бас қосқан республикалық жәрмеңке мәресіне жетті
Өткен сенбіде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның, Павлодар облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған «Қанатты әйел – 3» республикалық жәрмеңкесі өз жұмысын аяқтады. Еліміздің әр аймағынан келген екі жүзге тарта іскер, белсенді әйелдердің басын қосқан шараның жабылу салтанаты жоғары дәрежеде өтті. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова жәрмеңкеге қатысушыларды арнайы дипломдармен марапаттады.
Сұлу, тартымды, тәуелсіз, іскер. Бұл «Қанатты әйел» ренспубликалық жәрмеңкесіне қатысқан нәзік жандылардың бойына дарыған асыл қасиеттердің бір бөлігі ғана. Ең бастысы олар - аяулы ана, адал жар.
Жалпы аталмыш жәрмеңке еліміздің жоғары демократиялық ұстанымын тағы бір дәлелдеп отыр. Оған әртүрлі деңгейдегі, сан түрлі мамандық иелері, өз бейіміне қарай еңбек жолын таңдағандар, тек қана ілгері ұмтылғандар, жаңашылдыққа құмар, бастамашыл, білімді, мақсат, мүддені бағдарлай алатын әріптес қыз-келіншектер жиналды. Бұл – нәзік жандылардың экономикалық, саяси өрлеу жолындағы кездесу, пікір алмасу алаңы.
Павлодар төрінде бас қосқан еліміздің іскер әйелдері жоғарыда аталған шараның небары екі күнге созылғанына қарамастан, көп іс тындырып үлгерді. Бәрі жаңа идеялар мен тың туындылар тоғысып, арулардың қолынан шыққан саналуан тауарлар мен қызмет түрлері ұсынылған арнайы жәрмеңкеден басталды. Артынша ол семинарлар, дөңгелек үстел отырысы, әртүрлі тақырыптағы іскерлік тренингтер, мастер класс сабақтарына ұласты. Шараның әу бастан-ақ ұйымдастырылғандағы мақсат, мұраты да осы болса керек. Яғни, қоғамда гендерлік мәселеге дұрыс көзқарас қалыптастыру, өз ісін ұйымдастыруда көшбасшылық танытып жүрген белсенді әйелдердің іскерлік қабілеттерін дәріптеу, тарату, жігерлендіру, өздеріне деген сенімділігін арттыру, жаңашылдықты жаны сүйетін іскерлік топ мүшелерін дайындау, бәсекелестікке төтеп бере алатын жолдарды іздеу. Осыны ескере отырып, жәрмеңке өз көздеген мақсатына жетті десе де болады. «Республикалық жәрмеңке аясында жұртшылық назарына ұсынылған, сіздердің қолдарыңыздан шыққан тауарлар күнделікті өмірде үлкен сұранысқа ие болып, мұнда айтылған жаңа идеялар, бастамалар сәтті жүзеге асатындығына сенімдімін. Ең бастысы біз өз ісіне шын берілген, тың идеялармен қанаттанған нәзік жандылардың жұмысқа деген құлшынысын көріп отырмыз. Және сіздердің бойларыңыздағы бұл талпыныс ешқашан өшпейді деп үміттінемін, - деді облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымова.
Бір атап өтерлігі, биылғы «Қанатты әйел» республикалық жәрмеңкесі өзінің кең ауқымдылығымен, жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығымен ерекше. Оған тек еліміздің мамандары емес, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің дипломатиялық корпусының және халықаралық белді, беделді ұйымдардың уәкілдері қатысты. «Біз мұндай деңгейдегі шараға алғаш қатысып отырмыз. Мұнда жиналған нәзік жандылардың әрқайсысы өздерінің қабілеттілігімен «Қанатты әйел» деген атауға шынымен лайық екендігін көруге болады. Шара екі күнге ғана созылса да, өзімізге мол тәжірибе алып үлгердік. Себебі жәрмеңке - тәжірибе алмасудың таптырмас ортасы. Өз кәсібіңді дамытудың мүмкіндігі. Ең арты қандай да бір іскерлік келісімдерге қол жеткізбеген күннің өзінде жаңа таныстар, жаңа құрбылар табуға тырыстық. Енді, бұдан былай мұндай негіздегі шаралардан қалыс қалмауға тырысамыз», - дейді жәрмеңкеге қатысушы, павлодарлық «Этуаль» атты сұлулық және денсаулық орталығының басшысы Галина Серафимова.
Осылайша «Қанатты әйел – 3» республикалық жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Кім білсін, бұл шарадан кейін еліміздегі іскер әйелдердің саны тағы біршамаға арта түсер.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
Айгүл АСЫЛБЕКОВА,
кәсіпкер, Маңғыстау облысы:
- Ең алдымен Кереку өңірінің қонақжайлылығына тәнті болдық. Сол үшін жергілікті ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Онымен қоса, Павлодар қаласының көз тартар сұлулығы да ерекше есте қаларлықтай. Естуімше, мұнда кәсіпкерлікке бет бұрған нәзік жандылар қатары да аз емес көрінеді. Осының барлығы аймақтың даму бағытының дұрыс жүргізіліп жатқандығының белгісі деп білем. Өз басым мұндай негіздегі шараға алғаш қатысып отырмын. Алған әсерім, жинаған тәжірибем мол. Мысалы, қандай өнімді қай ортада, қалай таныстыру қажет екендігінің өзіне көп мән беру қажет екен.
Гүлнар ҚАЙДАРОВА,
Павлодар қаласындағы «Гофротара» ЖШС» зауытының директоры:
- Жәрмеңкеге еліміздің барлық дерлік өңірлерінен қатысушылардың келгендігі қуантады. Себебі біз енді қай облыста қандай тауар өндірілетіндігін, нендей салаға баса мән берілетіндігін білдік. Нақты нәтижелер де жоқ емес. Мысалы, жәрмеңке аясында біз Тараз қаласынан келген кәсіпкерлермен танысып, іскерлік келіссөздер жүргіздік. Олар біз өндіретін түрлі азық-түлік және басқа да өнімдерді салуға арналған гофрокартоннан жасалған жәшіктерге қызығушылық танытып отыр. Жақын арада келісімшарт жасасатын ойымыз бар. Сондай-ақ бұл шарадан еліміздің қаншалықты дамып келе жатқандығын да байқауға болады. Мемлекетімізде бұрын болмаған түрлі кәсіп салалары, қызмет түрлері паш етілді. Және Қазақстанның бұл жетістігінде нәзік жандылардың да мол үлесі бар екендігін білу - қуаныш.



