Бүгінгі таңда аймақ экономикасында кен өндірісінің ойып тұрып орын алатыны белгілі. Кеніштерде қара жұмыстың қазанын қайнатып, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген Екібастұздың кенші мамандарын да ел-жұрт ерекше құрметтейді. Бүгінде оларға артылатын сенім де зор.
Облыстың кен өндіру саласы әлемді жайлаған дағдарыс салқынын да бастан кешірді. Дүние жүзінде шикізаттардың, соның ішінде көмірдің арзандап кетуі шетелдерге өнім экспорттайтын кеніштердің өндірістік көрсеткіштерін төмендетті. Бірақ бұған екібастұздық көмір өндіруші компаниялар мойыған жоқ. Әрдайым ауыр еңбекке төселіп қалған кеншілер уақытша қиындыққа төтеп берді.
Мәліметке жүгінсек, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында тау-кен өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға арта түскен. Дағдарыстан кейінгі кезеңде қол жеткен алғашқы жетістікті мамандар облыста көмір өндірісінің ұлғаюымен түсіндірді. Бүгінде «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстағы тас көмір өндірісінің 55 пайызын еншілесе, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Шығыс» кеніші 29 пайызға ие. Одан басқа Екібастұз өңірінде «Ангренсор», «Майкөбен-Вест» ЖШС-тері секілді танымал кәсіпорындар ел игілігі үшін жұмыс істеуде.
Облысымыздың кеншілер қауымы Президенттің бастамасымен елімізде қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына да сүбелі үлес қосуда. Үстіміздегі жылдың 9 маусымында Екібастұздың «Шығыс» көмір кенішінде жер бетін аршу өнімділігін арттыратын циклдық-ағымдық кешен салтанатты түрде іске қосылды. Бұл – компанияның 2010 жылдың басынан бері жүзеге асырған ең маңызды жобаларының бірі. Оған барлығы 85 миллион АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция жұмсалды. Ұсақтаушы құрылғы мен конвейерлік желіден тұратын циклдық-ағымдық аршу кешені «Шығыс» кенішін игеруде алынатын жер беті қалдықтарын жөнелту мен орналастыру көлемін бір жылда 10 млн. текше метрге дейін жеткізеді. Қазақстандық өнеркәсіп орындардың арасында алғаш болып циклдық-ағымдық кешенді іске қосқан «Шығыс» кеніші осылайша көмір өндірісін арттырып қана қоймайды, оның өзіндік құнын төмендетеді, электр энергиясын өндірудің шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қоршаған ортаға келетін залал да азаяды.
Осылайша бірте-бірте жаңа технологияларды енгізе бастаған кен өндірісінің алдағы уақытта қанатын кеңге жаятынына сенім мол. Кенші мамандар өндірісті еселеп, кеніштерді қуатты техниканың гүріліне толтыра берері сөзсіз. Бұл - аймақ жұртының ауқатты тұрмысының кепілі.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

