ӨЗГЕНІҢ ӨНІМІНЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

 

 

ӨЗГЕНІҢ ӨНІМІНЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
жылыжай шаруашылығын дамыту көкөніс тапшылығының алдын алады
 
Павлодар қаласында көкөніске байланысты мәселе қыс мезгілінде күрделене түседі. Ең әуелгі мәселе – оның бағасының қымбаттылығында. Қазіргі күні бір келісінің бағасы 800-1000 теңгенің үстіне шығып кеткен қияр мен қызанақтың құны алдағы уақытта одан әрі көтеріле түспесіне ешкім кепіл бола алмайды. Себебі еліміздің оңтүстігі мен Қытайдан әкелінетін бұл өнімдер алыпсатарлардың осы мезгілдегі негізгі ақша табатын көзіне айналады. Былтыр «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының көмегімен Қытайдан әкелініп тұрған дәмін жұрт онша ұната бермейтін көкөністер болған. Бірақ ол көпке созылмады, себебі сөреде жатып қалса тез бұзылып кететін өнімді тұрақты әкелуге кәсіпкерлердің құлқы соқпады.
 
Жергілікті билік қазіргі күні қияр мен қызанақтан басқа да көкөністердің бағасын аз да болса арзандату бағытында жұмыс жасап жатқандары анық. Алайда жыл сайын қайталанатын осы бір жағымсыз үрдістің жолын табатын амалдардың әлі күнге қолға алынбай отырғанына таң қалмасқа шара жоқ. Қыстың күні қалалықтарды қолжетімді көкөніспен қамтамасыз етудің негізгі салмағы жылыжайларда жатқанын айту керек. Мұндай кешендер бізде тіптен аз. Павлодар қаласындағы екі бірдей жылу-электр станциялары жанында және «Жасыл шағын орман» ЖШС негізінде ескі жылыжайлар жұмыс істейді. Бірақ олардан өніп шығатын өнім жергілікті сұраныстың небәрі 15 пайызын ғана қамтамасыз етеді екен. Оған қоса, алюминий зауыты мен бұрынғы трактор зауыты аумағында бір-бірден шағын жылыжай кешендері орналасқан. Дегенмен, соңғы қос кешен кәсіпорындардағы қоғамдық тамақтану орындарының қажеттіліктерін ғана өтеуге шамасы жетеді.
Жылыжай мәселесі облыс орталығында айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпқа айналған. «Жасыл шағын орман» серіктестігі соңғы үш жыл бойы шетелдік заманауи технология негізінде жалпы аумағы 10 гектардан тұратын жаңа жылыжай кешенін тұрғызуға талпынып көрген. Бірақ бұл бизнес-жоспардың соңы нәтижесіз аяқталды. Ең ақыры өңірдегі шаруашылықтарды өркендетуге септігін тигізіп жүрген «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамының өзі де оны қаржыландырудан бас тартты. Серіктестік басшылығы былтыр жазда жобаға қаржы табу үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырды, қала билігінен қолдау іздеп көрді. Қала әкімдігі бар көмекті жасап баққанымен, қаржы компанияларын көндірудің сәті келмеді әрі құжат жинауда кедергілер көп кездесті. Осылайша, жоспары сәтсіз шыққан көкөніс фирмасы бұл ойынан біржола бас тартты. Өкінішті-ақ, әрине. Алғаш жоба туралы сөз қозғалғанда жергілікті мамандар кешен іске қосылса, қала халқын қыстың күні арзан қиярмен және қызанақпен толықтай қамтуға болады деп пікір айтқан.
 
ШЕТЕЛДІКТЕРДЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ МОЛ
Осыдан бір жыл бұрын біздің облысқа Израиль елінен белгілі бір компания мамандары келіп, жергілікті көкөніс өсірушілерге заманауи жылыжайлар мен жерді суландыру технологияларын ұсынды. Біздің жерге шынылы-пластикті жылыжайлар тұрғызуға болады. Оларға электр қуаты арқылы жылу беріледі. Сонда шетелдік меймандардың бірі Павлодар қаласындағы  Орталық базарда болғанын сөз еткен. «Базардағы шеттен әкелінетін көкөніс пен жеміс-жидек түрлерінің бағасы біздің елдегіден де қымбат екен. Болашақта оларды өздеріңіз өсіруді қолға алсаңыздар, шетелдік өнімдерге тәуелді болмайтындарыңыз анық. Қытайлық дәмсіз қияр мен қызанақты сіздер де жақтырмайды екенсіздер, бұл маған ұнады. Сырттан жеткізілетін сапасыз көкөністен гөрі өз жерлеріңізде өсетін өнімді тұтынғандарыңыз абзал. Бұл үшін заманауи технология мен әдістерді меңгерсеңіздер болғаны», деген-ді. Алыстан ат терлетіп келген израильдіктердің ұсыныстары кісі қызығарлықтай болғанымен, атаған құрал-жабдықтары қаны жерге тамбайтын қымбат болып шықты. Бір жылыжай кешенінің құны шамамен 200 мың еуроны құрайды екен. Осыған орай, бұған біздің агрокешенде жүрген ағайын аса ықылас таныта қоймаған-ды. Дегенмен, аталған шетелдік технологияны сатып алуға мемлекет тарапынан арнайы несиелер бөлінсе, мәселе оңтайланар ма еді...
Расында күні кешеге дейін жылыжайда өскен көкөніс десе, көз алдымызға дәріленген бақша өнімдері елестейтін. Оны денсаулығымызға зияны бардай көріп, алуға құлқымыз бола бермейтін. Одан гөрі ашық аспан астында өскен табиғи өнімді алуға ұмтылатынбыз. Сөйтсек, шындығында, ауа райының қолайсыздығына тәуелсіз жылыжай шаруашылығы ашық жермен салыстырғанда, сапалы мол өнім алуға кепілдік береді екен әрі ол жергілікті тұтынушыларды арзан өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Жылыжай шаруашылықтарын дамыту қазіргі таңда әлемде аса маңызға ие болып отырғаны анық. Болжам бойынша, үшінші мыңжылдықта дамыған елдердің ауыл шаруашылығы жабық жылыжайларға ауысады. Дәл қазір олар осындай әдіспен өнім алу үшін ең төменгі пайызбен 25 жылға дейін ұзақ мерзімді несиелер беріп, диқандарына барынша қолдау көрсетуде. Айталық, Голландия 12 мың гектар, Түркия 45 мың гектар, ал аса қарқынды даму үстіндегі алып Қытай 2 миллион гектардан астам жерді жабық шатырмен көмкеріп үлгеріпті. Көршіміз Ресей де көштен қалмай,        2 мың гектардан астам жерге жылыжай жасады.
 
 
ТЫҢ ТӘЖІРИБЕЛЕР КҮТЕМІЗ
Өзімізде көкөніс өндірудің үлкен әлеуеттері бола тұра, импорт өнімдерге тәуелді болып келуіміз бұл салада инвестицияның аздығын айқын көрсетеді. Бүгінде әр облыстағы қалалар маңына азық-түлік белдеуін құру мәселесі жиі көтеріліп жүргенін ескерген абзал. Еліміздің оңтүстігінде былтырғы жылдың өзінде бірнеше ондаған гектар жаңа жылыжай кешендері іске қосылды. Ол жақтағы кәсіпкерлер жылыжайдың болашағы зор екендігін болжап отыр. Қысы суық, аязды болып келетін біздің өңірде мұндай кешен ұстау оңай шаруа емес. Алайда бізде жылу-энергетиканың мол қоры бар. 
Қазақ ұлттық аграрлық университеті ректорының кеңесшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Апушев Павлодар облысында жылыжай шаруашылығының келешегі зор деп есептейді. «Өңірде үш бірдей ірі электр станциясы, бірнеше жылу-электр станциялары бар. Солардың артық жылуын жылыжайларға орнымен пайдалану білу керек. Қытай, Голландия, Израиль мемлекеттерінен заманауи жылыжай кешендерін сатып алуға болады. Бұған ұлттық компаниялар мен «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ерекше назар аударуы тиіс. Облыстың аграрлық саласында жалпы, үлкен әлеует бар. Қаншама ұлан-ғайыр жерлер бос жатыр. Жергілікті ауа райының құбылмалылығы мен қатаңдығы салдарынан жыл сайын мол өнім алу мүмкін емес. Соның әсерінен кейбір дәнді дақылдар мен көкөніс, жеміс-жидек түрлерін өсіре алмаймыз. Ауа райына тәуелді болмас үшін қолдан төбесі шатырланған алқаптарды тұрғызу керек», дейді ол.
Жылыжайды жылытудың әлемде сан түрлі әдісі бар екенін атап өткен жөн. Павлодар қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Жомарт Сембаев облыс орталығында жақын болашақта жүзеге асуы мүмкін тың жоба жайында айтқан болатын. Ол – малдың қиын энергия орнына пайдаланып, жылыжайға қажетті жылу жіберіп тұратын бұрын болмаған тың тәжірибе түрі. Германияда бұл әдіс кеңінен қолданылады. Төрт тұяқтының тезегін арнайы қондырғының көмегімен қайта өңдеп, одан электр қуатын өндіруге болады. Қалаға жақын орналасқан шошқа шаруашылықтарының бірі осы әдісті меңгеріп көруге бел байлап отырғанға ұқсайды. Жылу қуаты – жылыжай үшін ең негізгісі әрі қажеттісі. Жылыжай кешендеріндегі шығынның басым бөлігі осы бағытқа тиесілі. Электр қуатын пайдаланып, жабық алқаптарға қыста жылу жіберуге болады, бірақ тәжірибе көрсеткендей оған жұмсалатын қаржы өзін ақтамайды. Себебі электр қуаты тым көп қажет. Әрі мұндай жерде өнген көкөністің өзіндік құны да қымбат болып келеді. Сондықтан қажетті қуатты биологиялық жолмен өндіру бағытында қолға алынғалы отырған тың жоба тиімді болатыны анық. Белгілі болғандай, болашақ жылыжай «Нефтяник» саяжайы маңынан орын тебеді. Себебі су көзі жақын. Бастамашы шаруашылық ұжымына тек сәттілік тілейміз.
Шет мемлекеттерде кейбірі күн сәулесін іске жаратса, енді бірі судың буын жылуға пайдаланады. Осыдан екі жыл бұрын Өзбекстанда бір кәсіпкер қабырғасының қалыңдығы бес метр, саздан пирамида тәрізді жылыжай кешенін тұрғызған. Биіктігі төрт-бес метрге жуық пирамида - жылыжайдың төбе тұсына ғана мөлдір пластик жабылады. Саз - жылу сіңіргіш әрі оны ұзақ уақытқа бойында сақтайтын жер жынысы. Аталмыш кешен жаз бойы күн сәулесінен жылу алып, ол қуатын қыс ортасына дейін сақтап тұратын қасиетке ие көрінеді. Осылайша, кәсіпкер жылуға бір тиын да шығынданбастан, алғашқы жылы 35 мың тонна көкөніс өндіріп, қарық болған. Осындай тапқырлық әрекеттерді біздің көкөніс өсірушілерден де күтуге болатын шығар.
Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықты өзіміз өндіретін отандық сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі екендігін атап көрсетті. Жергiлiктi тұрғындардың көкөнiс өнiмдерiне деген сұранысын жыл он екi ай бойы тұрақты қанағаттандыру үшін жылыжай шаруашылығын тезінен дамытуға тиіспіз. Мемлекет басшысының, Үкіметтің инфляция дең¬гейін өсірмеу туралы тапсырмаларын мүлтіксіз орын¬дау мақсатындағы шаралар осы саланы да қамтыса деген тілек бар. Бұл секторды дамытудың  маңызы зор. Біріншіден, жылыжайда өндірілген өнімдер жыл бойы өзімізді көкөніспен, жеміс–жидекпен толық қамтамасыз етеді және бағасы арзандайды. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары құрылады. Үшіншіден, олардың сапасы оңтүстіктен және Қытайдан әкелген өнімнен әлдеқайда жоғары болмақ.
 
Мұрат АЯҒАНОВ.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31