Жақында «Павлодарэнерго» АҚ-ына қарасты жергілікті үш коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын – «Екібастұз жылу-электр орталығы», «Жылу желілері» және «Энергоцентр» АҚ-ның қызмет көрсету бойынша тарифтерді көтеру жөнінде құзырлы мекемеге өтініш бергені белгілі болды.
Екібастұз қаласында өткен қоғамдық тыңдау шарасына ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы Қайырғали Төлендинов қатысты. Оның айтуынша, өтініш беруші «Екібастұз жылу орталығы» ЖШС-і тарифті 63 пайызға, «Жылу желілері» ЖШС-і – 87 пайызға, «Энергоцентр» 12 пайызға өсіруді сұраған. Үш кәсіпорын басшылары тариф көтеруге деген мұқтаждықтарын жеке-жеке егжей-тегжейлі баяндап берді. Мәселен, Екібастұз жылу орталығының басшысы Виктор Вебердің түсіндіруінше, кәсіпорын өнімін қымбаттатуға көмір мен мазут, электр энергиясы бағасының өсуі басты себеп болды.
- Біз тұтынатын көмір 11 пайызға, мазут 207 пайызға (екі еседен артық) қымбаттады. Ал электр энергиясының тарифі былтыр үш рет ұлғайтылғанын білесіздер. Бұдан басқа да кәсіпорын қажетіне жарайтын материалдардың бәрінің құны өсті. 2009 жылдың қорытындысы бойынша, «Павлодарэнерго» компаниясына кәсіпорнымыз 200 млн. теңгеден аса шығын әкелді. 2010 жылдың қорытындысы бойынша да шығын көлемі аз емес. Кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын өсірудің де реті келмейді,-деп Виктор Вебер өз дәйектерін ортаға салды. Жылу орталығымен бір тізбекте жұмыс істейтін өзге екі компанияның басшылары да тарифті өсіруге негіз болған өзіндік себептерін сөз етті.
Тарифтердің өсуі тұрғындарды қуанта қоймайтыны анық. Екібастұз қаласында тұратын зейнеткер Шамғон Мусин «Коммуналдық кәсіпорындар жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын өз құрылтайшыларының есебінен жасауы тиіс» деген пікірін білдірсе, тағы бір еңбек ардагері Александр Саматаев: «Өзге қуат көздеріне қарағанда, жылу тарифінің төмен екенін мойындағанымыз жөн болар. Электр энергиясы да жылына бірнеше рет қымбаттаса да, ешкім оған қарсылық білдіре алмайды» деп түсіністік танытты.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің бастығы Қ.Төлендиновтің жеткізуінше, Екібастұздық коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар тарифтерді 2010 жылдың 1 наурызынан бастап көтеруді сұрап отыр. Әзірге тарифтердің нақты қанша пайызға өсірілетіні беймәлім. Мұны құзырлы мекеме ақпан айында анықтайтын болады.
А.МЕЙРАМОВА.

