АРЗАН БАСПАНА КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

 

     Бүгінгі таңда облыс орталығында баспанаға деген сұраныс арта түскен. Бастапқыда халықтың тілегін банктер ипотекалық несиелеу бойынша өтеуге кіріскен еді, бірақ олар да дағдарыстың салдарынан әлсіздік танытты. Сөйтіп қазір баспаналы болғысы келетін, бірақ қалтасында дайын қаржысы жоқтардың жалғыз-ақ үміті қалды. Ол – мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынып жатқан, жеңілдетілген несие бойынша берілетін тұрғын үйлер. Бірақ бұл жерде де түйткілдер жетерлік. Арзан пәтерлерге әркімнің қолы жете бермейді.
     Соған қарамастан соңғы кезде мемлекеттік бағдарлама шеңберінде баспана алғысы келетіндер саны көбейіп отыр. Мәселен, өткен жылы Павлодар қалалық қаржы бөліміне 1436 адам өтініш тапсырыпты. Ал іс жүзінде былтыр облыс орталығында әрқайсысы 72 пәтерден тұратын екі тұрғын үй ғана пайдалануға берілді. Сонда әрбір пәтер үшін 11-12 адам таласқан. Бірақ мемлекет салған баспана бәріне бірдей жетпесі анық. Пәтерлерді бөлу жөніндегі арнайы комиссия тек жағдайлары ереже-талаптарға сай келетін 144 тұрғынның тілегін қанағаттандырған. Қалғандарына хат жөнелтіп, оларға келесі жолы мүмкін болмаса, дәл бүгін баспананың бұйырмағанын жеткізген.
     Павлодар қалалық қаржы бөлімі бастығының орынбасары С.Мұқановтың сөзіне қарағанда, ипотекалық несиелеу бойынша пәтер алуға ниет еткендер барлық талаптар мен шарттардан толық хабардар. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған тұрғын үйлер басымдық берілген топтардың азаматтарына өткізіледі. Олар - жас отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджет мамандары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері. Тұрғын үй комиссиясы пәтерлерді өтініш иелері жинақтаған ұпай (балл) бойынша үлестіреді. Ұпайлар өтініш берушінің қай топқа жататынына қарай бала саны, жұмыс өтілі, кіріс мөлшері секілді бірнеше өлшемдермен анықталады. Өтініш иесі 2005-2007 жылдары жүзеге асқан бағдарламаға қатысқан болса, ол да ескеріледі. Арзан баспанадан дәмелі болам деп ұмтылғандар осы сынақтардан сүрінбей өтсе ғана құзырлы органның есебіне ілігеді. Айтпақшы, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде сатылатын пәтерлерге құжаттар жинау тұрғын үйдің қолданысқа тапсырылуына алты ай қалғанда қабылданады. Бұдан соң екі ай мөлшерінде қаржы бөлімінің мамандары ұпай санын есептеп шығарып, өтініш иелеріне табыстайды. Бірақ бұл баспаналы болдым деген сөз емес. Одан әрі қарай тұрғын үйді бөлу жөніндегі, құрамында қала әкімі, қала әкімдігінің бірқатар орган қызметкерлері мен партиялық және қоғамдық ұйымдар, ақпарат құралдары өкілдері бар комиссия іске кіріседі. Комиссия мүшелері пайдалануға берілгелі жатқан тұрғын үйден пәтер алу бойынша келіп түскен өтініштердің мән-жайымен жете танысып, кімнің, қай және қанша бөлмелі пәтерге ие болатыны туралы түпкілікті шешім қабылдайды.
      Осы жерде баспананың жоғарыда аталған төрт топтың арасында қандай жүйемен бөлінетінін де айтып өтсек артық болмас. Ең алдымен мамандар өтініштерді жіктеп шығып, қайсысының қанша пайыздық үлеске ие екенін анықтап алады. Мәселен, өтініштердің 15 пайызы жас отбасы санатына жатқызылса, осы топқа берілетін пәтерлер үлесі де осынша пайызды құрайтын болады. Айталық, берілетін үй 60 пәтерлі болса, соның 15-сі жас отбасы санатына енетіндерге ұсынылып, қалғандары да осындай тәсілмен басқа топтарға үлестіріледі. Одан әрі топ азаматтары пәтерлердің бөлме сандарына байланысты тағы іріктеуден өтеді. Бағы жанғандардың тізімі бірден жасалып, оларға «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкіне» барып, жеделдетіп несие ресімдеу туралы талап қойылады. Пәтер алуға ұпайы жетпегендерге хабарлама көп кешікпей жіберіледі. Қалалық қаржы бөлімі бастығының орынбасары С.Мұқановтың айтуынша, ұпай санының жеткіліксіздігінен баспанаға қолы жетпей қалғандардың арасынан шағым айтушылар да табылады. Ондай жағдайда мекеме қызметкерлері мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге әзір.
      Таяуда ғана қалалық қаржы бөлімі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған кезекті тұрғын үйді иемдену үшін құжаттар қабылдауды бастады. Бұл жолы Амангелді және Ворушин көшелерінің қиылысындағы тоғыз қабатты үйдің 64 пәтерлі бөлігі сарапқа салынатын болады. Бұған дейін бірнеше мәрте құжат жинап, бірақ ұпайына қарай баспанадан қағылып келгендер бар, бәйгеге жаңа қосылғандары бар - барлығы бірге өздерінің бақтарын сынауға ұмтылуда. Құзырлы мекеме басшылары бұл жолы тұрғын үйге таластың қызу болатынын алдын ала айтуда. Бағдарламаға сәйкес, биыл жалғыз осы үй пайдалануға беріледі. 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламаның келер жылы жалғасын табар-таппасы әлі беймәлім.


Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31