Базар – халықтың көп жүретін орны. Ондай жерлерде тазалық қатаң сақталу керек. Жалпы, базарларға бақылауды күшейту қажет. Өйткені халық күнделікті азық-түлік түрін осы жерден алады. Базардың санитарлық тазалығы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бүгінгі таңда қаладағы «Ауыл» базарының хал-жағдайы қалай екен, бағасы халықты қанағаттандыруда ма? – деген сауалдармен біз «Ақсу-Коммунсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ермек Айтымұлы Серекбаевқа жолығып, анық-қанығын білген едік.
Базарлардың санитарлық талапқа сай болуы, оның қызмет көрсету сапасының сұранысқа төтеп беруі - бүгінгі күннің басты міндеті. Біздің «Ауыл» базарында осы жайттар қатаң сақталған. Халыққа сату үшін келіп түсіп жатқан азық-түлік түрлері қатаң бақылаудан өтеді. Ақсу қаласының ветеринария бөлімінің инспекторы Үндемес Ахметова мен «Ауыл» базарының ветеринария зертханашысы Клара Нүрекешова базарға келіп түскен қара мал, жылқы, шошқа еттерінің ветеринарлық сертификатын ауылдардағы селолық округтардың, сою алаңында сойылған малдың анықтамасы барын тексеріп сатуға босатады.
Базарды аралап қарадық. Евгеньевка ауылындағы «Семья» шаруа қожалығы картоптың килосын 40-55 теңгеден, Үштеректен «Шабала» шаруа қожалығы шошқа етінің бір килосын 600 теңгеден сатып жатыр. Евгеньевка ауылындағы «Сергей» шаруа қожалығы қысы-жазы қайнатылған сүтті халыққа ұсынып келеді. Үштерек ауылынан Болат Ордабаев деген азамат өзінің маңдай терімен тапқан өнімін төмен бағамен халыққа сатуда. Атап айтар болсақ, жылқы етінің килосы 750 теңге, қара мал еті 600 теңге, қой еті 500-550 теңге, қаймақ 500-550 теңге, ірімшік 300-350 теңге. Черемушка тұрғыны Тамара Алиева күнде өзінің қолымен жасаған сүзбе ірімшігінің бір килосын 600 теңгеден халыққа ұсынуда. Ақсу қаласындағы «Арлан» сүт зауыты бір литр сүтті 75 теңгеден сатуда. Май ауданының «Ақтай» шаруа қожалығының иесі Қанат Ақтаев ақсулықтарға төмен бағамен ет босатады. Қара мал етінің бір килосы 600-650 теңгеден берсе, қой етінің бір килосын 500-550 теңгеден ұсынуда. Әрбір сенбі сайын көрші Май ауданының жеке шаруа қожалықтары бір қара мал еті мен екі қой әкеліп, ақсулықтарға төмен бағамен сатады. Сонымен қатар «Ауыл» базарының даласында үш жерде көкөністер, жеміс-жидектер сатылуда. Әрбір орынға 150 теңгеден жал ақысын төлеп өзіне үш сатушы ұстап отырған Гүлғайша Ғазизова көкөністерді Павлодардан әкеледі екен.
Шамшат ЖҮНІСҚАЛИ,
Ақсу қаласы.

