуатты қор жасаймыз» деп атап өткен еді. Облысымызға арнайы ат басын бұрған даму институттары өкілдерінің көздеген мақсаты да осы тапсырманың үдесінен шығу болатын.
Оқырман үшін айта кетелік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына бірнеше даму институты кіреді. Соның бірі - «Қазақстанның даму банкі» АҚ бұған дейін облысымызда «Литмашкомплект» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ының инвестициялық жобаларын қаржыландыруға қатысты. Бүгінде осы банктің қолдауымен хлор-сілті өнімдері мен вагон жасау өндірістерін құру бойынша жұмыстар атқарылуда, сондай-ақ даму институтының қарауына тағы да төрт жоба жіберілді.
Форум барысында кәсіпкерлер «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры АҚ, «Капитал Менеджмент» АҚ, «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС-нің көрсететін қызмет түрлерінен хабардар болды.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қаржы және даму институттарын басқару жөніндегі директоры Б.Саркеев үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламаны орындауда биылғы жылдың ерекше екенін атап өтті. Себебі биыл оны іске асырудың тетіктері айқындалды. Оның пікірінше, Павлодар облысында Индустрияландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы табысты түрде жүзеге асуда. Бұл ретте облыс әкімдігі даму институттарының өкілдіктерімен бірлесе жұмыс істеуде. Алдағы уақытта жемісті нәтиже шығару үшін барлық даму институттары өкілдіктерін бір жерден - «Даму» қорының филиалынан ашу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл Астанаға шапқылаумен жүретін кәсіпкерлердің жұмыстарын біршама жеңілдетеді. Басшының айтуынша, бірегей бағдарламаны іске асыруға мол мүмкіндік беріледі.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

