ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ САПАСЫ АРТАДЫ

 

     Қаржының аздау бөлінгеніне қарамастан биылғы жылы жөнделетін облыстық маңызға ие жолдардың көлемі айтарлықтай қысқармайды. Бұл ел қазынасынан берілген қаржыны есеппен кәдеге жаратқанның нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осыған дейін құны қымбатқа түсетін күрделі жөндеулерге көңіл бөлініп келсе, биылғы жылы орташа жөндеу жұмыстарына баса назар аударылуда. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Арслан Әбдіхалықов мәлімдеді.
     2010 жылы облыстық маңызға ие жолдарды жөндеуге 1297,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы орайда республикалық бюджеттен берілген қаржының көлемі өткен жылға қарағанда аздау. Қазіргі кезде елімізде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жолын салуға ірі көлемде инвестиция жұмсалып жатқаны белгілі. Бұл өз кезегінде облыстарға жөндеу жұмыстарына берілетін қаражаттың үлесін қысқартуға себеп болған көрінеді.
     Дегенмен, қолда барды ұқсата білсек те, облыс үшін соның өзі айтарлықтай нәтиже болар еді. Осы орайда басқарма мамандары бұрынғыдай құны қымбат күрделі жөндеуді азайтып, есесіне орташа және ағымдағы жол жөндеулерін көптеп жүргізуді тиімді деп шешкен. Салыстыра кетсек, бір шақырым жолды күрделі жөндеу үшін шамамен 70-80 млн. теңге қажет болса, ұзындығы сонша жол бөлігін орташа жөндеудің құны 18-20 млн. теңгеге түседі екен. Мамандар арзан жөндеудің әлдеқайда ұтымды екенін айтады.
     А.Әбдіхалықовтың айтуынша, қазіргі кезде Ресей Федерациясымен қарым-қатынас жасауда пайдаланылатын жолдарды жөндеуге баса көңіл бөлінуде. Кедендік одақтың құрылуы көрші елмен жалғайтын барлық бағыттағы жолдарды заманға сай жөндеуді талап етеді. Бұл ретте маңызды деп есептелетін Ертіс-Русская Поляна бағытындағы жол бірнеше жылдан бері жөнделіп келе жатса, Қашыр ауданына жататын Ивановка-Трофимовка бағытындағы және Успенканың Галицкое мекенінен өтетін жолдарды жөндеу бүгінгі күнде өзекті мәселе болып тұр.
     Басқарма бастығының сөзіне қарағанда, облыстың маңызға ие жолдарды жөндеумен бұрыннан аты шыққан белгілі фирмалар айналысады. Оларға қойылатын талап жоғары. «Павлодар-Жол-Лаборатория» кәсіпорны жөндеу жұмыстарының сапасын тексереді. Мердігерлер күрделі жөндеудің сапасына 2 жыл, орташа жөндеу жұмыстарына 5 жыл кепілдік береді. Осы жерде аяқ астынан банкрот болып, кепілдік міндеттемелерінен де оп-оңай құтылып кететін мердігер-фирмалардан зардап шегіп қалмау жағдайы да алдын-ала ойластырылған. Жол жөндеуге байланысты өткізілетін конкурсқа қатысқысы келетін фирмалар алдымен арнайы компанияға барып, сақтандыру шартын жасайды.
     Баспасөз мәслихаты барысында облыстағы жолаушылар тасымалы жөнінде де әңгіме қозғалды. А.Әбдіхалықовтың келтірген мәліметінше, қазір аймақ бойынша автобустар 63 бағытта жүреді. Тасымалмен айналысатын фирмалардың ешқайсысына бюджеттен жәрдемақы берілмейді, себебі кез-келген бағытта жүретін автобустар жол шығынын өздері ақтай алады. Ендігі мәселе жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға байланысты болып тұр. Әсіресе шалғай ауылдарға жүретін автобустардың сапасы сын көтермейді. Соның бірі Павлодар-Шалдай бағытында қатынайды. Осы екі ортада жүретін «ПАЗ» маркалы автобустың әбден тозығы жеткен, жолаушылар үнемі сығылысып сыймай жатады.
     Арслан Дайкенұлының айтуынша, мұндай мәселе жолаушыларды алыстағы ауылдарға жеткізетін тасымалдаушылардың барлығына тән. Шалғай мекендерге қатынап тұруға құлшынатын фирмалар да некен-саяқ. Соның нәтижесінде жолаушыларға барға қанағат етуден басқа амал қалмайды. Дегенмен, басқарма бастығының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта қалаға жақын ауылдардан бастап бұл мәселені біртіндеп шешу қолға алынады. Бұған тасымалдаушылар арасында бәсекелестікті күшейткенде ғана қол жетеді.
     Соңғы кезде Павлодар облысында телефондандыру, телебағдарламалар мен радио хабарларын кеңінен тарату жөнінде біршама нәтижелі істер атқарылған. Әрине, бұл жағынан да алыстағы ауылдардың шешілмей жатқан мәселелері жеткілікті. Шалғай жерлерде отандық телеарналар көрсетілмейді. А.Әбдіхалықовтың айтуынша, алдағы желтоқсан айында еліміздің жерсерігі ұшырылады, сол кезде ауылдықтарға 35 бағдарламаны тегін көру мүмкіндігі пайда болады.
Соңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы осы жылғы жоспарланған істердің барлығы жүйелі түрде жүзеге асатынына сенім білдірді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30