КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫЛАРЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Ақсу қаласында жаңа көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл - Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) құрамына енетін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның жүзеге асырып келе жатқан арнайы тұрғын үй бағдарламасының жемісі.  Энергетиктерге пәтер кілтін облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев табыс етті. Сондай-ақ шараға ENRC PLC бас атқарушы директоры Феликс Вулис және «ЕЭК» АҚ президенті Абдуазим Рустамбаев қатысты.
Жаңа тұрғын үй бос қалған ғимаратты толығымен қайта қалпына келтіру арқылы бой көтерді. Мұнда бұрын жатақхана орналасыпты. Сондықтан мердігерге нысанның жобалау жұмыстарын қайта жасап шығуға тура келген. Нәтижесінде бір, екі және үш бөлмелі жетпіс пәтер жабдықталды. Үйдің іші-сырты әрленіп, барлық қажетті коммуникациясы тартылған. Терезе, есіктері жаңартылып, сантехникалық құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ, әрбір пәтерге телефон желісі тартылып, кабельді телевидениемен қамтамасыз етілді. Тұрғын үйдің жалпы аумағы шамамен 3000 шаршы метрді құрайды. Оның айналасындағы алаң қоршалып, көріктендіру жұмыстары жасалыпты. Аулада балалар ойнайтын шағын алаң және автотұрақ жабдықталған. Жалпы, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 300 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалған. Ерекше атап өтерлігі, зауыт қызметкерлері жаңа пәтерді несие бойынша он бес жылға небары бір пайыздық үстемемен алып отыр. Бұл республика бойынша ең тиімді ұсыныс болып табылады. Онымен қоса, биыл ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы екендігін ескерсек, аталмыш тұрғын үй орын тепкен Астана көшесі, 1 үй мекенжайы да ерекше мәнге ие деуге болады.
Қоныс иелерінің қуанышымен бөліскен облыс әкімі Б.Сағынтаев зауыт қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. «Бүгінде елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған тұрғын үй бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Биыл да облысымызға аталмыш сала бойынша қомақты қаржы бөлінді. Соның арқасында жыл соңына дейін аймақ бойынша тағы бірнеше тұрғын үй бой көтермек. Еліміз бойынша атқарылып жатқан осындай игілікті шараларға ірі зауыт, кәсіпорындардың да атсалысып жатқандығы қуантады. Мұндай жұмыстар әрі қарай жалғасын табатындығына сенімім мол. Халқымыз «Өз үйім - өлең төсегім» деп бекер айтпаса керек. Әр адам, отбасы үшін өз шаңырағының болғаны аса маңызды. Ендеше, шаңырақтарыңыз шаттыққа, бақытқа толы болсын», - деді аймақ басшысы.
Қоныс тойын тойлаушылардың қатарында жас отбасылар, зауыттың білікті мамандары және аса қажетті мамандық иелері бар. Бұл мамандарды сақтап қалудың да ұтымды жолы дейді корпорацияның ресми өкілдері. Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі - Нұрбол Ісләмов. Аталмыш зауытта ол төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. «Бүгін менің арманым орындалды. Талай жылдар бойы отбасымызбен жалға пәтер ауыстырып, көшіп жүруден шаршадық. Енді, міне, қуанышқа кенеліп отырмыз» - дейді ол.
Кәсіпорын жұмысшыларын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – корпорация үшін басты әлеуметтік бағыттардың бірі болып табылады. Өткен жылдың өзінде «ЕЭК» АҚ-ның 124 қызметкері жеңілдетілген несие бойынша жаңа пәтерлерге қол жеткізген. Жалпы, компанияның тұрғын үй бағдарламасы 2006 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында аталмыш салаға 1,7 миллиард теңге жұмсалған. Соның арқасында бес жүзден астам қызметкер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. ENRC PLC бас атқарушы директоры Феликс Вулистің айтуына қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын табады. Осы ретте атап өтерлігі, жергілікті атқарушы билік те компанияға қол ұшын беруге әзір. Ақсу қалалық әкімдігінің коммуналдық меншігінде бос тұрған нысандар бар. Тұрғын үйді жаңадан тұрғызғаннан гөрі, ескі ғимаратты қайта қалпына келтіру тиімдірек екендігін тәжірибе көрсетіп отыр.


Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Ақсу қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21
23 24 25 26 27 28 29
30 31