Облыс ауыл шаруашылығы басқармасында осы сауалға жауап айтылды
Павлодар қаласында өткен жылдың соңы мен 2011 жылдың басында көкөніс бағасы күрт көтерілгені белгілі. Тұрғындар наразылығын тудырған мәселенің себебін түсіндіру мақсатында Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Аталмыш басқарма бастығы Бауыржан Қасенов көкөніс нарығындағы жағдайдың жөн-жосығын әңгімелеп берді.
Дәстүрлі мерекелердің қарсаңы мен жылдың бірінші айында көкөністерге деген сұраныс көбейіп, олардың бағасы өседі. Бүгінгі күні облыс орталығы тұрғындары «Павлодарский» сервистік дайындау орталығының 74 және «Рахмет» нарығының 426 сауда нүктесі арқылы көкөніс түрлерімен қамтамасыз етіледі. Бағалардың көтерілуі көбінесе картоп және республикамыздың басқа аймақтарынан әкелінетін қияр, қызанақ секілді көкөніс түрлеріне тиесілі. Мәселен, қала тұрғындарының картопқа сұранысы айына 1912,8 тоннаны құрайды. Оның 20,4 пайызын «Павлодарский» сервистік дайындау орталығы және 69 пайызын «Рахмет» әмбебап сауда орталығы өтеп отыр.
Көкөніс түрлерінің барлығына дерлігі өзіміздің аймағымызда өсірілсе де, «баға неге көтерілді?» деген сауал еріксіз туындайды. Бауыржан Қазыбекұлының айтуынша, аталған өнім түрлеріне біздің облыс пен көршілес Ресейдің бізге жақын аймақтарында сұраныс әрдайым жоғары. Бұл бірінші себеп болса, екіншісі, жаз мезгіліндегі құрғақшылыққа және қыста ауа температурасының төмендеуі салдарынан тасымалдау жұмысының тоқтап қалуына байланысты болып шықты. Бүгінде ауа райы қолайлы болып, көкөніс тасымалдау жұмысы қайта жандануда. «Павлодарский» СДО-да картоптың босатылу бағасы – 53, көтерме бағасы 58 теңге. Павлодар ауданында босатылу бағасы шамаман 45-75 теңге, ал көтерме бағасы 50-85 теңгені құрап отыр. Қазіргі кезде «Павлодарский» СДО-ның қоймасында 1000 тоннадан астам картоп бар. Оның 180 тоннасы өткен жылдың желтоқсан айында сатылса, келер айларда 200 тоннадан алып отыру көзделген.
Белгілі болғандай, былтырғы жылдың соңы мен үстіміздегі жылдың басында қиярдың бір келісінің құны 1000 теңгеге дейін шарықтап кетті. Жиын барысында аталмыш өнім бағасына байланысты мәселе көтерілді. Б.Қасенов қияр Павлодарға Қарағанды қаласының көліктік-логистикалық орталығы арқылы тасымалданатынын жеткізді. Аязды күндерде және мерекелер кезіндегі демалыс уақытында тасымал тоқтап қалған. «Бүгінгі күні Қарағандыдан қиярдың жаңа партиясы жеткізілді. Бұған дейін оның бір келісінің бағасы 900 теңге болса, қазірде 600 теңгеге төмендеді. Баға тұрақтанды», - деді ол.
- Біздің басқарма құрылымының басты мақсаты жергілікті тұрғындар үшін көкөніске деген тиімді баға мен қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Жыл сайын осы мезгілде көкөніс бағасының қымбаттайтыны бізді алаңдатпай қоймайды. Бағаның көтерілуіне қарсы күреске тек мемлекеттік органдар ғана емес, барлығымыз да атсалысқанымыз абзал, - деді Б.Қасенов.
Жиын барысында әлеуметтік дүкендердегі көкөніс бағасының өсуі туралы да сөз болды. Қаламызда орналасқан осындай сауда нүктелерінің бірқатарында өнімнің қымбаттауы байқалған. Қымбатшылықпен күресу мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы аптасына бір рет мониторинг жұмыстарын жүргізіп, бағаларды бақылауға алды. Басқарма бастығы журналистер қауымына әлеуметтік дүкендердегі баға тұрақтылығын бақылау үшін бірлесе жұмыс атқаруды ұсынды.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

