Павлодар қаласы бойынша жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері жолаушылар мен жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарын тексеру нәтижесінде құқық бұзушылық оқиғалары бойынша кінәлілерге 176625 теңге айыппұл салынды. Жалпы, өткен алты айда «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы облыстық жол полициясымен бірлесіп, барлығы 16 рейд ұйымдастырған.
Инспекция бастығы Бауыржан Шайдолланың айтуынша, облыс бойынша жол жүру ережесін сақтауға үнемі баса көңіл бөлінеді. Бұл ретте тұрақты бекеттермен қатар, арнайы жылжымалы пункт жұмыс істейді. Облыс орталығынан басқа, Павлодар-Екібастұз-Шідерті, Павлодар-Курчатов бағытындағы автокөлік жолдары назарда ұсталады. Әрине, жолаушылар тасымалын қадағалау барысында қиыншылықтар кездеседі. Әсіресе, теміржол көлігінде тексеру шаралары жүргізілгенде, межелі жеріне асыққан жолаушылар тарапынан түсініспеушілік туындап жатады. Бірақ бұл жерде ең басты мақсат сол азаматтардың қауіпсіздігі екені анық.
Өкінішке қарай, қалаішілік тасымалды былай қойғанда, қалааралық бағыттарға қатынайтын автобустарда да жолаушыларды шектен тыс мінгізіп алу оқиғалары әлі де болсын кездеседі. Бірақ заң талабы бойынша бұған жол берілмеуге тиіс.
-Егер жолаушылар қолайсыздық көріп жатса, біздің инспекцияға шағымдануларына болады. Инспекцияға хабарласу телефондарын вокзалдардан таба алады, - дейді Б.Шайдолла.
Соңғы кездері өзен көлігі бойынша да бақылаудың күшейе түскенін айту керек. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл облыс бойынша кемелердің, әсіресе шағын көлемділерінің саны арта түскен. Қазірде облыста жалпы алғанда 2095 су көлігі бар деп есептеледі. Бірақ олардың барлығы бірдей тиісті құжаттарға ие деп айтуға ерте, дегенмен оның болуы жаңа заңнама бойынша талап етіледі. Жазғы шомылу кезеңінде аталмыш кемелердің қолданыс талаптарына қаншалықты жауап беретіндіктері республикалық көлемде өткізіліп жатқан арнайы акция шеңберінде анықталуда.
Бауыржан Жамбылұлының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта да жол қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Мичурин ауылының жолында стационарлық тексеру пункті құрылады. Ол автокөліктердің салмағын өлшейтін құрал-жабдықтармен жасақталады. Айта кетелік, біздің қолданылатын автокөлік жолдарымыз өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған, яғни қазіргідей ауыр салмақты көліктерге есептелмеген. Дегенмен, автокөлік жолдарын сақтау қажет. Сондықтан автокөліктердің тек рұқсат етілген салмақта және көлемде жүк тасымалдаулары жіті бақыланады. Заң талаптарын бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Көліктік бақылау комитеті жол төселімін қалпында сақтау бойынша мезгіл сайын акциялар өткізуді дәстүрге айналдырғанын атап өткен жөн.
«Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы айыппұл тұрағын жасақтауды да қолға алмақ. Әзірге мұндай арнаулы тұрақтың жоқтығы себепті көліктер Ленин кентінің жолында аялдап тұруға мәжбүр. Бірақ тоқтатылған көліктерде жанар-жағармай секілді қауіпті заттар да болады. Сондықтан оларды қоятын арнайы тұрақ қажет. Оның болғаны айыппұл көлемін арттыруға, сөйтіп кінәлілердің екінші мәрте заң талаптарын бұзуға ұмтылмауына ықпал етеді, дейді инспекция басшысы.
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына ортақ болып құрылған «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы жыл соңына дейін жоспарланған істерді өз деңгейінде атқарып шығуға мүдделі.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

