Барыс жылы павлодарлық кәсіпорындар үшін берекелі жыл болды. Басқалармен салыстырғанда, тау-кен және өңдеу салаларының (12-14 пайызға) өрге басқаны байқалды. Бұл нені білдіреді? 2009 жыл өнеркәсіп саласын дағдарыстан кейін тұрақтылыққа қол жеткізсе, былтырғы жыл өсімге жетеледі. Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, бұл жерде үдемелі инудстриялы-инновациялық даму бағдарлама-сының ықпалы бар. 2010 жылы 30 жаңа жоба жүзеге асырылса, оның 13-і тың өндірістер болды. Биыл 32 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 1 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады, деп сендіреді басқарма бастығы Қ.Шәбенов.
Соңғы жылдары Президенттің бастамасымен қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру бойынша жүйелі істер жүргізілуде. Оның да жергілікті кәсіпорындарға оң әсері тиіп отыр. Мәселен, өткен жылы «Формат-Маш-Компани» ЖШС «Қазақстан темір жолы» АҚ-ынан алатын тапсырысын 20 пайызға арттыра алған. Сол секілді, «Қазэнергокабель» кәсіпорны «Қазақтелеком» АҚ-на қажетті өнімдердің 67 пайызын өтеуге қол жеткізген.
Баға мәселесі де басқарманың басты шаруасы болып тұр. Жаңа жыл қарсаңында Павлодарда картоп пен көкөніс бағасының қымбаттауына байланысты біраз дау-дамай туындағаны белгілі. Баға саясатына жауапты басқа да мекемелермен бірге кәсіпкерлік басқармасы да жедел шараға кірісті. «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығының негізінде қысқы мезгілде картоп пен көкөніс өнімдерін дүкендерге мөлшерлі бағамен босатылатын болды. Мамандар бүгінде аймақта ет, сүт, ұн, нан, жұмыртқа секілді азық-түлік өнімдерінің бағасы республикалық орташа көрсеткіштен төмен сақталғанын алға тартуда.
Алайда статистика мәліметі бойынша біздің облысымызда жанар-жағармай бағасы тұрақсыз болып отыр. Әсіресе, дизель отыны бойынша баға үнемі өзгереді. Бұл жағдай басқарманың алда осы мәселеге баса мән беруін талап етсе керек.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.


