Кезінде нарықтық қатынасқа көшкенде жұтап қалған алтын бесігіміздің осы күні заман көшінен қалыспай, өз тіршілігін жасап жатқанын көріп, көңіліміз орнына түсіп қайтамыз. Май ауданы Саты ауылының тұрғындары да бүгінде атадан қалған кәсіп мал шаруашылығымен айналысып, еткен еңбегінің жемісін көруде. Әрине, барлық ауылдағы ағайындарға тән мәселелер мұнда да көрініс тапқан. Бұл жайлы сәл кейінірек. Алдымен ауылдың ажарын ашып тұрған әлеуметтік жағдайлар туралы білгенімізді айтып өтелік.
Ауыл балаларына - сапалы білім
Мәліметке жүгінсек, бүгінде Саты ауылдық округінде жеті жүздей тұрғын бар. Оның басым бөлігі округ орталығы – Сатыда, біразы Абай ауылында тұрады. Тоқсаныншы жылдары бұл елді мекеннен жапа-тармағай қоныс аударып кеткендер қаншама. Қазірде мұнда қалып, алдындағы малын ұқсатумен күн көріп отырғандар – ата-баба мекенін тастап кетуге қимай, ауылдың жарқын болашағына сенген азаматтар. Шүкір, бүгінде Сатының тұрмыс-тіршілігі бұрынғыдай жұпыны емес.
Саты округі әкімдігінің бас маманы Тасбике Егінбаева қазір ауылда жастардың қатары азайғанын айтты. Бұрынырақта шуы бір басылмайтын орта мектепте бүгінде 77 бала оқиды. Білім ошағының басшысы Әлия Анафинаның сөзіне қарағанда, мектепте білім беруге қажетті жағдай жасалған. Былтыр «Жол картасы» бағдарламасы бойынша мектептің мәжіліс және спорт залдары, едендер мен терезелер, төбесі жаңартылды. Біраз уақыт бұрын сыр беріп тұрған жылу қазандығына күрделі жөндеу жүргізілді. Қазірде қысқы кезеңге қажет отын жеткізіліп қойған. Мектеп директоры өткен жылы ғана жаңадан жеткізілген асхана жабдықтарын да мақтанышпен көрсетті. Айтпақшы, мектеп сыныптарының жабдықталуы да ойдағыдай. 2007 жылы химия пәні кабинетіне 3,5 млн. теңгенің құрал-жабдықтары сатылып алынды. Оқушылар заманға сай үлгідегі компьютерлерді меңгереді. Интерактивті тақта секілді заманауи құрылғылар бүгінгі жеткіншектердің озық технологияға деген құштарлығын арттыратыны сөзсіз. Бұған мектепке жас мамандардың келуі де септігін тигізіп отыр. Былтыр ауылға үш жас оқытушы жолдама бойынша келді. Еңбек жолдарын жаңадан қалыптастырып жатқан олар да ауылдағы өрендердің жетік білім алуына ынталы. Мектеп директорының айтуынша, былтыр Саты мектебін 6 бала бітірсе, соның екеуі – Мерей Әбішев пен Рымжан Рымбекова аудан әкімінің грантын иеленген. Қалғандары қаланың ақылы негіздегі орта арнаулы оқу орындарына түскен.
Саты мектебінде соңғы екі жылдан бері бүлдіршіндерге арналған шағын орталық жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 12 бала тәрбиеленуде. Оларға талапқа сай ойын және жатын бөлмелері жабдықталып берілген. Ұқыпты тәрбиешілер балдырғандар бойына ізгі қасиеттерді сіңіруде.
Айта кетерлігі, Саты ауылында жақын арада 20 балаға арналған жеке балабақша ашылмақ. Бұрынғы тұрғын үйді тәрбие мекемесіне лайықтаған екен. Бұл үшін аудан бюджетінен арнайы қаржы бөлінген. Директоры Алмагүл Солтанованың айтуынша, мұнда 2-5 жас аралығындағы балалардан бір топ жасақталатын болады. Екі тәрбиеші, бір медицина қызметкері жұмыс істейді. Мектептің шағын орталығы жарты күн ғана жұмыс істесе, балабақша оқу-тәрбие сабақтарын кешке дейін өткізеді. Ата-аналар бір балаға ай сайын 5 мың теңге төлеп тұрады. Жатын бөлмесі мен жаңа ойыншықтарды көрсетіп шыққан директор балабақша ауылдықтар үшін игілікті нысан болатынына сенімді.
Жеке дәріхана ашылады
Пенде болған соң, бас ауырмай, балтыр сыздамай тұра ма? Мұндайда алғашқы дәрігерлік көмек ұсынатын Саты ауылында фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Медбибі Күләтай Бейсембаеваның айтуынша, көбіне жергілікті тұрғындар қан қысымы, қант диабеті секілді сырқаттар бойынша келеді. Арнайы тіркеуге алынған мүгедек балалар мен жүкті әйелдерге деген көзқарас ерекше.
- Емделу үшін дәрігерлер тағайындап берген дәрі-дәрмектерді осында саламыз. Балаларға тиісті екпе жасаймыз. Дәрілер гипертония, гастрит ауруына шалдыққандарға жеңілдікпен, темір жетіспеушілігіне ұшыраған жүкті әйелдер мен бір жасқа толмаған балаларға тегін беріледі, - дейді ол.
Саты ауылдық медициналық пунктіне осы округте тұратын 700 адам қаралады. Дегенмен ол - бөлімше іспетті, көршілес Малайсары ауылында орналасқан, аға дәрігер Гүлнар Бекбаева басшылық ететін амбулаторияға қарайды. Айтпақшы, таяуда Саты пунктінің меңгерушісі Нұргүл Бекқожина арнайы лицензияға ие болды. Енді рұқсат қағаз бойынша ауылда дәріхана ашуға мүмкіндік туады. Айта кетелік, бұл жөнінде облыс басшысының берген арнайы тапсырмасы бар. Дәрі-дәрмектерді келісім-шарт бойынша жеке меншік фирма жеткізіп тұрады. Бұл осыған дейін дәрі-дәрмек сатып алу үшін аудан орталығына сабылып келген ауылдықтар үшін оңтайлы болмақ.
Шаруаларға қолдау қажет
Ресми мәлімет бойынша Саты ауылында жеті шаруа қожалығы бар. Соның бірі – «Солтанов» шаруашылығы бұдан екі жыл бұрын құрылған. Басшысы Амангелді Сабырұлының айтуынша, 100-ден аса жылқы мен 120 бас ірі қара мал ұстайды. Негізінен малдың етін өткізумен айналысады. Етті облыс орталығына апарып өткізеді. Базарларда сиыр етінің бір келісін орташа алғанда 620 теңгеден қабылдайды. Ал жылқы етін негізінен жеке тапсырыспен жеткізеді. Әсіресе соғым кезінде сатып алушылар көбейеді. Түліктерінің қоңды болуы үшін шаруа қожалығы жазға салым мезгілде ауылдан 25 шақырым қашықтағы жайлауға көшеді. Бүгінде Аменгелді Солтанов малдың қысқы азығын дайындаумен әбігер. Қуаңшылықтың салдарынан биыл қырдың шөбін шабу мүмкін емес, сондықтан мал азығын тоғайдан жеткізеді. Шаруашылықтың 305 гектардай шабындық жері бар. Жем-азық дайындау науқанына қолда үш «МТЗ-80» тракторы мен «КамАЗ» автокөлігі жұмылдырылған.
Амангелді Сабырұлымен әңгіме-лескенімізде, келешекте іске асыруды ойлаған жоспарларынан хабардар болдық. Соңғы кезде кәсіпкер Май ауданындағы «Ақжар-өндіріс» асыл тұқымды шаруашылығынан «жабы» тұқымдас жылқыларды сатып алуға кіріскен. Былтыр барлығы 30 бас бие сатып алынды. Ал айғырды Ақтөбедегі Мұғалжар зауытынан арнайы алдыртқан.
- Жабы жылқысы өзіміздің табиғатқа әбден бейімделген, қысы-жазы тебіндеп жүре береді. Бір жағынан, бұл жылқылар етті болып келеді. Бүгінде табындағы жабылардың саны 60-тан асып қалды, дейді шаруашылық басшысы.
Шаруа қожалығында ағылшын тұқымды сәйгүліктер де бар. Негізінен, бәйгеге қосылатын жануарлар. Амангелді Солтановтың өзі – шабандоз, сондықтан ұшқыр аттарға қалай қызықпасын?! Биыл ол облыста өткен ұлттық ат спорты ойындарында Май ауданының намысын қорғаған.
Кәсіпкер асыл тұқымды жылқыларымен қатар, қазақтың ақ бас сиырын да көбейтпек ойы барын жасырмайды. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында асыл тұқымды бұзау-тайыншаларды 80 мың теңгеден сататын көрінеді. Өзінің асыл тұқымды шаруашылық құруға деген талпынысын Амангелді кезінде ұстазынан алған тәлімі деп біледі. Саты ауылында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқан Сайлау Әлжанов деген атақты селекционер болған. Асыл түліктердің басын көбейтсе ғана, өнімділіктің өсетінін шаруа әбден түсінген.
Қазірде талап бойынша сатылатын мал қасапханадан шығуға тиіс. Бұл ретте Саты ауылында да біраз істер қолға алынған. Бірақ мұндағы жеке кәсіпкер Омарбековтің шешілмей тұрған мәселесі де бар. Алғашқыда қажет деп айтылған соң ештеңеге қарамай қасапхана құрылысын бастап кеткен ол енді оны салып болғанмен, іске қоса алмай тұр. Ғалым Бекболатұлының сөзіне қарағанда бар мәселе – жобалық-сметалық құжатта. Әу баста талап етілетін құжатты түгендеп алмаған кәсіпкер енді бағасы қымбат құжатқа қолы жетпей, амалсыз үш айдан бері дағдарып қалған. Мал союға арналған алаңда екі қасапшы бар. Қанша мал сою қажет болса да, үлгереміз, дейді олар. Қазір ауданда бір малды сою қызметіне 2 мың теңге төлейді. Бірақ Ғ.Омарбековтің сөзіне қарағанда, бұл - ауылдықтар үшін қомақты сома. Сондықтан арзандатудың жолын іздестіреді.
- Жобалық-сметалық құжатты жасатуға айтарлықтай қаржы керек. Осыған дейін бар қаржымды осы қасапхананы тұрғызуға жұмсадым. Енді несие алайын десем, оған мүмкіндік жоқ. Ауыл шаруашылығын қолдау қорының жеңілдетілген несиесін алуға биыл да өтініш бердім. Бірақ тағы жолым болмады. Қымбат кепілдік талап етеді. Онда да қаладан болуға тиіс. Осы жағынан қолдау болмаса, жағдайымыз қиын, - дейді кәсіпкер.
Ауылдықтардың тұрмысы тек қолдау болса ғана түзеледі. Газет өкілдерімен кездесу кезінде «Башлам» шаруа қожалығының басшысы Эми Абубакаров ақсақал арзан несие алудың қиыншылығын алға тартты. Жылдық өсімі 13 пайыз деп айтылғанымен, банктің өз пайдасын, тағы да басқа мөлшерлемелерін үстемелейтін болсаңыз, несиенің нақты өсімақысы 24 пайыздан кем болмай шығады. Онда да қарыз тек қымбат кепіліңіз болса беріледі. Банктер мүліктерді ауылдан емес, қаладан болғанды талап етеді. Ауылдықтар алдындағы малын өткізуде де қиыншылықтарға тап болып отыр. Қаланың іргесіндегі шұжық өндіретін кәсіпорын пәленбай малдың етін қабылдаса да, ақшасын кешіктіріп беріп жатады. Шаруа қожалықтарының өзі осындай кейіпке түсіп жатса, қарапайым тұрғындардың жағдайы одан да төмен. Әрине, бұл аудан басшылары атына айтатын сын емес. Бұл мәселелерді жоғары деңгейде шешу керек. Май ауданы тек мал ұстап қана күндерін көреді, егін салуға жердің құнарлылығы төмен. Сондықтан малды өткізу мәселесі шешілмейінше, мұндағы тұрғындардың ауқаттана түсуі екіталай.
Бүгінде Саты ауылының жалпы тыныс-тіршілігі осындай. Ауыл тұрғындары бұрынғыдай зейнетақы, жәрдемақы атаулы кешігуде деген секілді ескі әңгімелерді алға тартпайды. Тек нарық заманында өздерінің күндерін көруге біраз жағдай жасап беруді өтінеді.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

