Облысымызда Президенттің тапсырмасы бойынша қолға алынған «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасына кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары емес. Олар неге пайыздық өсімдері төмен арзан несиені алуға мүдделі емес? Аталмыш бағдарлама негізінде несиелерді субсидиялауға мүмкіндік бар. Талай жылдан бері бизнесмендер кепілдік мәселесінен уайым шегіп келсе, енді оның жолы табылып отыр. Үкімет оған да көмектеседі. Шетелдерге өнім экспорттаушыларға да қолдау көрсетіледі. Бірақ осындай жағдайлар жасалып тұрса да, жергілікті кәсіпкерлер айтарлықтай белсенділік таныта алар емес. Айтпақшы, таяуда бағдарламаға кәсіпкерлікті қолдауды күшейтетін толықтырулар енгізіліп отыр. Мамандар бәрібір немқұрайлылыққа тап боламыз ба деп қауіптенеді.
Сәрсенбі күні осы мәселеге байланысты облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында жиналыс өтті. Оған аталмыш басқарма бастығының міндетін атқарушы Г.Арғынова, «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының менеджері Е.Қасенов, «Кәсіпкерлікті және инновацияларды дамыту орталығы» директорының орынбасары Н.Денисова және басқалары қатысты.
Басқосуда болған кәсіпкерлердің айтуына қарағанда, «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасына кәсіпкерлердің қызығушылығының аздығының себебі бар. Оның негізгісі – бизнесмендердің бағдарлама жөнінде жеткілікті білмеуі. Әйтпесе, банктен алған несиенің біршама бөлігін мемлекет субсидиялап, кепілдіктің жартысын өз мойнына алып жатса, қаржы іздеген кәсіпкерге бұдан артық не керек? Г.Арғынованың сөзіне қарағанда, бағдарлама жөнінде хабарландыру жергілікті телеарнадан ұдайы беріліп тұрады. «Кәсіпкерлікті және инновацияларды дамыту орталығы» директорының орынбасары Н.Денисова әртүрлі ақпараттық жинақтар, сондай-ақ арнайы сайттың да әзірленіп жатқанын атап өтті. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыру керектігі байқалады.
Айта кетелік, бүгінде «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасының алғашқы бағыты (жаңа бизнес-бастамаларды қолдау) бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде 9 жоба қаралып, оның бесеуі ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде мақұлданды. Оңалту бағыты негізінде 4 жоба сүзгіден өтті. Жалпы алғанда, қазіргі кезде бағдарламадан үмітті 53 жоба екінші деңгейлі банктерде қаралуда.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының менеджері Е.Қасеновтың айтуына қарағанда, бизнесін сауықтыруды көздейтін кәсіпкерлерге биыл ширақтық танытпаса, олар келесі жылы арзан қаржыдан қағылады. Себебі 2012 жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама тек жаңа бастамалар мен экспортқа бейімді жобаларды ғана қарастырады.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

