Аймақ жұртшылығы негізгі тұтыну тауарлары бойынша тапшылық көрмеуі тиіс. Ең бастысы, оларға деген баға жылдың қай мезгілінде болмасын тұрақты түрде сақталуы қажет. Осы мақсатта облысымызда бірқатар азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша тұрақтандыру қорлары құрылмақ. Бұл мәселе облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте сөз болды.
Жыл сайын күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – баға саясаты. Атқарушы биліктің аталмыш мәселені қашанда бақылауда ұстап тұруға тырысқанымен жағдайдың ойымыздағыдай бола бермейтіндігі шындық. Өзгеден гөрі өз қамын күйттеген алыпсатарлардың «арқасында» күнделікті тұтыну тауарларына деген баға кейде тіптен шарықтап кетеді. Биыл мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Аймағымызда бірқатар негізгі азық-түлік түрлері бойынша тұрақтандыру қоры құрылмақ. Бұл тұрғыдан алғанда тәжірибе де жоқ емес. Өткен жылы күз мезгілінде облысымызда картоптың белгілі бір қоры жиналып, кейін қыс бойы аталмыш тауар түріне бағаны тұрақты сақтап тұруға мүмкіндік алған едік. Бұл жолы оннан аса тауар түрлері таңдалып алынған. Олардың қатарында ет, сүт, ұн, қант, картоп, көкөністің басқа да түрлері, күнбағыс майы, жарма тұқымды өнімдер, жұмыртқа және тағы басқалары бар.
Тұрақтандыру қоры тұрғындардың жылдық сұранысының жиырма пайызы есебінен құрылмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасеновтың айтуына қарағанда, жалпы, облыс жұртшылығы аймағымызда өндірілетін негізгі тұтыну тауарлары бойынша өз деңгейінде қамтамасыз етіліп отыр. Тек кейбір жекелей тауарлар бойынша тапшылық байқалады. Мысалы, күнбағыс майы бойынша жылдық сұраныстың небары екі пайызын ғана жауып отырмыз. Шикізат бар. Мәселе оны қайта өңдеу орындарының жоқтығында.
Атап өтерлігі, азық-түлік бойынша тұрақтандыру қорын құру туралы бастама ел Үкіметі тарапынан айтылған болатын. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі аталмыш қор құрылуы тиіс жеті негізгі тұтыну тауарларының түрін белгілеген. Олар бойынша әрбір аймаққа қажетті көлемде қаражат бөлінбек. Бұл ретте, Павлодар облысына республикалық бюджеттен сегіз жүз миллион теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Аймақ басшылығының шешімімен аталмыш тізімге тағы төрт тауар түрі қосылды және жергілікті бюджеттен қосымша 678 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алдын ала жасалған келісімшарттар бойынша аймағымыздың шаруашылық қожалықтарына субсидия ретінде үлестіріліп берілді. Ал шаруалар, өз кезегінде алынған қаражатты өндірілген өнім есебінен өтемек. Осылайша, облысымызда тұрақтандыру қорын құру үшін барлығы шамамен бір жарым миллиард теңге жұмсалмақ. Облыс әкімі жоғарыда аталған шаралар нәтижесінде аймақ тұрғындарын азық-түлікпен қажетті көлемде, қолжетімді бағамен қамтамасыз ете алады. Бір қуанарлығы, аймағымызда жинақталған өнімді сақтайтын қоймалар жеткілікті. Қазіргі кезде облыста жалпы сыйымдылығы 101,4 мың тонна болатын 85 көкөніс сақтау қоймалары бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасенов тұрғындардың ет өніміне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін 150,0 миллион теңге қажет дейді. Бұл қаражат аудандардағы алдын ала белгіленген 18 шаруа қожалығына бөлінеді. Аталмыш қаражатқа барлығы 3000 бас жас төл сатып алынбақ. Оларды семіртуге қойып, кейін қажетті көлемде ет өнімін ала аламыз, дейді мамандар. Осы арқылы аталмыш өнім түріне деген сұранысты толық қамтамасыз етпек. «Шаруа қожалықтарына берілген қаражатты аудан әкімдері қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Бюджеттен бөлінген әрбір тиын мақсатсыз жұмсалмауы қажет. Сұраныс сіздерден болады. Аймақ жұртшылығын уақытылы, арзан бағалы етпен қамтамасыз ету міндеті де аудан әкімдерінің мойнына жүктеледі», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Мәжіліс барысында облысымызда мал шаруашылығын дамыту мәселесі де сөз болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында елімізде етті мал шаруашылығын дамытуды тапсырған болатын. Осы мақсатта аймағымызда 2011-2015 жылдарға арналған бағдарлама құрылды. Оның жүзеге асу барысымен таныстырған Б.Қасенов бүгінгі таңда облысымызда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 43 шаруашылық бар екендігін айтты. Оның ішінде 14 шаруашылық қазақтың ақбас тұқымды сиырларын өсіреді. Бұл ретте «МТС Жайма», «Галицкое» ЖШС және «Бақауов» шаруа қожалықтарының негізінде үш ірі репродукторлық шаруашылықтар құрылмақ. Яғни, аталмыш ауыл шаруашылығы құрылымдары асыл тұқымды мал өндіруші негізгі субъектілер ретінде болмақ. Олар аймағымыздағы басқа шаруаларды қажетті мал тұқымымен қамтамасыз етіп отырады. Онымен қоса, белгіленген уақыт аралығында 4000 мың бас асыл тұқымды мал әкелінбек.
Аталмыш бағдарламаға сәйкес, облыс аумағында 10,0 мың бас қара малға шақталған 12 мал бордақылау орындары ашылады деп күтілуде. Қазіргі кезде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 141,0 миллион теңге игерілді. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы аясында жалпы құны 94,0 миллион теңге болатын 17 жоба қаржыландырылды. Тағы төрт жоба тіркеуге берілген. Олардың құны – 10,4 миллион теңге. Бұдан басқа да қаржыландырулар жүргізілуде. Ең бастысы, шаруашылықтар бұл іске белсене кірісіп отыр.
Жиын барысында тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесі де сөз болды. Бұл ретте баса назар ауылдық аймақ тұрғындарына аударылмақ. Оларға өз кәсібін бастап, дамыту үшін шағын несие беру ісі қолға алынды. Алайда, мәжіліс барысында анықталғандай, бұл несиелердің үстеме пайыздық көрсеткіші жоғары болып отыр. Ауыл тұрғыны несиені жылына 7 пайыздық үстемемен алуға мәжбүр. «Бұл - тым жоғары көрсеткіш. Біз, ең біріншіден, несие беруші ұйымдардың емес, қарапайым халықтың қамын ойлауымыз қажет. Қаржы құрылымдары өз қамдарын өздері күйттейді. Оңай табыс табудың жолын біледі. Сондықтан, пайыздық үстемені жоғары қойып отыр. Бұған жол берілмеуі тиіс. Қаражатты мемлекет бөліп отырғаннан кейін ол ұйымдар біздің белгілеген шартымыз бойынша жұмыс істесін. Істегісі келмесе өз еріктері өздерінде. Олардың орнына басқа шағын несие беруші мекемелер табуға болады», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Бүгінгі күні шағын несие алып, өз ісін ашуға бел буған адамдардың саны бір мыңға жетіп отыр. Олар тиісті мекемелерге өз өтініштерін білдірген. Аталмыш өтініштер бойынша жалпы несие көлемі 1 миллиард 300 миллион теңгеден астам. Алайда, аталмыш тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысуды шешкен. Бұл қолына сәл қаражат түссе, мал сатып алуға жұмсайтын ауыл халқының әдеті. Сондықтан, облыс әкімі елді мекендерде халыққа қажетті басқа кәсіп түрлерін дамытуға баса назар аударуды тапсырды. Бұл ретте, аудан әкімдері сынға ілікті. «Ауыл тұрғындарының қосымша бес-он бас мал сатып алғандығынан еш нәрсе өзгермейді. Бәрібір жұмыссыз отырады. Сондықтан шаштараз, аяқ киім жөндеу, тігін цехы сияқты кәсіпкерліктің басқа түрлерін ашу қажет. Тұрғындарға дұрыс бағыт-бағдар берілуі тиіс. Аудан әкімдерінің берілген тапсырмаға салғырт қарайтындығы байқалып отыр. Халық мал сатып алғанға мәзсіздер. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді қою керек. Ауылдықтардың нақты, пайда келтіретін іспен айналысуын қадағалаңыздар», - деді аймақ басшысы.
Бұл мәселе аптаның соңында қайта қаралатын болды. Демек, аудан әкімдері үшін айтылған сыннан нәтиже шығарып, кемшіліктерді түзетуге тағы бірнеше күн бар.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

