Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Министрлер кеңесінің №276 қаулысымен құрылған. Көрікті өлкедегі табиғат аясы мен сирек кездесетін жануарларды қорғау мақсатында ұйымдастырылған парк аумағында осы уақытқа дейін аз жұмыс жасалған жоқ. Бүгінде оның штатында жүзден астам адам қызмет жасайды. Мемлекеттік инспектор қызметінде 102 адам болса, 88 қызметкері ұлттық паркте және «Қызылтау» қорығындағы табиғи кешендерді қорғаумен айналысады.
Табиғи парк ұжымы тек қана биылғы жылы патрульді топтармен 76 рейдтік шаралар мен тексерулер жүргізді. Соның ішінде аудандық құқық қорғау және бақылау органдарымен бірлесе отырып табиғатты қорғау заңнамасы бойынша 15 біріккен рейд өткізіп, нәтижесінде 13 табиғат қорғау заңнамасын және 2 өрт қауіпсіздік ережесін бұзу фактісін анықтады, олар туралы хаттама толтырылып, құқық қорғау органдарына жіберілді.
Парк директоры Темірболат Қасеннің айтуына қарағанда, ұлттық парк аймағындағы табиғатты қорғау заңнамасын бұзушыларды анықтау үшін 12 бақылау мұнарасы, 4 бақылау өткізу пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар өрт қауіпті кезеңде бақылауды күшейтуге байланысты еліміздің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінен тікұшақ пайдалануға берілді.
Орманға кіруге тыйым салу үшін ұлттық парктің негізгі жолдарында 81 шлагбаум құрылып, барлық мемлекеттік инспекторлар арнайы киімдермен қамтамасыз етілген.
Жуықта сонау 1964 жылы салынған гараж, қоймалар күрделі жөндеулерден өткізіліп, жаңартылды. Бүгінгі таңда ұлттық табиғи паркіндегі басты мәселелер кордондар болып отыр. Ең соңғы кордон өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қирап, содан бері ондай ғимараттар тұрғызу мәселесін шешудің реті болмай жүргенді. Өткен жылы ұлттық парк бойынша 6 кордон салынып, оның екеуі Далба орманшылығына бекітілсе, үшеуі Жасыбайда, біреуі Баянауыл орманшылығындағы Шонай ауылында пайдалануға берілді.
Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасына сәйкес ұлттық табиғи паркінің ұйғаруымен биылғы жылдың шілде айынан бастап республикалық квота бойынша жұмысқа 50 адам қабылданды. Оның құрамына студенттер мен жергілікті жұмыссыз жастар алынып, біршама жұмыстар атқарылды.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 25 жылдығы аудан көлемінде кеңінен аталып өтуде.
Ұлттық парк ұжымының ұйымдастыруымен Баянауыл №4 мектеп-интернатында мерекелік-концерттік кеш болып өтті. Айтулы шараға аудан басшылығы, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.
Зейнеткер М.Күзеков, аудан әкімінің орынбасары Б.Тоқжігітова, аудандық мәслихат хатшысы А.Дәулетқалиев, «Баянтау» газетінің редакторы Ш.Шалбай, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Сүлейменов және басқалары парк ұжымын құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласып, ән шашумен аяқталды.
Жаннұр МҰСАБАЕВА, Баянауыл ауданы.

