ІЛКІМДІЛІК – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

«Үштөбе-Арман» шаруа қожалығында игі істер көп

 

Баянауыл ауданы - мал басы бойынша облыста көш бастап келе жатқан аймақ. Табиғаты төрт түліктің қай түрін болмасын өсіруге жайлы, шөбі айрықша нәрлі болып келетін өлкеде соңғы уақытта оң тірліктер молынан байқалуда. Шаруашылықтарда мал басы жыл санап артуда. Солардың арасында «Үштөбе-Арман» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады.

 

Аталмыш шаруа қожалығы Бірлік ауылдық округінде орын тепкен. Ет бағытында құрылып, жылқы, қара мал, қой өсірумен айналысады. Шаруашылық басшысы Бауыржан Хакимовтың айтуына қарағанда, бүгінде онда жүзден астам жылқы, жүз елудей қара мал, төрт жүзден астам қой бар. Жыл сайын жергілікті ет өңдейтін кәсіпорындар мен базарларға ет тапсырады. Қой малы негізінен тірідей көптеп сатылады. Таяуда ғана Астана жақтан бір кәсіпкер келіп, жүз бас қойды бірден сатып алып кетіпті.

Екібастұз қаласында апта сайын өтетін ауыл шаруашылық тауарларының жәрмеңкесіне мал апарып сатады. Ондағы «ЭМПК», павлодарлық «Рубиком», басқа да ірі ет кәсіпорындары өздері келіп, келісі 500-550 теңгеден сиыр етін сатып алып кетеді. Былтырғы қытымыр қыстың әлегі шаруашылыққа қатты сабақ болса керек. Биыл жүз елу тонна шөп үйіп, азық қорын мықтап қамдап алған. Мұнда жалданып жұмыс істейтін ауыл тұрғындары айына 40 мың теңгеге дейін еңбекақы табады. Жұмыскерлердің отбасыларына әртүрлі көмек көрсетіледі. Жергілікті мектеп пен мешітке, аз қамтылған отбасыларға демеушілік жасайды.

Шаруашылықтың алдында тұрған маңызды міндет асыл тұқымды мал өсіру болып отыр. Биыл қазақтың етті ақ бас сиырын сатып әкелуді жоспарлаған екен, қаржылық қиындықтың туындауынан ойлары жүзеге аспапты. Енді келесі жылы аудан басшылығының қолдауымен жобаны өміршең етуге мықтап бел буып отырған жайлары бар.

Баянауыл өңірінде аудан орталығынан жырақ жатқан қыстақтардың көбісінде осы күнге дейін электр жарығының жоқтығы үлкен мәселеге айналып тұр. «Үштөбе-Арман» шаруа қожалығы - осының зардабын тартып отырғандардың бірі. Бүгінде ол маңайындағы мал өсіретін басқа ағайындармен бірлесіп, электр бағаналарын орнатып, сымдарын тартып қойған, ендігісі энерго трансформатордың мәселесі шешілмей жатқан көрінеді. «Егер қуат көзі өзім секілді мұқтаж болып отырған шаруалардың үйлеріне жететін болса, мүмкіндіктеріміз молая түсер еді,» - дейді Б.Хакимов. Бүгінде отандық ғалымдар желмен жұмыс істейтін электр генераторларын ойластырып жатыр деген жаңалықты естіген Бауыржан аға: «Ондай құрал шықса, бірден сатып алар едім», деді. Аталмыш азаматтың ұйымдастыруымен бүгінде Бірлік ауылында шаруашылық дүкені жұмыс істеп тұр. Жақын арада ол жерден наубайхана ашуды жоспарлауда. Өзінің айтуынша, алдағы уақытта басқа да шаруаларды іске асыру көзделуде, тек барлық мәселе қаржыға тіреледі.

Шаруашылық басшысы ауданда мал ұрлығының белең алып тұрғанын да сөз арасында жеткізді. Мал өсіріп отырған ағайындар бүгінде төрт түліктеріне сақтықты күшейткен. Шетке шыққан малдардың қолды болып жатқаны бар. Жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұрыларға қарсы күрес шараларын күшейткендері абзал. Жеңіл жолмен мал тапқысы келгендердің әрекеттерінен шаруаларды қорғап қалу үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық.

Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыру экономиканың барлық салаларының дамуына, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруға және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға елеулі ықпал етеді. Бүгінде саланы бәсекеге қабілетті ету, онда өндірілетін өнімдерді әлемдік нарық кеңістігіне алып шығу төңірегінде көп сөз қозғалуда. Бұл ретте мал шаруашылығына айрықша назар аударылып жатқаны да айқын. Ауылды аймақтарда орналасқан шаруа қожалықтарын дамытуға нақты шаралар белгілеп, ынталандыру бағытында демеуқаржы төленсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Мұрат АЯҒАНОВ, Баянауыл ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30