ПАВЛОДАР АУДАНЫ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

Үстіміздегі жылдың 26 қарашасы күні ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Шараға аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев қатысты. Сондай-ақ, қалалар мен аудандардың басшылары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері жиналды. Жиында ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктер сөз болып, биылғы жылдың қорытындысы шығарылды.

 

Алдымен жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің қойылған көрмесін тамашалады. Көрмеде аймақтағы белді өнеркәсіп ұжымдарының тауарлары ұсынылды. Дерекке ден қойсақ, облыс бойынша үстіміздегі жылдың он айында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы сомасы 52,7 миллиард теңгені құрайды. Аталмыш секторда 4400 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындары болып табылады. Павлодар облысы бойынша ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында бюджеттен 8 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылған. Астықты ору, жинау жұмыстарына қол жетімді бағамен 30 000 тонна дизелді отын бөлінген. Соңғы үш жыл ішінде облыстың машина-трактор паркіндегі техникалар саны 635 бірлікке артты. Бұларды сатып алуға 6,4 миллиард теңге жұмсалған. Биылғы жылы 288 бірлік жаңа техника қатарға қосылды. Оның 194-і тауар өндірушілердің қаражатына алынды. Үстіміздегі жылы ылғалды ресурс қорын сақтайтын технологиялардың көмегімен 211 мың гектар жер өңделді. Облыс бойынша астықты, майлы дәнді дақылдар өндіруде Ақтоғай (62 пайыз), Шарбақты (46,1 пайызға), Железин (40,3 пайыз) және Успен аудандары (40,1 пайыз) нәтижелі жұмыс атқарды. Бұлар - аймақ көлеміндегі агрокешенде атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана.

- Ауыл - еліміздің ырысы мен берекесі. Сондықтан ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайы мен келешегі баршамызды толғандырары сөзсіз. Еліміздің жарқын болашағы мен кемел келешегі ауылмен тығыз байланысты. Елбасы Н.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің стратегиялық дамуын қадағалау керектігін атап өткен болатын. Соған орай мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көмек көрсетіліп жатыр. Биылғы жылдың өзінде көптеген игі істердің куәсі болдық. Мал және астық өнімдерін өндіруде елімізде алға басушылық байқалады. Мұның бәрі Елбасының салиқалы саясатының негізінде жасалып жатқан жұмыстар екені анық. Биылғы жылы астық өндіруде ауа райының қолайсыздығына қарамастан тұрғындарға қажет өнімді толықтай қамтып алдық. Павлодар облысы биыл мемлекеттік қорға 12784 тонна астық тапсырды. 18049 тонна картоп пен 6699 тонна көкөніс өнімдері сақтауға тапсырылды. Балық өнеркәсібі де алға қойылды. Осының өзі біздің облыс үшін үлкен жетістік. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған істердің барлығы бізді толықтай қанағаттандырады,- деді өз сөзінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған аймақ басшысы барлық тұрғындарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, облыстағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше үлес қосқан павлодарлықтарға өз ризашылығын білдірді.

Жиын барысында облыс басшысы бірқатар ауыл шаруашылығы қызметкерлерін Құрмет грамота және Алғыс хаттармен марапаттады. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында үздік шыққан аудандар облыс әкімінің қолынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша аталмыш салада Железин ауданы үшінші, Шарбақты ауданы екінші орынды, ал Павлодар ауданы бірінші орынды жеңіп алды. Аталған аудандардың басшыларына сый-сыяпаттар табыс еткен облыс басшысы «осы беттен таймай, нәтижелі қарқынды жоғалтпай, жұмыс жасаңыздар» деген тілегін жеткізді. Аталған аудандар облыстың ауыл шаруашылығы саласына көп жылдан бері қомақты үлес қосып келеді. Бақытжан Әбдірұлы облыстың көркеюіне белсене атсалысқан ауылшаруашылығы ардагерлерін де марапаттады. Жас мамандарға үлгі-өнеге болып, аман-есен жүрулеріне тілек танытты.

Шара барысында Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Ринат Ғафуров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасенов сөз сөйлеп, бірқатар ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Салтанатты жиын облыс өнерпаздарының концертіне ұласты.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29