Сенбі күні облыс орталығындағы «Квазар» сауда үйінің жанында ауыл шаруашылығы тауарларының кезекті жәрмеңкесі өтті. Онда Павлодар ауданының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды. Халық көп жиналған сауда-саттық шарасына облыс әкімінің орынбасары Манап Көбенов қатысты. Қазақстан халқы бірлігі күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде аталған ауданның өнерпаздары концерт қойды.
Бұған дейінгі жәрмеңкелерге облысымыздың барлық аудандары қатысатын. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жақында аудандарға апта сайынғы жәрмеңкені кезектесіп ұйымдастыруды тапсырған болатын. Бастаманың алғашқы қадамын Павлодар ауданы бастады. «Саудаауданның он алты округінен ұсынылған өнімдер қойылды. Тірідей қойлар мен торайлар да сатылуда. Сегіз жарым тоннадай сүт әкелінді. Сегіз қара малдың, қойдың, шошқаның еттері сатылып отыр. Май, ірімшік, балық, жұмыртқа, тағы да басқа қажетті азық-түліктер тұрғындарға арзан бағамен ұсынылуда»,- деді Павлодар ауданының әкімі Төлеген Бәстенов.
Бүгінгі таңда аталған өңірде үш мыңнан аса шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бұл облыстағы шаруашылық құрылымдарының 34 пайызын құрап отыр. Аудан жұмыспен қамту бойынша облыста бірінші орында болса, республикада екінші тұғырда. Аудан бойынша әлеуметтік көмек алатын он алты отбасы ғана бар. Төлеген Бәстеновтің сөзінше, әлеуметтік көмек алатындардың санын одан әрі азайту шаралары қолға алынған.
- Павлодар ауданы былтырғы жылы 52 тонна картоп, 48 тонна көкөніс өндірді. Облыс әкімі барлық аудандарға көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма салуды тапсырған болатын. Осынау игі іс шешімін тапса, өнім өндіру көрсеткіштерін арттыратын боламыз. Биыл сумен қамтуға қатысты өткір мәселе болмауы тиіс. Себебі, бұл бағытта көптеген шаралар атқарылды,- деді Төлеген Бәстенов.
Жәрмеңкеде бір литр сүт 65 теңгеге сатылды. Бұл сатып алушылар үшін өте тиімді екенін алға тартты аудан басшысы. Жәрмеңкеде барлық өнімдер 20 пайызға дейінгі төмен бағамен сатылды.
Жәрмеңкеден күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін арзан бағамен сатып алғандардың бірі - Ақжан Нығманова. «Барлық өнімдер қолжетімді бағамен ұсынылды. Жалпы, Павлодар ауданының өнімдері - әрдайым сапалы әрі өтімді. Ендігі аптада ұйымдастырылатын жәрмеңкеге де міндетті түрде келемін»,- дейді ол. Келесі жәрмеңке Шарбақты ауданының кәсіпкерлеріне тиесілі.
Е.ҚЫЗДАРБЕК.

