Өткен аптаның жұма күні ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов Павлодар облысында іссапармен болып қайтты. Лауазымды тұлға «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның өткен жылы атқарған инвестициялық міндеттемелері баяндалған кеңеске қатысып, түстен кейін Ақсу қаласы әкімдігінде тұрғын үй қорын модернизациялауға және энергия үнемдеуге негізделген тарифтік саясат мәселелерін түсіндіру шарасын өткізді.
«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ құрамына Ақсу электр станциясы, Екібастұздағы «Шығыс» көмір кеніші және облыс орталығында орналасқан өндірістік-жөндеу бөлімшесі кіреді. Корпорация президенті А.Рустамбаевтың сөзіне қарағанда, үш жыл бұрын Үкіметтің электр өндіруші кәсіпорындарға жыл сайын шектік мөлшерде тарифті көтеру құқығын бергені өз тиімділігін байқатты. Осыған дейін еліміздің қайбір өндіруші станциясын алсаңыз да, өндірістік құрал-жабдықтар әбден тозуға айналғаны туралы шағымдар жиі айтылатын. Ендігі жерде аталмыш тарифтің енгізілуі жаңғырту жұмыстарын батыл түрде жүргізуге мүмкіндік берді.
Қазір «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ инвестициялық бағдарлама аясында №2 энергоблокты қайта іске қосуға дайындық жүргізуде. Оның қолданысқа енгізілуі электр өндірісінің көлемін 325 мегаватқа арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, аталмыш энергоблок ТМД елдерінің ежелден аты шыққан ірі зауыттары дайындаған озық технологияларды алғаш сынақтан өткізеді. Тек бұл ғана емес, Ақсу электр станциясы №6 энергоблокты да жаңартуға кіріскен. Жобаның жалпы құны 265 млн. АҚШ долларын құрайды.
- Энергетика саласының ерекшелігі сол, оған инвестицияны мол көлемде әрі ұзақ мерзімге салу керек. Жүйелі түрде жүргізілгеннің өзінде, бір энергоблоктың құрылысы мерзімі 4,5-5 жылға жалғасады. Егер бір жыл кешеуілдеп қалсаңыз, оның салдары айтарлықтай қиын болады. дейді корпорация басшысы.
Сол себепті ол станцияларға жыл сайын тарифті шектік мөлшерде көтеру құқының берілгеніне ризашылығын білдірді. Былтыр Ақсу электр станциясы 1 квт/сағ. электр қуатын 4,68 теңгеден босатса, биыл оның мөлшері 5,6 теңгені құрады. Айта кетерлігі, жыл сайын өндіріс қуатын өсіріп отырған станцияның қызметін негізінен «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Қазақстан алюминийі» «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ тәрізді ENRC – Еуразия табиғи қорлар корпорациясы құрамына кіретін кәсіпорындар пайдаланады. Ал коммуналдық шаруашылық мақсатқа станцияның өндірген қуатының 10-12 пайызы ғана қолданылады.
Есептік баяндамадан кейін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов Үкіметтің шектік мөлшерлі тарифті енгізу тәжірибесіне Санкт-Петербургте өткен басқосуда шетелдіктердің қызығушылық білдіргенін атап өтті. Бұл Президент тапсырған еліміздегі қуат өндіруші кәсіпорындарды модернизациялаудың табылған бір тың жолы. Шектік тариф саясатын 2015 жылға дейін жүргізу көзделді. Алайда, бағдарлама одан әрі жүзеге асырылмайды деген ешкім жоқ. Алғашында модернизация мәселесіне мән берген Үкімет, сонымен қатар, алдағы уақытта елде ірі электр станцияларын салуға да назар аударатын болады. Бұл ретте арнайы дайындалған заң жобасы Парламентке жыл аяғына дейін ұсынылып та қалуы мүмкін.
Қазірде қуат тапшылығын сезінетін оңтүстік өңірлерге Екібастұздағы екі ГРЭС-тің қызметтерін жеткізу мәселесі шешілуде. Осыдан біраз бұрын іске қосылған «Солтүстік-Оңтүстік» электр желісі арзан қуатпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.
Ақсу электр станциясын жаңғырту мәселелерімен таныс болғаннан кейін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергенов Ақсу қаласының әкімі О.Қайыргелдиновпен бірге елдегі тарифтік саясатты түсіндіруді мақсат еткен кеңеске қатысты. Мұнда жергілікті жылумен және сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың атқарған жұмыстары баяндалды. Агенттік басшысының атап өткеніндей, Ақсу қаласы пәтерлерінің 81 пайызында жеке су есептеуіш құралдары орнатылған. Яғни, қарапайым халық суды неғұрлым үнемдеп тұтынсаң, соғұрлым аз төлемақы төлейтінін түсінді. Электр энергиясын пайдалануда сараланған (дифференциалды) әдістің енгзігілуі де өз нәтижесін көрсете бастады. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет, деді ол. Кездесуде Нұрлан Шәдібекұлы жұртшылық тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Ақсу қаласы.

