АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЖЕТ

2009 жылы облыс диқандары бір миллион тонна астық жинады. Дегенмен өткен жыл

alt

шаруаларға аз ауыртпалық түсірген жоқ. Астық өткізуде күрделі жағдайға тап болған ауылдағы ағайынға сиыр жылы есте қаларлықтай сабақ болды. Өмір бір орнында тұрмайды, былтырғы жыл қиындық қамытын киіп, біраз терлесе де, биылғы егістің қамына диқандар қазірден кірісіп кеткен. Егіс танаптарында көктемгі дала жұмыстары басталды. Биылғы егіс науқаны қандай болады? Ауа райынан не жақсылық күтеміз әрі мемлекет тарапынан берілетін субсидия қалай бөлінеді? деген сынды сауалдарға жауап іздеген жергілікті ауыл шаруашылық қызметкерлері осы аптада кеңейтілген кеңес өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Төлеген Закарьянов жиынға төрағалық жасады.

Жаз егістікке қолайлы болады

«Баптай білсең, жер - жомарт». Бала-шағасының нәпақасын иелігіндегі жерден айырып отырған шаруа ағайын мол өнім алғысы келсе, топырақтың бабын табудың жолдарын жақсы біледі. Дегенмен қол жеткізген табысқа тоқмейілсіп, өз шаруасын бүтіндеуге жететін пайдамен шектеліп қалуға болмайды. Аграрлық сала тәуелсіздік алған жылдары біраз тұралап қалса да, соңғы уақытта тың серпін пайда бола бастаған. Әіресе, егін шаруашылығы тұрақты дамуда. Шаруашылықтар озық техникалармен қаруланып, егіс танаптары кеңейтілуде.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі дейгейін 2014 жылға қарай екі есеге арттырып, азық-түлік тауарлары бойынша ішкі нарықтың сексен пайызын отандық өнімдер құрауы керектігін міндет еткен. Және бұл көрсеткіштерді бағындыру үшін салада тиімді инновациялық жүйе қалыптасуы керектігін атап айтқан.

Былтырғыдай қолайлы ауа райы жыл сайын қайталана бермесі анық. Біздің облыс еліміздегі астықты аймақтар қатарынан саналады. Облыс шаруаларының алдына қойылып отырған міндет те маңызды. Биыл өңірдегі егіс алқабы – 1 миллион 177,5 мың гектарды құрамақ. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда тоқсан екі мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді дақылдардың үлес салмағы басым, бидай себілетін алқаптар алпыс мың, күнбағыс жиырма сегіз мың гектарға ұлғайтылады. «Қазгидромет» орталығының өңірлік филиалы мамандарының хабарлауынша, жаз айлары айтарлықтай аса қатты ыстық болмайды. Жылдағы маусымдық температура нормасы сақталады. Жауын-шашын да өз деңгейінде қалып, күз айлары ашық болады. Бір сөзбен айтқанда ауа райынан егіс маусымына төніп тұрған ешбір қауіп жоқ.

Биыл қыста ұзаққа созылған қатты аяздың әсерінен жердің үстіңгі қабаты тоң болып қатып қалды. Соның салдарынан егіс танаптарының көп жерінде ерте көктемнен бастап  ылғал жоғалту байқала бастады. Қыста қар тоқтатқан шаруашылықтар саны аз болды. Мамыр айында ауа температурасы жоғары болады, соның салдарына топырақ қабатының құрғау қаупі бар. «Дегенмен бұл жағдай қыста қар тоқтатқан шаруашылықтарға айтарлықтай зиянын тигізе қоймайды, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы В.Дубовицкий. – Ал оны ондай шараларды жүргізбегендердің егістіктерінде біраз проблемалар бой көтеруі мүмкін». Осымен бірге ол аудандардағы ауыл шаруашылық құрылымдары өз иеліктеріндегі егістік жерлерді толық пайдаланбайтынын атап көрсетті. Облыс бойынша осындай 37,9 мың гектар жер бос жатыр. Мұндай жағымсыз жағдай Ақсу мен Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында көп кездеседі.

 

Демеуқаржыдан дәмелі шаруашылықтар көп

Тағы бір көңілге қонбайтын жайт – көптеген аудандар биыл күнбағыс дақылын өсіруге баса назар аударып, басқа дәнді дақылдарды өте аз көлемде егуді жоспарлап отыр. Мәселен Успенка және Қашыр аудандарындағы егіс алқаптарының 33 пайызын күнбағыс құрамақ. Бұдан басқа Қашырдағы егіншілікпен айналысатын 16 шаруашылық тек бидай және күнбағыс өсіреді. Успенкадағы «Усик» шаруа қожалығы өзіне тиесілі 4300 гектар алқаптың 4000 гектарына күнбағыс егуді жоспарлап қойған. Бұл әрекеттердің барлығы ауыспалы егісті пайдалану талаптарын өрескел бұзып отыр.

- Күнбағысқа төленетін мемлекеттік демеуқаржы мөлшері басқа дәнді дақылдарға қарағанда жоғары. Диқандар жер жағдайын ойлаудан бұрын мемлекеттен берілетін қаржыдан молырақ пайда көріп қалуды мақсат етіп отыр,-деп баға берді бұл мәселеге облыстық аумақтық инспекциясының бастығы Е.Батырханов. Инспекция басшысы бұған қоса биыл жазда егін зиянкестері – шегіртке, италияндық тарақан, колорадо қоңызы, ұсақ көбелек және тағы басқа жәндіктерге қарсы кең ауқымды химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілетінін жариялады. Мемлекет қазынасынан оған қажетті қаржы бөлініп, 354 мың гектар жерге арнайы препараттар себіледі.

Күнбағысты жылма-жыл өсіре беру топырақтың құнарын кетіріп қоймай, оның тұздануына алып келетінін шаруалар жақсы білуі тиіс. Красноармейка  ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының директоры Б.Ермұратовтың сөзіне сүйенсек, күнбағыс егу ауыспалы танап негізінде жүргізіліп, бір егілген орынға тек сегіз жылдан соң ғана қайта оралу керек. Өкінішке қарай, бұл табиғи талапты сақтап отырған ешкім жоқ.

Аймақта тұқым сапасына байланысты проблема көп. Көктемгі себу жұмыстарына 78 мың тонна тұқым қажет. Ол қазір қолда бар. Бірақ кейбір жерлерде әлі күнге ескі тұқым қолданыстан шықпаған. Екібастұзға қарасты шаруашылықтардың барлығында үшінші класқа жататын тұқым пайдаланылса, Баянауыл ауданында – 55 пайыз, Қашырда – 32 пайыз тұқымның сапасы төмен болып танылды. Ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында сатып алынатын бидай, арпа және қарақұмықтың жоғарғы репродукцияларын субсидиялауға облыс бюджетінен 26,5 миллион теңге бөлінді. Демеуқаржы квоталары қазір барлық аудандарға таратылып берілді, қазір шаруашылықтар тиісінше алып жатыр, деді В.Дубовицкий.

Көктемгі себу жұмыстарына аймақта қырық екі мыңға жуық трактор, 1341 агрегат, бір мыңнан астам соқа, мыңға таман культиватор, екі мыңдай себу агрегаттары және 105 дана себу кешендері жұмылдырылмақ. Жазғы егіс – 957,7 мың гектарды құрап отыр. Барлық жұмысқа 14,8 мың тонна дизельді отын, 1,5 мың тонна бензин және жеті жүз тонна дизель майы қажет. Бүгінге дейін аталған жанар-жағармайдың 60 пайызы ғана жеткізіліп үлгерген.

Т.Закарьянов диқандарға мамырға дейін жеңілдетіліп берілген бағадағы жанар-жағармайды жеткізіп алу керек деді, одан кейін арзан бағалы дизельді отын сатылмайды. Сондықтан алдағы бір апта ішінде үлгеріп қалу керек. Облыс әкімінің орынбасары күнбағысты көп өсіріп, мемлекеттен берілетін демеуқаржыны молынан қарпып қалуды ойлап отырған шаруашылық басшыларына ескерту жасады.

«Биыл жылдағыдай қаржыны әрбір шаруашылықтың қолына ұстатып қоя бермейміз. Ол тек инновацияға бет бұрған, ылғал сақтағыш және озық технологияларды енгізген шаруашылықтарға ғана төленетін болады. Үкіметтің қойып отырған талабы осы. Біз де өз тарапымыздан демеуқаржының таратылуы барысында олқылықтардың орын алмауына баса назар аударамыз. Мемлекет қазынасындағы қаржыны босқа шашуға жол бермейміз», деді Т.Закарьянов.

 

Мүмкіндікті дұрыс пайдаланған жөн

Жиын кезінде «Қазагроқаржы», «ҚазАгро» компаниялары, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өкілдері көктемгі егіске байланысты облыс диқандарын қаржыландыру, несиеге техника әкеліп беру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарынан хабар берді. Кейбір компаниялардың өкілдері облыстағы бірқатар шаруашылықтардың бұған дейін алған несиелерінің төлеу мерзімін өткізіп алғандарын, тіптен былтыр Үкімет арқылы алынып берілген пролонгацияны дұрыс пайдаланбай отырғандарын айтты. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» шаруалардың былтыр алынған бидайды тапсыруда әлі де болмасын жайбарақаттық салынып, өтініш түсірмей жатқандарын баяндады. Осыны өңір басшылығы назарға алып, диқандарға қозғау салса деген өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ шаруашылықтардың ұжымдық еңбек келісімшартын жасауға асықпай отырғандары да сөз болды. Ұжымдық еңбек келісімшартын жасауды Елбасы міндет етіп қойған. Бұл тапсырма әлі күнге орындалмауда. Осыған диқандар айрықша назар аударса екен деген өтініш айтылды.

Т.Закарьянов бас қосу соңында барлық айтылған мәселелерді шаруалардың  дұрыс қабылдап, өз жерлерін талапқа сай игерулерін кеңес етті.

 

Тобықтай түйін

Былтыр әлем бойынша астық көп сатылып алынды, соған орай алдағы бір-екі жылда бидай бағасы осы арзан қалпында сақталады. Диқандар дәнді дақылдың бір ғана түрін өсірмей, көптүрлі егістікке көшсін. Өңірде көпжылдық шөп өсіру мәселесі кенжелеп тұр. Биыл осы  мәселеге және суарылмалы жерлерді іске қосуға баса назар аударылатын болады.

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31