Өткен жарты жыл ішінде аймағымыздың экономикалық даму қарқыны дағдарысқа дейінгі оң көрсеткіштерге қайтадан жақындады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында облыс экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Галина Давдрикова мәлімдеді.
Айта кетелік, осыдан біраз бұрын дағдарыстың салқыны әсіресе өнеркәсіп саласында байқалған еді. Аталмыш саланың ақсауы өнеркәсіптік өңір саналатын Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай кері әсер еткен. Алайда облыс әкімі Б.Сағынтаевтың бастамасымен облыстағы ірі өндіріс орындарындағы жағдай ерекше бақылауға алынды. Саладағы жұмыс қуатының және жұмысшылар санының сақталуы тұрақты түрде есепке алынып келді. Дағдарысқа қарсы осындай шаралардың нәтижесінде қазірде облысымыз дағдарысқа дейінгі кезеңдегі жетістіктерге қайта оралды.
Г.Давдрикованың мәліметінше, биылғы жарты жылда облыста 333,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Соның ішінде тау-кен өндірісінің артуы байқалды. Бұл оң өзгеріске көмір және металл кендері өндірістерінің ұлғайғаны ықпал етті. Бәрінен де өңдеу өнеркәсібінің кең қанат жайғанын айту керек. Өткен жылғы қаңтар-мамыр аралығындағы көрсеткішпен салыстырғанда, үстіміздегі жылы ферроқорытпа өндірісі - 50,7 пайызға, болат – 36,7% өңделмеген алюминий - 66,5 пайызға, бензин - 35%-ға, жіксіз құбырлар өндірісі 2,4 есеге өсті. Қазірде облыста жалпы сомасы 722,2 млрд. теңге болатын 42 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Осы жобалардың іске асуы нәтижесінде бюджеттік түсімдер көлемі де ұлғаяды деген сенім бар.
Айтпақшы, өткен алты ай мерзімде облыстың бюджеттік түсімі жөніндегі жоспары артығымен орындалды. Бұл ретте Ертіс ауданының үлесі қомақты. Ауылдық жерде өңдеу кәсіпорындарының ашылуы осындай оң көрсеткіштерге жеткізген.
Г.Давдрикованың айтуынша, соңғы кездері аймақта бюджетке салық төлейтін кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. Онда жұмыс істеушілер саны да артып отыр. Былтыр қаржылық дағдарыстан қысылған кәсіпкерлікті өрістетуге облыс бюджетінен 100 млн. теңге бөлінген болатын. Биылғы жылы Елбасының бастамасымен қабылданған «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы да шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау болады деп күтілуде.
Әрине, экономикалық көрсеткіштердің дамуы әлеуметтік саланың да алға басуына серпін береді. Айта кетелік, қанша жерден дағдарыс десе де, өткен жылдары бірде-бір әлеуметтік бағдарлама қысқарып қалған жоқ. Г.Давдрикованың айтуынша, биыл халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін шешуге бір млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл сайын бұл мақсатқа бөлінетін қаржы 300 млн. теңгенің төңірегінде болатын.
Алайда облысымызда тек қана жақсы нәтижелер көрініс тауып отыр десек, қателесер едік. Айтып отырғанымыз – инфляция мәселесі. Бұл жағынан өткен алты айда Павлодар облысы орташа республикалық көрсеткішті де артқа тастаған (104,6%). Г.Давдрикованың түсіндіруінше, инфляция деңгейінің өсуіне коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы себеп болған. Дегенмен жыл соңына дейін аймақтағы инфляция деңгейі белгіленген мөлшерден (6-8 пайыз) әрі аспайды дегенді айтты басқарма бастығы. Облыс бойынша экономикалық жағдайдың тұрақталуы бұған үлкен мүмкіндік беріп отырса керек.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

