Бейсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Павлодар қаласына келген ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновпен бірге жергілікті жылу-электр станцияларының инвестициялық жұмыстарымен танысты. Айта кетелік, осыған дейін аталмыш агенттік басшысы Екібастұз және Ақсу қалаларында өнеркәсіп орындарында атқарылып жатқан істермен танысқан болатын. Бұл жолы кеңес барысында Үкіметтің станцияларға енгізген шектік тарифтердің нәтижесі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту мәселелері кеңінен сөз болды.
Кіріспе сөзінде аймақ басшысы қолға алынып жатқан істердің маңыздылығына тоқталды:
- Үкімет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаппай модернизациялауға кірісті. Бірде-бір банк табиғи монополия субъектісін қаржыландыруға кіріспес еді. Сол себепті мемлекет инвестициялық тариф жүйесін қолдануға көшті. Осылайша станцияларға бағдарламаларын іске асыру үшін мүмкіндік жасалды. Бұрын жылу-электр станциялары тарифтерін жылына төрт мәрте өсіретін, қазір жылына бір рет көтеруге құқылы. Тарифтің есебінен өндірісті жаңалауға жағдай бар. Бірақ әлі де тұрғындар судың жеткіліксіз деңгейде жылытылатынын, жылу қуатының төмендігіне жиі шағым айтады. Шындығында, жаз мезгілінде ыстық судың болмауы қолайсыздық тудырады. Осы орайда станциялар инвестициялық тарифтерді қаншалықты тиімділікпен пайдалануда деген сауал туындайды. Бүгінгі отырыста осы мәселені талқылайтын боламыз, - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Облыс әкімінің айтып өткеніндей, алдағы уақытта қызмет көрсетуші кәсіпорындар «нормативті ысырап» деген ұғымды ұмытуға тиіс. Айта кетелік, дәл осы ысыраптың шығындарын станциялар, энергия таратушы желілік кәсіпорындар тұрғындардың төлейтін тарифтері есебінен жауып келеді. Бірақ бұл – дұрыс емес. Бұл пікірді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов те қостады. Оның айтуынша, тұрғындардың тасымал кезінде ысырапталатын қуат (нақты пайдаланылмаған) үшін төлем төлеуі - түптеп келгенде заңдастырылмаған әрекетке жатады. Сол себепті, инвестициялық жұмыс жүргізгенде, кәсіпорын ысырап мәселесін түбегейлі жоюға баса мән беруге тиіс.
Алайда, мәселе олай шешілмей тұр. Кеңесте есеп берген «Павлодар электр тарату компаниясы» АҚ президенті Ф.Бодрухиннің баяндауынша, Павлодар ауылына дейін жаңа желіні тарту нәтижесінде ысырап көлемі 36 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеген. «Неге ысырап мәселесі толық жойылмаған?» деп сұрады облыс әкімі. Баяндамашының жауабына қарағанда, электр қуатының белгілі бір мөлшері сапалы сымдардан емес, трансформатор құрылғыларынан өту кезінде ысырапталатын көрінеді.
Агенттік төрағасының баяндамасында айтылғандай, бүгінде елімізде коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға тарифтік саясат арқылы кірісуге мән беріліп отыр. Шектік тарифтер бүгінде электр станцияларының барлығына енгізілуде. Айта кетерлігі, еліміз бойынша ірі станциялар Павлодар облысында орналасқан. Сол себепті энергияның басым бөлігін біздің аймақ беріп келеді. Бұл өз кезегінде жаңғырту жұмыстарына ерекше қарауды да талап етеді.
Бақытжан Әбдірұлы модернизациялауға негізделген тариф саясатын қуана қабылдаған табиғи монополия субъектілеріне тұтынушыларға ерекше назар аударуды тапсырды. Себебі, бүгінде халық тарифтің құрамында қандай қызметтердің ақысы барынан бейхабар. Мәселен, қазіргі 1 квт/сағат электр қуаты үшін тұрғындар 8,48 теңгеден төлейді. Соның ішінде станциядан босатылатын энергияның құны қанша, оны жеткізу, тарату қызметіне қанша төленеді - бұл жағынан көзі ашық азаматтар да хабарсыз. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыс бойынша департаментінің бастығы Қ.Төлендиновтің түгендеп бергеніндей, жоғарыда көрсетілген тарифтің құрамы мынадай: Станциядан электр қуаты 5,4 теңгеден босатылады, оған 2,17 теңгені «Павлодар электр тарату компаниясы» үстемелейді, қалған бөлігін энергиямен қамтамасыз етуші кәсіпорын, «Энергоцентр» АҚ иеленеді.
- Әр отбасы өзінің төлеген ақшасының қайда жұмсалғанын білгісі келеді. Мән-жайдан хабардар тұрғындарды да толғандыратын сұрақтар бар. Сол себепті, кәсіпорындар өздерінің инвестициялық қызметтері туралы халыққа жиі-жиі шығып, түсіндіріп тұруы керек. Тек қана құрғақ ақпарат берумен шектелмей, егжей-тегжейлі жеткізген жөн. Сонда халықтың көкейіндегі сауалдар азаяды. Инвестициялық тарифтердің жұмсалуы туралы мәліметтер бәріне ашық болуға тиіс. Ал мұндай кеңестерде тек қорытындысы ғана жасалуы керек, - деді облыс әкімі.
Өз кезегінде агенттік басшысы Парламентте кәсіпорындардың инвестициялық міндеттемелерін уақытылы әрі тиімді орындау бойынша жауапкершілікті күшейтетін тиісті заңдарға өзгертулер енгізу мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді. Егер станция халықтан жиналған қаржыны мақсатқа сәйкес пайдаланбаса, оны айыппұл жазасы күтеді және берілген қаржы қайтарып алынады.
Кеңесте агенттік төрағасына электр, су және жылумен қамтуға байланысты түрлі сұрақтар қойылды. Соның бірі – есептеуіштер мәселесі. Пәтерлерде ыстық және суық су есептеуіштерді орнату көрсеткіші облыс бойынша 70 пайыздың үстіне шықты. Ендігі жерде жеке есептеуіштер құрмаған тұтынушыларды үнемдеуге итермелейтін тариф түрлері енгізіледі. Айта кетелік, 2009 жылдың аяғынан бері электр қуатын пайдалануға қатысты сараланған тариф қолданылып келеді. Бұл тәсіл бойынша белгілі мөлшерден (әр пәтер тұрғынына 110 квт/сағат) артық қолданылған электр қуаты жоғары тариф бойынша есептеледі. Нұрлан Шәдібекұлының айтуынша, бұл жаңа тәсіл қазірде үнемдеуге қатысты күтілген нәтижеге қол жеткізіп отыр. Алдағы уақытта судың да төлемін тұтыну көлеміне сәйкес есептеу жүйесі енгізу көзделеді. Қанша текше метрден артық пайдаланылса, судың қымбат тарифпен есептелетінін сіз бен бізге жергілікті органдар жақын уақытта ақылдасып, анықтап айтып береді.
Электр қуатын есептеуіштер мәселесіне қатысты сұрақтар әлі де бар. Қазір көбі қауіпсіздік мақсатында есептеуіш құралдарын пәтердің ішіне орнатып алған. Бірақ ол коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорын үшін қолайсыз. Мамандары есептеуштің мәліметін ала алмайды. Сол себепті, кейбір пәтерлер іштегі есептеушітерді сыртқа шығаруды талап еткен ескертулер алған.
Н.Алдабергеновтің мәлімдеуінше, осы мәселені реттеу үшін қазірде кәсіпорындарға әр пәтердің көрсеткіштерін ешқайда шықпай-ақ көріп отыратын автоматтандыру жүйесін енгізу ісі жүктеліп жатқанын жеткізді.
Кеңес барысында айтылғандай, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар халыққа өз қызметін жариялы түрде таныстырып отырғаны абзал. Сонда ғана тұрғындар өздері төлейтін тарифтің өндіріс үшін қаншалықты пайдалы екенін ұғынады.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

