Кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен кеңесте аймақта азық-түлік бағасын тежеу мәселесі талқыланды. Онда халықтың сұранысына ие көптеген өнім түрлерінің көтерме саудадағы бағасы төмендейтіні айтылды. Кәсіпкерлер мен билік өзара ынтымақтастықтың жолын тапты.
Кеңесте баға мәселесіне жауапты орган басшылары атқарылып жатқан шаруалардың нәтижесіне тоқталды. Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қ.Шәбеновтің мәлімдеуінше, наурыз айынан бастап «Павлодар-Малахит» ЖШС әрқайсысы 250 грамдық шайдың үш түрін орта есеппен 2 пайызға арзандатады. Соның нәтижесінде, мәселен, «Королевская Кения» шайының дүкендегі бағасы 403 теңгеден 394 теңгеге төмендейді. Сол сияқты «Атығай плюс» серіктестігі «Аламан» деген шай мен «Аведов» күнбағыс майына қосатын үстеме бағаны 3 пайызға азайтады. «Ирвема» ЖШС де күріш, қарақұмық, жарма өнімдерінің бағасын бұрынғыдай 10 пайызға емес, 8 пайызға үстемелейді. «Каскад» серіктестігі болса, АҚШ-тан әкелінетін тауық етінің босату бағасын 373 теңгеден 360 теңгеге түсіруге келісім білдірген. Көтерме сауда орындары бағаны төмендетуде, ендігі жерде дүкен иелері жауапкершілікті сезінулері керек.
Қ.Шәбенов өткен жылы Үкіметтің әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің тізімін бекіткенін, енді осы жылдың басында ол тауарларға шектік баға белгілеу жөнінде қолданыстағы заңға өзгерту енгізілді. Қазір Үкімет осы шараны іске асыру бойынша тетіктерді анықтайтын қаулыны қарап жатыр. Жоба бойынша облыс әкімінің ұсынысы бойынша әр аудан-қалада әртүрлі болып бекітілуі мүмкін. Басқарма басшысы қаулы қабылданған жағдайда оны іске асыруға дайындық басталып кеткенін атады. Облыс әкімі бұл істі құптады. Күтетін ештеңе жоқ, барлық жағдай мәлім.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасеновтің келтірген мәліметінше, жергілікті сүт өнімдерін сататын «Фудмастер» компаниясы 13 түрлі тауардың бағасын орташа есеппен 1,1 пайызға арзандатты. Дүкендерде үстеме ақыны қосқанда қораптағы бір литр сүттің бағасы - 122 теңге. Сол секілді, «Павлодармолоко» мен «МолКом Павлодар» фирмалары өнімдердің бағасын 1 пайызға төмендетуге келісті. Тұтынушыларын ет және шұжық өнімдерін шығаратын компаниялар да қуантады. Наурыздың 1-інен бастап «РубиКом» тауарының бағасын 3,28 пайызға, «Акоба» және «Золотой теленок» серіктестіктері 3 пайызға түсірді. Ұн мәселесіне келсек, бөлшек саудаға өнім шығаратын «Аслан», «Группа Интер» серіктестіктері мен «Ұлан» фермерлік шаруашылығы жоғары сұрыпты ұнның бір келісін 78 теңгеден 76 теңгеге арзандатты. Бүгінде аудан-қала әкімдіктері өзіміздің ұнды неғұрлым көптеп пайдалануға күш салуда. Әзірше оның азық-түлік нарығындағы үлесі 40 пайызға жетеді. Жергілікті ұнның сапасы сырт аймақтардан келетін өнімнен жоғары, бағасы да төмен, деп мәлімдеді Б.Қасенов. Қазіргі кезде өзімізде тартылған жоғары сұрыпты ұнның бір келісі - 85 теңге, өзге аймақтан жеткізілетін дәл осындай ұн 44 пайызға қымбат тұрады. Тұрақтандыру қорынан астық алатын ұн тартатын кәсіпорындар наубайханаларға бірінші сұрыпты ұнның килограмын 45 теңгеден жеткізеді, одан пісірілгеннің бір бөлке нанның бағасы 42-44 теңге тұрады.
Өңірге қарақұмық жармасын әкелетін «Ирвема» ЖШС мен «Калашникова» жеке кәсіпкерлігі де бір килограмм өнімді 270 теңгеден өткізуде. Ал «Колос» серіктестігі қаланың 22 сауда нүктесіне (соның ішінде әлеуметтік дүкендерге) қарақұмықтың келісін 20 теңгеден жеткізуде.
Облыс халқын жұмыртқа өнімімен қамтамасыз етуші Шарбақты және Қызылжар құс фабрикалары да баға тұрақтандыру ісіне қатысады. Бүгінде жұмыртқаның ондығы 169 теңге тұрады. Көкөніс пен картоптың бағасын тежеу шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Мәселен, «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы картоптың килограмын 61 теңгеден босатса, оның бөлшек саудадағы бағасы 67 теңгені құрайды. Қаладағы «Рахмет» базарына өндірушілер картопты 75 теңгеден жеткізіп, кейін оның дүкендерге жеткендегі бағасы 91 теңге болады. Б.Қасенов баяндамасында бағаны ауыздықтауда апта сайын өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің де елеулі көмек тигізіп отырғанын атап өтті.
Көкөніс бағасын тұрақтандыруға ықпал ету үшін құрылған «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығының директоры С.Тилинин қоймада картоп, сәбіз, қырыққабат өнімімен қатар 100 мың литр күнбағыс майының да сақталып тұрғанын жеткізді. Сұраныс күшейген тұста, майды бөлшек саудаға өткізеді. Орталық оңтүстік өңірлерден және Қытай жерінен қияр мен қызанақ өнімдерін жеткізу бойынша қатынас орнатқан. Ендігі жерде тоңазытқышы бар көлік алу жоспарланған. Б.Сағынтаев тоңазытқыш орнатылған бір емес, екі көлік сатып алу қажеттігін тапсырды. «Бұл - көкөністі жеткізуге қолайлы. Әйтпесе, біз қажет өнімді «кім және қандай сапада, қандай бағамен әкеп береді екен?» деп қарап отыра алмаймыз», - деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін Бақытжан Әбдірұлы бағаларды төмендетуде түсіністік танытқан компания өкілдерімен тілдесті. «Аслан» ЖШС директор А.Зенеддин тұрақтандыру қорынан бидай алатынын, одан тартылған ұн келісімді бағамен наубайханаларға жеткізілетінін айтты. «Павлодармолоко» АҚ директоры И.Кох ақпан айында сүт жинау мәселесі қиын болғанына қарамастан, зауыттың сүт бағасын бір пайызға арзандатқанын растады. Наурыз айында сауылатын сиыр саны көбейеді, тиісінше сүт қабылдау ісі жақсару керек.
«Ирвема» ЖШС директоры П.Строев қанттың бағасы сатып алу көлеміне байланысты екенін атады. Екі тонна сатып алса, оған үстеме 1-2 пайыз ғана қосылады. Аз алса, үстемесі көп. Одан кейін сөз берілген Орталық базардың директоры В.Солод пен «Затон» базарының әкімшісі Л.Моисеева, бұған дейін қала әкімінің орынбасары О.Крук айтқандай, әрқайсысында он шақты тегін сауда сөресі ұсынылып отырғанын растады. Меморандумда көрсетілгендей, онда ет сататын саудагерлерден тоңазытқыш және таразы қызметтері үшін ақы алынбайды. Аймақ басшысы бұл жеңілдіктің ет бағасын төмендете түсуге негіз екенін атап өтті. Қазірде арнайы келісімнің арқасында жеңілдік ұсынылатын сөрелерде еттің келісі 836 теңгеден сатылуда.
«Рубиком» супермаркеттер желісінің директоры Е.Шмидт өндіріс орны 16 түрлі ет және шұжық өніміне бағаны 3,3 пайызға арзандатқанын және әлеуметтік негізде сатылатын өнімдердің бағалары супермаркетте қызыл қағазға жазылып қойылғанын айтты. Бұл келушілердің назарын аударады. «Дәл осындай ерекше баға қағаздары осы аптаның соңына дейін біздің де сауда орындарымызда болады» деп сендірді одан кейін «Аманат» супермаркет әкімшісі Қ.Жангозина.
Аймақ басшысы баға мәселесінде түсіністік танытқан жеке меншік иелеріне алғысын жеткізді. Бұл - басқаларына да өнеге болатын жағдай. Билік пен бизнестің тиімді қарым-қатынасы. Біз бірге шығынды есептей келе, әлеуметтік маңызға ие 20 азық-түлік өнімінің бағаларын төмендетуге мүмкіндік бар екенін көрдік, деді Бақытжан Әбдірұлы.
- Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керек. Қазір ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысушылардың саны көбейіп келеді. Бұрын Павлодар қаласын ауыл өнімдерімен үш аудан ғана алмасып отырып қамтамасыз етіп келсе, осы аптадан бастап барлық 10 аудан қатысады. Бұл - сатылатын өнімдердің көлемі екі-үш есеге өсіп, бағасы да соған сәйкес төмен болады деген сөз. Баға мәселесін реттеуде жинақталған тәжірибені одан әрі пайдалана беруіміз қажет, деді облыс әкімі. Сөз соңында Бақытжан Сағынтаев 8-наурыз мерекесі және Наурыз мейрамы қарсаңында кейбір кәсіпкерлердің бағаларды көтеретін жөнсіз әрекеттеріне қатаң қадағалау жасауды құқық қорғау органдары мен монополияға қарсы мекеме басшыларына тапсырды.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

