Уақыт өткен сайын жолаушыларды таситын поездардың вагондары әбден ескіріп, бүгінгі талаптарға сай болмай отырғаны белгілі. Бұл түйінді мәселе қалай шешілуде? Осы сұраққа жауап іздеп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ консультативтік кеңесінің мүшесі Ә.Сарқыншақовпен тілдескен едік.
- Елімізде теміржол саласына қажетті көліктер мен қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуде қиындықтардың бар екені белгілі, деді Әби Сарқыншақұлы. – Мұның мәні бар. Кеңес Одағында саланың машина жасау кәсіпорындары негізінен Ресей мен Украинада салынып, жұмыс істеді. Одақ тарағаннан кейін мұндай кәсіпорындары жоқтың қасы саналатын Қазақстанның көлік құралдары мен қосалқы бөлшектерді сырттан сатып алуына тура келді.
Жолаушы вагондары бойынша хал-ахуалымыз мәз емес екенін айтқан жөн. Қазір кеңес өкіметі жылдары жасалған 1800-ге жуық вагон пайдаланылуда. Бұларды пайдалану мерзімі 28 жыл. Қазір вагондардың тозуы 71 пайызды құрап отыр. Мәселе оң шешілмесе, 2013 жылы 893 вагон жетпейтін болады. Басқаша айтқанда, жолаушыларды тасымалдау көлемі 12-15 пайызға кемиді. Олқылық орнын толтыру үшін көп қаражат – 120 млрд.теңге керек. Бір плацкарт вагон 1 млн.доллардан асса, купелік вагонның бағасы 1 млн. 300 мың доллар екенін еске салайын.
Бұндай қаражат бөлуге темір жол саласының қаражаты жете бермейді. Өйткені саланың басқа құрылымдарын дамыту үшін де көп қаржы керек. Қазақстан теміржол саласының тарифі төмен болып отырғанын айтқан жөн. Салыстыратын болсақ, бізге қарағанда Белоруссияда тариф 1,5 есе, ал Ресейде 1,9 есе жоғары. Мұндай төмен тариф теміржол саласын дамытуға жағдай жасамайды. Теміржол келешекте заман талабына сай болсын десек, тариф мәселесіне оралу қажет сияқты.
Айта кету керек, таяуда мен монополияға қарсы агенттік өткізген теміржол тарифі туралы көпшілік тыңдауларға арнайы шақырылдым. Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, көптеген сабақтас құрылымдар өкілдері қатысқан осы алқалы жиында мен теміржол тарифін жоғарылату қажеттігі, мұның ең алдымен саланы дамытуға жағдай жасайтыны туралы баяндама жасадым. Жұртшылық менің ұсыныстарымды түсіністікпен қабылдады.
Жолаушы вагонымен жабдықтауда экономикалық жағынан тиімді шараларды жүзеге асыру міндеті тұр. Соның бір қадамы таяуда жасалды. Биылғы 5 қарашада еліміздің «Жолаушы тасымалы» АҚ мен «Тұлпар-Тальго» ЖШС басшылары арасында іскерлік сипаттағы кездесу болып, онда жолаушы вагондарын алу туралы келісім шартқа қол қойылды.
Ұзақ мерзімдік бұл келісім шарт бойынша 2011-2014 жылдар аралығында Астана қаласындағы қазақстан-испан бірлескен «Тұлпар-Тальго» ЖШС-нің зауыты шығарған 420 жолаушы вагонын сатып алынбақ.
Шапшаң поездың алғашқы құрамы 2011 жылы 16 желтоқсанда дайын болады. Сонымен бірге 2012-2014 жылдары әр жыл сайын әрқайсысы 35 вагоннан тұратын төрт поезд пайдалануға беріледі. Туристік, гранд және бизнес-класс сияқты жақсартылған вагондармен бірге мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы вагондар да қарастырылады.
«Тальго» вагондары жолаушыларға жайлылығымен ерекшеленеді. Бұлар жеңіл конструкциялы әрі еліміздің табиғатының ерекшеліктерін ескеріп отырып жасалады. Сондай-ақ вакуумдық тазалаудың озық арнаулы жүйесі жаңа вагонның артықшылығы болмақ.
Жаңа вагонның тағы бір тиімділігі, онда жылыту вагон-электр станциясы арқылы жүзеге асады. Сөйтіп, пеште от жағып, түтінмен қоршаған ортаны ластау сияқты кемшілікке жол берілмейді.
Осыдан жеті жыл бұрын Елбасымыздың қолдауымен Астана мен Алматы арасында «Тальго» вагондарынан құралған поезд жүре бастағаны мәлім. Содан бері бұл вагондарды пайдалану өзінің жолаушы үшін қолайлы екенін көрсетті. «Тальго» вагонының кеңес өкіметі кезіндегі вагонға қарағанда пайдалану мерзімі ұзақ. Атап айтқанда, оны қырық жыл пайдалануға болады. Бұл бір болса, екіншіден, жаңа вагоннан құралған поезд жүрдек. Шапшаңдығы сағатына 200 километр. Вагон техникалық жағынан шапшаң қозғалысқа бейімделіп жасалады.
Мысалы, «Тальго» вагондарынан құралған поезбен Астанаға Алматыдан 11,5-12 сағатта жетуге болады. Ал қазіргі поездар бұл қашықтықты 22-23 сағат жүріп өтеді.
Соңғы кезде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Маминнің іскерлік қарым-қатынасы нәтижесінде республикамыздың өнеркәсіпті өңірі Павлодар облысында темір жол саласында көптеген жобалар жүзеге асып, игі өзгерістер орын алды. Бұған Астана мен Павлодар қалалары арасында биыл шапшаң электр поездың жүре бастағанын мысалға келтірсек те болады. Нәтижесінде Астана мен Павлодар арасындағы теміржолмен жолаушы тасымалдау жақсарып, жолаушылар арзан да ыңғайлы қызметті пайдалану мүмкіндігін алды. Бұрын электропоезд аптасына екі рет қатынайтын болса, жолаушылар тілегін ескере отырып, таяудан бері аптасына төрт рет қатынауда. Мұндай байланыс жұртшылық тарапынан қолдауға ие болуда. Жерлестеріміз игі дәстүр жалғасын тауып, жолаушыларға жайлы да шапшаң «Тальго» поезы біздің өңірде басқалардың алды болып, қызмет көрсетеді деп сенеді. Алдағы жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында жаңа жолаушылар поезын мерзімінде пайдалануға беру – абыройлы парыз. Осы игі мақсатқа жету жолында қазір жүргізіліп жатқан ауқымды да жауапты жұмыстарға сәттілік тілейміз.
Ө.РҮСТЕМОВ.

