Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі. Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды.
Бұл бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады дегенді білдіреді. Бұл – біздің тұрғын үй саясатымыздың маңызды нәтижесі.
ҚР Президентінің Жолдауынан.
Тәуелсіздіктің бір жемісі ретінде – өңірдегі тұрғын үй құрылысының айрықша алға басқанын атап айтуға болады. Республикалық және аймақтық тұрғын үй бағдарламалары нәтижелі түрде жүзеге асып, жүздеген жерлестеріміз қоныс тойын тойлады. Бұл жағымды үрдіс алдағы уақытта жалғасын тауып, өміршең етілетін жаңа жобалар көпшіліктің қуанышына айналмақ.
Бұған дейінгі жылдарда жүзеге асқан мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы Павлодар өңіріндегі баспанамен қамту мәселесінің оң шешілуіне әсерін тигізді. Облыста соңғы бес-алты жылда жүз мыңдаған шаршы метр баспана тұрғызылып, көптеген әлеуметтік, өндірістік нысандар пайдалануға берілді. Тұрғын үй индустриясын дамыту алдағы уақытта да жалғасын табатыны белгілі болып отыр.
Облыста алғашқыда 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы мен құрылыс индустриясын дамытудың өңірлік бағдарламасы іске асты. Бұл бағдарлама облыстағы құрылыстың қарқынды дамуына негіз болды. Осы аралықта 448,8 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3995 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жоспарлы түрде іске асыру арқасында облыс халқының баспана мәселесін шешуге шынайы мүмкіндік пайда болды. Павлодар қаласында көп қабатты тұрғын үй құрылысының негізгі алаңы ретінде Усолка шағын ауданы анықталды. Оны аталмыш шағын ауданның қайта өркендеуі деп те айтуға болады.
Усолка шағын ауданының құрылысы кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Онда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да салынуда. Мұнда жаңадан екі аула клубы, емхана, балалар стоматологиясы, 1078 оқушыға лайықталған мектеп, жүзу бассейні, 330 орындық балабақша, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана салынды пайдалануға берілді. Кардиохирургиялық орталық және заманға сай балабақша құрылыстары жүргізілуде. Еліміздің Тұңғыш Президентінің атындағы зияткерлік мектебінің құрылысы жоспарлануда. Қазіргі уақытта осы шағын ауданның жанында орналасқан жаңа Усолка 1А шағын ауданын игеру басталды.
Атап өту керек, қала орталығынан Усолка шағын ауданына төте шығу үшін, асфальтталған тамаша автокөлік жолы салынды.
Соңғы жылдары бой көтерген баспаналар тек қана Усолка шағын ауданында ғана емес, Павлодар қаласының Ледовской, Ворушин, Суворов, Толстой, Гагарин, Кутузов, Жамбыл көшелері бойында, Екібастұз, Ақсу қалалары мен бірқатар аудандарда жалдамалы, несиелік және коммерциялық үйлер тұрғызылды.
Жаңа үйлердегі пәтерлер жас отбасылар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, әлеуметтік саладағы мемлекеттік кәсіпорын жұмысшылары, халықтың табысы аз әлеуметтік қорғалған топтары мен тұрғын үй алуды қалайтын қала тұрғындарына берілді.
Әлеуметтік салалардың қызметкерлері мен жас мамандар үшін Павлодар қаласында сияқты, облыстың басқа қалалары мен аудандарында да жаңа тұрғын үйлер іске қосылды. Алдыңғы бағдарламаның жалғасы ретінде жүзеге асқан 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының өңірлік бағдарламасы сәтті өтті деуге негіз бар. Үш жылдық мерзім ішінде 3113 пәтер пайдалануға берілді.
Тұрғын үй құрылысын, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге ынталандыру мен дамыту мақсатында Павлодар қаласының тұрғын үй құрылысы аудандарына, Усолка шағын ауданына, жеке тұрғын үй құрылысы (одан әрі – ЖТҮҚ) және әуежай шағын аудандары, Кенжекөл ауылы мен Жаңауыл елді мекеніне, “Д” орамына (Амангелді-Ворушин көш.) электр, су, жылумен жабдықтау желілері тартылып, арналық кәріз, байланыс желілері, көшелер мен автожолдар салынды. Екібастұз, Ақсу қалаларында да осындай инженерлік желілер тартылды. Мәселен, Ақсу қаласы бойынша қазіргі күні ЖТҮҚ ауданына жылу жеткізетін тораптың құрылысы аяқталып келеді.
Өңірдегі тұрғын үй құрылысы Павлодар облысының 2011-2015 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасы шеңберінде жалғасады. Алдағы жылдар ішінде 500 мың шаршы метрден астам баспана тұрғызу жоспарлануда. Олардың ішінде тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы жалдамалы, жеке, коммерциялық тұрғын үйлер бой көтеретін болады. Осы жылы аталмыш жинақтау жүйесі арқылы Павлодар қаласы “Д” орамында 144 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй, Екібастұз қаласында 56 пәтерлі жалдамалы үй, Павлодар қаласының 1А Усолка шағын ауданында коммерциялық негіздегі 108 және 36 пәтерлі қос баспана, сондай-ақ жеке тұрғын үйлер құрылыстары жоспарда тұр.
2011 жылдан бастап «Еңбекпен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде “Еңбек ресурстарының оңтайлылығын жоғарылату” бағыты бойынша облыстың қалалары мен аудандарында тұрғын үйді салу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту ойға алынып отыр. Бұған дейінгі тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысында өңірде автоклавсыз қататын көбікбетонды блок, темірбетонды құрылымдарды жасауда пайдаланатын арматуралы болат, балшықты және қыш кірпіші, полистирол, темірбетонды бұйымдар, металл-пластиктан жасалған терезе мен есіктер, еуротерезелер үшін желімделген тақтай, кірпіш, қазіргі заманға сай жабын материалдары, лак және бояу, минерал-мақталы өнімдер шығаратын өндірістік қуаттар іске қосылды. Құрылыс кешені өзінің дамуы барысында құрылыс технологияларының әлемдік тәжірибесін өзіне сіңірді.
Тұрғын үйдің бір шаршы метр бағасы салыстырмалы түрде қымбат емес болғанда қазіргі заманға сай құрылыс материалдары (пластикалық терезелер, сантехникалық полипропиленді құбырлар, қазіргі заманға сай әрлеу материалдары және т.б.) пайдаланылады. Көп қабатты тұрғын үйлерді салғанда, тұтастай құймалы үй құрылысы тәжірибесі қолданылып келеді. Бұл - ғимараттарды шапшаң және сапалы салуға мүмкіндік беретін келешегі зор бағыт. Тұтас құйма құрылысы жоғары экономикалық тиімділікке ие, салаға қазіргі заманға сай рентабельді технологияларды енгізгенде, оның жаңа деңгейге шығуына кепіл береді деп болжануда.
Өңірде әлеуметтік-мәдени нысандардың салынуына үлкен мән берілуде. Қалалар мен аудандарда мектептер, емхана және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысы белсенді жүргізіліп келді. Тұрғындар олардың игілігін көруде. Мәселен, тек 2006 жылы Шарбақты ауданы Шалдай ауылында 220 орындық мектеп-интернат, Ақсу қаласы ауылдық аймағының Пограничник елді мекенінде 198 оқушыға лайықталған мектеп, Қашыр ауданы орталығында 35 төсектен тұратын туберкулезге қарсы аурухана, Ертіс ауылындағы аудандық аурухана жанындағы 30 төсек туберкулезге қарсы бөлім, Екібастұз қаласында ауысымына 480 адам қабылдайтын емхана іске қосылды. Бұдан кейінгі жылдары да бірнеше ондаған жаңа әлеуметтік ғимараттар пайдалануға берілді.
2008 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Павлодар қаласында Достық үйі ашылды. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балалар үшін 2009 жылы қарашада ҚР Үкімет басшысы К.Мәсімовтің қатысуымен Кенжекөл ауылында Балалар ауылы қосылды.
Аймақта дене тәрбиесі және спорт саласын дамытуға байланысты көптеген жаңа спорт кешендері жасөспірімдер мен жастардың игілігіне тапсырылды. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде салынғаны қуантады. Шарбақты, Ертіс, Баянауыл, Лебяжі Ақтоғай, Железинка, Май, Успенка аудандарында, Ақсу мен Екібастұз қалаларына қарасты елді мекендерде спорттық-сауықтыру кешендері бой көтерді.
Ел Президенті Н.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2015 жылға дейін республикада кемінде 200 мектеп пен 350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен емханалар салуды тапсырды. Жолдау аясында біздің облыс бойынша 2 емхана, 14 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 44 медициналық пункт және 8 мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда құрылыс саласы өңірдің экономикалық дамуының қозғаушы күші деп сенімділікпен айтуға болады. Тұтастай алғанда, құрылыс саласының аймақтағы алға басуы шетел өндірушілері мен жабдықтаушылардың қазақстандық өткізу нарығына қызығушылығы арта түсуіне ықпалын тигізді.
Тұрғын үйге мұқтаж облыс тұрғындарының мәселелері уақыт санап біртіндеп шешілуде. Әрбір азаматқа пәтер немесе жеке тұрғын үй алуға мүмкін болатын жағдайлардың барлығы жасалуда. Бүгінге дейін салынып үлгерген және келешекте бой көтеретін жаңа ғимараттар нәтижесінде өңірде әлеуметтік мәселелер айтарлықтай жеңілдей түседі деген сенім зор.
Рүстем БАШИРОВ,
облыс құрылыс басқармасының бастығы.

