Павлодар өңірінде жыл сайын астықтың аз жиналуына қолайсыз ауа райы ғана емес, егістікке пайдаланылатын танаптардың нашар жағдайы да себеп болуда. Уақыт өткен сайын топырақтың құнары төмендеп, кейбір жерлер сортаңға айналып жатқандығы да жасырын емес. Кейбір ғалымдардың дәлелдеуінше, тың игеру жылдарынан бергі уақыт ішінде облыстағы егістік жерлер қарашіріктің (гумус) 30 пайызын жоғалтып үлгерген. Бұған топырақтың құнарсыздануы, жер өңдеудің биологиялық заңының және органикалық заттың бұзылуы себеп болып отырғандығы анық. Қазіргі уақытта жерді биологиялық негіздегі тиімді (интенсивті) әдіспен өңдеуге көшетін кез жетті. Заманға сай жер өңдеу тыңайтқыш тәсілдерінің жаңа да озық технологияларын талап етеді, бұл өз кезегінде жүргізілетін аграрлық шаралардың қымбатшылығына алып келеді. Сондықтан топырақты өңдеуде органикалық тыңайтқыштарға жүгіну - бірден-бір тиімді жол.
Органикалық тыңайтқыштар өнімділікті арттырудың маңызды көзі ғана емес, олар топырақтың құнарлылық әлеуетін еселейді. Алайда біздің облыста оларды қолдану жеткіліксіз жағдайда.
Қазіргі жағдайда тыңайтқыш ретінде астықты дәнді дақылдың күзде егіс даласында қалып қоятын сабанын қолдану қарапайым әрі технологиялық жағынан қауіпсіз саналып отыр. Топырақтың құнарына әсер ету көрсеткіші бойынша бір тонна сабан 3-3,5 тонна көңнің эквивалентіне тең. Сабан – топырақтың қарашірігін синтездеуге арналған құрылыс материалы. Сабанды пайдалану кезінде топырақтың құнары артып, ондағы элементтер байытылады. Небары бір тонна сабаннан жер қойнауына 4,2 кг азот, 1,7 кг фосфор, 8,3 кг калий, 4,2 кг кальций, 0,7 кг магний және сабақтың дәнінде емес, сабанында жиналып қалатын басқа да микроэлементтер қайтарылады. Сонымен бірге ол топырақтағы ылғалдың сақталуына үлкен әсер етеді, оны арамшөптен қорғайды әрі жел эрозиясынан сақтандырады. Сабанмен өңдеу кезінде отамалы дақылдар, дәндібұршақтылар, біржылдық шөптер, жазғы егістіктер жақсы нәтиже береді.
Аталмыш органикалық затты пайдалану арқылы жоғары тиімділікке қол жеткізу оны жүргізу технологиясын дұрыс сақтаған кезде ғана мүмкін болады. Сабанды кескенде оның өте ұсақ болғанына назар аудару керек. Неғұрлым ұсақталса, соғұрлым топырақта тез ыдырайды. Ұсақтағыш агрегатты дұрыс реттеу арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ол егінді жинау барысында комбайнға немесе басқа да агрегаттарға орнатылады.
Соңғы жылдары Павлодар облысындағы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер тарапынан ресурссақтауыш технологияларға көбірек көңіл бөліне бастады. 2009 жылы өңір бойынша 200 мың гектар жерге аталмыш технология пайдаланылды. Дегенмен шаруалардың көбісі сабанды органикалық шикізат ретінде қабылдай бермейді, оған сақтықпен қарайды немесе елеп-ескермейді. Осының салдарынан қолда тұрған арзан тыңайтқыш түрі игілікке кеңінен пайдаланылмауда.
Павлодар ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты топырақтағы ылғалды жеткілікті сақтап әрі құнарын арттыру үшін топырақ бетінде қанша мөлшерде өсімдік қалдықтарын қалдыру керектігін анықтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Егістік жағдайында жүргізілген тәжірибелер барысында сабан мөлшері әр гектар жерге әртүрлі көлемде (ең азы – 1 т/г) салынды.
Нәтижелер көрсеткендей, топырақ бетіне өсімдік қалдықтарынан түзілген қабат ылғалды сақтап, еріген қар суы мен жаңбыр суын көп мөлшерде жинайтыны белгілі болды. Бір гектар жерге 3-тен 5 тоннаға дейін сабан қалдыру қажет. Алғашқыда гектарына 3 тоннадан бастап, кейін көлемін біртіндеп көбейтіп отырған маңызды. Соған орай егіс даласында қалдырылатын әрбір тонна сабанға 8-10 килограмм азот енгізу қажет.
Атап өтерлігі, биыл күзде жазғы бидайдың өнімділігі гектарына 13,1 центнерді көрсетті. Бұл егіс танаптарының әрбір гектарына 3 тоннадан сабан шашылған болатын.
Осылайша, сабанды егістікке пайдалану топырақтың су-физикалық қасиеттерін арттырып, құнарлану үдерісін жеделдетеді. Нәтижесінде мол өнім алуға жол ашылады.
Данияр ШЕКЕЕВ,
Павлодар ауылшаруашылық
ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.

