ӘУЛЕТІМЕН БІРГЕ ЖАУАПТЫ САЛАДА

      Бүгінде ешқандай қиындықтан қаймықпай, аянбастан еңбек етіп, еліміздің теміржол саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген мамандарымыз жетерлік. Солардың арасында ел игілігі жолында талай жылдардан бері әулетімен бірге маңдай терін төгіп жүрген теміржолшылар туралы мақтанышпен айтуға болады.
     Өзінің өмірде қалап алған мамандығына үнемі адалдық танытып, теміржолда жан-тәнімен беріле еткен қызметімен көзге түскен маманның бірі – Айтжамал Орынбекқызы Көлбаева. Еңбек жолын жетпісінші жылдардың соңында бастаған кәсіби маман қазіргі кезде «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ Екібастұз қолданыстағы вагондар депосына қарасты Ақсу-2 станциясында бригадир болып жұмыс істейді.
     Айтжамал Орынбекқызы өзінің туған жері - Семейдің Аягөз мекенінен Павлодар станциясына 1979 жылы көшіп келеді. Дәл осы кезде оның әкесі Орынбек Мәскеудің Жоғары кәсіподақ мектебін тәмамдап, Павлодар станциясына техникалық кызмет көрсету пунктінің бастығы болып келеді. Саналы ғұмырының 49 жылын теміржол саласына арнаған әкенің өнегелі ісі бүгінде ізін басқан қызына үлкен үлгі екені даусыз.
     Павлодарға келгенінде де А.Көлбаева Аягөзде атқарған операторлық қызметін одан әрі жалғастырады. «Станция паркіне қандай пойыздың келіп тоқтағанын, қайсысының жолға шығатынын осындағы вагон қараушы-жөндеуші мамандарға хабарлаумен айналыстым», - дейді өткен күндерді ризалық сезіммен еске түсіріп әңгімесін бастаған Айтжамал Орынбекқызы.
1981 жылы ол кезіндегі Ермак жүк станциясына (қазіргі Ақсу) ауысады. Арада біраз уақыт өткенде жас маман өзінің қиындықтан қашпайтын, керісінше бойында намыс оты қайнаған еңбексүйгіш қасиетін көрсететін қадамға барады. Айтжамал Көлбаева жүк станциясында слесарь болып, жұмыс бағытын өзгертеді.
     - Негізінде, станция паркінің мамандарына жолға шығатын, басқа жақтан келе жатып аялдап өтетін жүк пойыздарының вагондарын тексеру міндеті тапсырылады. Олардың тоқтаған сәтінде вагон қараушы-жөндеушілер жеделдете іске кірісіп, вагондардың қозғалтқыш бөлшектерінің, доңғалақтарының одан әрі қарай жол жүруге жарайтын-жарамайтындығын тексеріп, сүзіп шығады. Егер бірден әлдебір бөлшектерін ауыстыру қажет болса, слесарь ретінде жұмысқа кірісемін. Бастапқыда бұл мамандыққа баруға батылым жетпеген секілді еді, бірақ кейін басқалар айналысатын істі атқару менің де қолымнан келетінін ойлап, намысымды қайрай түстім, ерік-жігерімнің арқасында мақсатым орындалды, - дейді кейіпкеріміз сөзін одан әрі сабақтай түсіп.
     Қызығы да, шыжыға да жетерлік теміржол жұмысына деген құлшынысы танылған Айтжамал Орынбекқызын станция басшылығы 1989 жылы Целиноград жол-техника мектебіне үш айлық оқуға жібереді. Бұл жерде де өзінің табандылығының арқасында білімін жетілдіріп, біліктілігін көтеріп келген ол енді вагон қараушы-жөндеуші болып іске кіріседі. Ермак жүк станциясы арқылы өнеркәсіп орындарына көмір жеткізіледі. Бастапқыда қараушы-жөндеуші, кейін аға қараушы жөндеуші маман болып дәрежесі биіктей түскен Айтжамал Орынбекқызы қай кезде де болсын өзінің жауапты, батыл екенін дәлелдеп отырды.
     2001 жылы Ақсу қаласында облысымыз үшін ғана емес, еліміз үшін маңызды оқиға болды. Осы жылы Қазақстанның тәуелсіздік алған он жылы ішінде тұңғыш рет Ақсу-Дегелең теміржол бағыты салтанатты түрде ашылды. Ақсуда екінші станция салынып, одан жолаушылар пойызы жүретін болды. Жаңа станцияға А.Көлбаева мастер болып ауысады. Онда паркке келіп тоқтаған пойыз вагондарын қараушы-жөндеуші мамандардың жұмысын бақылап, белгіленген тәртіп бойынша нұсқаулар береді. Ұзақ сапарға шығатын вагондардың жолға төзімділігін көтеру үшін қажетті қосалқы бөлшектермен, жұмысшыларды арнайы киімдермен қамтамасыз ету міндеттерін жалықпай атқарады.
     - Соңғы екі жылдан бері мен Ақсу-2 станциясында вагон қараушы-жөндеушілердің бригадирі болып жұмыс істеймін. Қоластымда 13 маман бар. Барлығымыз да станциядан тексеріліп жіберген вагондарымыздың межелі жеріне аман-есен, ешқандай төтенше оқиғасыз жетуіне тілекші боламыз, - дейді А.Орынбекқызы.
     Айтжамал Көлбаеваның еліміздің теміржол саласында еңбек етіп келе жатқанына биыл 33 жыл. Тарихтың бір белесі болып есептелетін осы уақыт ішінде кәсіби маман өзінің еңбексүйгіштімен-ақ көзге түсе білді. Бүгінде оның жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесі кейінгі жастарға үлгі-өнеге, жастарға өзінің білген-түйгенін үйретуден еш тартынған емес.
     Өз әңгімесінде Айтжамал Орынбекқызы теміржол саласында бүкіл әулетінің жемісті еңбек етіп жатқанын да айтып өтті. Басқа туған-туысқандарын айтпағанда, жұбайы Нариман Сағымбаев – Ақсу-2 станциясының вагон қараушы-жөндеушісі. Ал жоғары білім алып берген ұлы мен қызы қазірде Астанада лауазымды қызметтерді атқаруда. А.Көлбаева өзі сияқты балаларының да ата жолын қуып теміржол саласына келгенін мақтаныш етеді. Олардың да адал еңбек етіп, елінің дамуына сүбелі үлес қосатынына сенімі мол.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30