Мемлекеттен пайдалануға алынған, бірақ белгілі бір мерзім ішінде мақсатқа сай кәдеге жаратылмаған жер телімдері заңнама бойынша кері қайтарылады. Жыл басынан бері жалпы көлемі 93 мың гектарды құрайтын жер телімдері иесіз ретінде танылып, арнайы есепке алынды. Былтыр дәл осындай тіркеуге алынған жер телімдері биыл мемлекет меншігіне өткізілді. Бұл жөнінде арнайы баспасөз мәслихатында облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Ж.Қожанов баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі кезде облысымызда барлығы 12 470,5 мың гектар жер бар. Соның 80 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын аумақтар және әзірге бос жерлер болып табылады. Алты ай ішінде құрылған 84 шаруа қожалығына 176,3 мың гектар жер телімі берілді.
Жұмагелді Оралбекұлының мәлімдеуінше, алты ай қорытындысы бойынша жерді сатудан түсетін табыс жоспары толық орындалмай қалды. Бұған Павлодар қаласында жер телімдерінің болжанған көлемде сатылмауы әсер еткен. Оның үстіне жердің базалық мөлшерлемесі кезіндегідей бір шаршы метр үшін 114 теңге емес, 1365 теңгені құрайды. Басқарма бастығының пікірінше, 2008 жылы, яғни дағдарысқа дейін бекітілген базалық мөлшерлемені қазіргі жағдайға байланысты қайтадан қарау қажет. Бұл туралы ұсыныс тиісті агенттікке жіберілді. Алдын ала жіберілген жауапқа қарағанда келешекте мөлшерлемені бекіту міндеті жергілікті органдардың еншісіне тиюі мүмкін. Бұл аталған мөлшерлемені нарықтың жағдайына қарай өзгертіп отыруға қолайлы болар еді.
Бүгінде Павлодар облысы бойынша жерді орналастыру қызметін арнайы лицензиясы бар 26 кәсіпорын ұсынады. Ал табиғат пайдаланушы ретінде 45 нысан тіркелсе, оның бесеуіне лицензия өткен алты айда берілген. Аталмыш кәсіпорындар негізінен құм, құрамында алтыны бар кен, көмір, мыс, балшық, қиыршық тас секілді жалпыға қажетті шикізаттар өндіреді.
Қазіргі кезде кәсіпкерлік мақсатындағы жер телімдерінің құқығы конкурс негізінде ұсынылады. Ж.Қожановтың сөзіне қарағанда, басқарма кәсіпкерлердің алдынан шығатын әкімшілік кедергілерді жоюға белсенді түрде кіріскен. Мәселен, заңнама бойынша бір құжатты 10 күн ішінде беруге тиіс болса, басқарма мамандары кәсіпкердің шаруасын 6-7 күн ішінде бітіріп беруге мүдделі.
Жұмагелді Оралбекұлының айтуынша, облыстық жер қатынастары басқармасы жыл аяғына дейін жоспарлаған барлық жұмыстарды өз деңгейінде атқарып шығады.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

