Павлодарлық кәсіпкерлер үшін Кедендік одақтың оң нәтижесі байқала бастады. Облыста өндірілген шұжық өнімдері алғаш рет Ресейдің шекаралас өңіріне экспортқа жіберілді. Айта кетелік, осыған дейін біз ет өнімдерін сырттан әкелумен ғана шектеліп келген едік. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен өткен кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында бизнес өкілдері үшін жасалып жатқан өзге де әкімшілік жағдайлар туралы сөз болды.
Кәсіпкерлерді толғандыратын бір мәселе – заңды тұлғалардың мүліктеріне салынатын шектеулер. Ол - бизнесмен айыпты болған жағдайда белгіленетін әкімшілік шара. «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы филиалының директоры П.Вырвинскийдің айтуынша, құзырлы мекеме өз ісінде жеделдік таныта қоймайды. Шектеу салынғаннан кейін, тиісті міндеттер өтелсе де, оны шешуге де біршама уақыт жұмсалады. Бұл кәсіпкерді бөгейді.
Облыс сот шешімдерін орындау жөніндегі департаменті бастығының міндетін атқарушы Қ.Бермахановтың жеткізуінше, айтылған мәселе негізінде шұғыл реттелуге тиіс. Шығыны өтелген болса, мүлікке салынған шектеу үш күн ішінде шешіледі. Алайда бүгінде бұл істермен дер кезінде айналысуға жұмыс қолы жеткіліксіз.
Облыс әкімі бизнесмендер мен тұрғындар тарапынан айтылатын шағымдардың негізсіз еместігін айтып, барлық мәселені реттеуге бір ай мерзім берді. Сөз арасында кәсіпкерлердің заңдық сауаты төмен екендігі де айтылды. Бұл орайда бизнес өкілдерінің көзін ашатын семинарларды көптеп өткізу қажет делінді.
Кеден одағы құрылғалы Павлодарда шығарылған
Кәсіпкерлерді жер теліміне байланысты мәселелер де қинайды. Мәселен, әу баста дүкен саламын деген жеріне кейін шаштараз салонын тұрғызуды көздеген кәсіпкер телімнің шекарасына байланысты барлық құжаттарды қайтадан ресімдетуге тиіс. Бұл үшін қанша мекеменің табалдырығын тоздырып, қанша қаржы шығындау қажет екені белгілі. Осы орайда, яғни жерді пайдалану мақсаты өзгерген жағдайда шекарасына қатысты талаптарды жеңілдету керек. Себебі оның аумағы еш өзгермейді. Тек санитарлық қадағалау органының, қажет болса өрт қауіпсіздігі қызметінің рұқсатын алып, істі реттеуге мүмкіндік бар. Бұл туралы Павлодар қаласы әкімінің орынбасары О.Крук айтты. Оның сөзіне қарағанда, арнайы жер телімінің құжатын әзірлейтін фирмаларға да бірыңғай талап қоятын кез жетті. Әйтпесе, әрқайсысы өз ыңғайына қарай дайындайды. Оның арты түсінбестікке әкеліп тірейді.
Аймақ басшысы жұмыс тобын құрып, бірыңғай шарттар тізбесін дайындауды тапсырды. Бірақ бұл әр органның талаптарын толық ескеру деген сөз емес. Олай болған күнде кәсіпкердің жағдайы мүлдем қиындай түспек.
Отырыста айқын болғандай, кәсіпкерліктің жолын бөгейтін әкімшілік кедергілер бірте-бірте жойылуда. Бірақ әлі де бизнестің арқасына бататын жайттар бар. Ең бастысы, оларды шешуге биліктің батыл кіріскені. Бұл еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға даңғыл жол ашатыны түсінікті.
Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

