АРЗАН ӨНІМ МОЛЫНАН ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Екібастұздағы баға мәселесі - билік назарында

Арзан өнімнің бір ұшы қала базарларында жатыр. Бүгінде Екібастұз қаласында сенбі сайын ұйымдастырылып тұратын ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесімен қатар базарларда ауыл өнімін төмен бағада тұрақты саудалаушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Қала басшылығының есебінде тұрған муниципалды базар қазірде ауылдық аймақтардан келетіндерге сауда орындарын елу пайыз жеңілдікпен жалға беріп келеді. Ондағы жабық ғимарат ішіндегі орындар үшін жергілікті саудагерлер алты жүз теңгеден төлесе, ауылдық ағайындар соның жарты бағасын өтейді. Бұл өз кезегінде шаһарда ет, сүт өнімдерін көбейтіп қана қоймай, шаруалардың өз тауарларын делдалсыз тікелей саудалауына жол ашып отыр.
Базар директоры Нұрсұлтан Масғұтовтың айтуынша, осында сенбі сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесінде ине шаншар жер болмайды. Құрт, май, ірімшік, жент секілді сирек кездесетін ұлттық тағамдарды онда мол түрде сатып алуға болады.
Тұрғындар күнделікті пайдаланатын ет, сүт, нан бағасының өсуін тоқтату үшін қала билігі қолдан келгенше шара қолданып жатқаны байқалады.
Базар басшылығы «Мереке» наубайханасымен келісімге отырып, қазіргі күні жеткізуші тарап базар сөрелерінде бірінші сортты нанның бөлкесін 45, екінші сорттысын 40 теңгеден саудалауда. «Еркен» шаруа қожалығы негізінде жақында ашылған ұн шығаратын цех жоғары сортты  ұнның келісін 80, бірінші сорттысын 70 теңгеден босатады. Ал «ЭМПК» серіктестігінде шығарылған шұжық өнімдерінің келісі 600-1100 теңге аралығында сатылуда, ол әдеттегі дүкендерден қарағанда 15 пайызға арзан. Сиыр етінің келісі 820 теңге, қой еті 750 теңге тұрады. Жұмыртқаның ондығы сұрыбына қарай 155-тен 170 теңгеге дейін сатылады. Базар басшысы сүттің литрі 90 теңгеден сатылады дегенді айтты, өкінішке қарай, сүт саудалап тұрған ауылдықтарды көре алмадық. Негізінен аталмыш өнімді қалаға қарасты Бәйет, Сарықамыс, Құдайкөл ауылының тұрғындары жеткізетін көрінеді.
Жалға алынған сауда орындарына жіті бақылау жасалатыны аңғарылады. «Қалалық тұрғындардың сұранысын толық қамтамасыз етуге тырысамыз. Бізге үнемі қолдау көрсетіп тұратыны үшін қала басшылығына алғыс айтқым келеді. Ауылдан келіп, өз өнімін тұрақты саудалаушылар мен базар басшылығы арасында өнімді белгіленген бағадан қымбаттатпау жөнінде келісім жасалған. Кейбір сатушылар тұтынушыларға өнімді жоғары бағаға босатып жіберетін жайттар да кездеспей қалмайды. Ондай кемшілікке жол бергендерден бірден орнын босатуды талап етеміз», дейді базар директоры.
Десек те, мұндағы көкөніс бағасы облыс орталығындағы базарлармен салыстырғанда қымбатырақ. Картоп, қызылша, қырыққабат, сәбіз, пияздың әрбір келісі 100 теңгеден сатылуда. Бір қызығы, облыс орталығында құрылған «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы екібастұздықтарға аталмыш көкөніс өнімдерінің әрбір келісін көтерме бағамен 90 теңгеден босатуда. Дайындау орталығынан Павлодар қаласы дүкендеріне түсетін картоптың бөлшек саудадағы әрбір келісі 83-89 теңгеден сатылатынын ескерсек, көмірлі қала үшін өнімдердің неліктен қымбатқа босатылатынын түсіне алмадық.
Қалада көкөніс қоймасы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ одан әкелініп жатқан көкөністің құны да арзан емес. Облыс орталығынан жеткізілетін өнімнен небары 5-10 теңгеге төмен. Дегенмен, муниципалды базар бағасы жергілікті сауда орындарынан 10-15 пайызға арзан екеніне көз жеткіздік. Онда қырыққабаттың келісі 190 теңгеге жетіп тұрса, картоп 130-160 теңгеге саудаланып жатқанын көрдік.
Н.Масғұтов келешекте табысы төмен отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған жандарға арналған базарды кеңейту жоспарда барын жеткізді. Осыған орай, мұндағы өнім түрлерін көбейтіп, ауылдық округтерден әлеуетті жеткізушілер тобын құру да көзделуде.

 


Мұрат АЯҒАНОВ, Екібастұз қаласы.
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30