Кеше Павлодар қаласының соғыс және еңбек ардагерлері, жетім балалар мен әлеуметтік сала қызметкерлері, сондай-ақ, биылғы жылдың қаңтар айында үш бірдей сәбиді дүниеге әкелген Медет пен Қарлығаш Танкешовтарға салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді. Дачный шағын ауданындағы 168 пәтерлі көп қабатты үйдің ашылу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Қоныс тойын тойлаушылардың қуаныштарына ортақтасқан аймақ басшысы: «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында тұрғындар игілігіне беріліп отырған пәтер баршаңыз үшін құтты да жайлы қоныс болсын. Осынау зәулім үй мемлекеттік бағдарлама аясында беріліп отыр. Ғимаратта тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Үйде дәріхана орталығы, сондай-ақ, полиция учаскесі орналасқан. Балаларға арналып аула клубы салынуда. Алдағы уақытта жасанды жабынмен қапталған футбол алаңы осы үйдің маңына тұрғызылатын болады. Мұның бәрі - мемлекеттің халыққа жасап отырған әлеуметтік көмегі. Тұрғын үй нысандарын пайдалануға өткізу жақсы дәстүрге айналуда. Мұндай игі жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Бұл маңдағы автокөлік жолдарына да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру шараларын әлі де жалғастырамыз. Алдағы уақытта көп қабатты тағы екі үйді тұрғындар қолына өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте өңіріміздегі белді кәсіпорындар да аянып қалмайды деген сенімдеміз»,- деді өз сөзінде. Жаңа пәтерге ие болған еңбек ардагері Қалам Қайыржанов және Әлия Русланқызы тұрғындар атынан сөз сөйлеп, аймақ басшысына ризашылығын білдірді.
Жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында осыдан екі ай бұрын үш егіз баланы дүниеге әкелген Медет пен Қарлығаш Танкешовтардың отбасы да бар. Тұрғындарға пәтер кілтін табыстаған Бақытжан Әбдірұлы үшемнің ата-анасын баспаналы болған мерейлі сәтпен құттықтады және Нұрсұлтан, Анар және Шынар есімді үшемдерге зор денсаулық тіледі. Облыс әкімі Б.Сағынтаев пайдалануға берілген тұрғын үйдегі дәріхана орталығында, полиция учаскесінде және аула клубында болып, олардың қызметімен танысты.
Осылайша, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ардагерлері мен әлеуметтік сала қызметкерлерінен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалардан құралған отбасылар жаңа баспанаға қоныс теуіп, қуанышты сәттерін атап өтуде.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

