ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне ерекше мән беріп, таяу арада қол жеткізуге ұмтылатын міндеттерді белгілеп берген болатын. Бұл тапсырмаларды орындайтын болсақ, ет өнімдерін шетелге шығару мүмкіндігі туады. Алайда алдымен сапалы азық-түлік өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп алуымыз керек. Бұл ретте облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуші негізгі өңір - Павлодар ауданының өндірушілері біршама жақсы нәтижелерге иек артуда. Бұл туралы аудан әкімі Төлеген Бастеновпен сұхбат барысында кеңінен мәлім болды.
- Төлеген Қаратайұлы, әңгімемізді ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерден бастасақ деймін. Өткен жылы Павлодар ауданы облыс бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Бұған қалай қол жетті?
- Былтырғы жыл қорытындысы бойынша Павлодар ауданы облыс көлемінде бірінші орынды, республика бойынша 7-ші орынды иеленгенін қуанышпен атап өткен орынды. Бұл жетістіктерге ауданның ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін қажырлы да ұйымшыл еңбеккерлердің маңдай тері арқасында жетіп отырмыз.
Былтырғы жылдың қуаңшылығына қарамай, суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың арқасында картоп, көкөніс қажетті көлемде өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 11 млрд. теңгеге жетті. Егістік алқабы 134,4 мың гектарды құрады. Барлығы 3460 тонна астық жиналып, 44 мың тонна көкөніс, 52 мың тонна картоп алынды. Өткен жылмен салыстырғанда, картоп 3160 тоннаға, көкөніс 1000 тоннаға көбірек алынды. Мал шаруашылығы бойынша 7,5 мың тонна ет, 39,6 мың тонна сүт, 5,6 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда мал басы да өсіп келеді. Атап айтқанда, жылқы - 9 пайызға, қой 5 пайызға өсті.
- Павлодар ауданы – облысты көкөніспен қамтушы негізгі аудан. Былтыр өнімді көптеп алдыңыздар. Оны неғұрлым ұзақ мерзімге сақтау мәселесі қалай шешілуде?
- Жалпы, жыл өткен сайын ауданымызда қоймалар саны көбеюде. Биыл шаруалар 14,5 мың тонна өнім сыятын қойманың құрылысымен айналысады. Сондықтан бізде қойма да жеткілікті, картоп та, көкөніс те мол. Алайда шаруашылықтар өздері өсірген өнімдерін қалаған бағасына Каспий теңізі бойындағы облыстарға сатуда. Бір жағынан, олардың да әрекетін түсінуге болады. Ала жаздай еңбегі, жұмсаған шығыны, сатып алған техникасы бар. Алған өнімдерін сатып, қарыздарын өтеуді көздейді. Әрине, бұл жерде, ең алдымен, өзіміздің облыс орталығын көкөніспен қамту мәселесі алдан шығады. Бірақ оған қаланың өзі қам жасауға тиіс. Картоп пен көкөніс өнімдерін күзде көптеп сатып алып, қоймаларға салып қойса, кейін баға өскен кезде сауда орындарына, сөрелерге жібереді. Шаруалар да қалаға өнімді жеткілікті көлемде беретін еді. Негізінде, Павлодар ауданында жиналатын өнім тұтынушылар сұранысын бірнеше есе артығымен өтеуге жетеді. Мәселен, қала халқы жыл сайын 20 мың тонна картопты қажет етсе, бізде 52 мың тонна картоп алынады. Оған жеке адамдардың бау-бақша салатынын тағы қосыңыз. Түйіндей келе, бізде өнім жағы жеткілікті. Өкінішке қарай, олардың көбісі басқа жаққа, Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.
- Былтыр «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы құрылғанын білеміз. Алғашқы бетте шаруалардан картоп пен көкөніс өнімдерін мөлшерлі бағамен сатып алуда біраз мәселе туындаған еді. Жоспар орындалды ма?
- Иә, орындалды. Айта кету керек, сервистік-дайындау орталығы облыс әкімінің бастамасымен құрылды. Бүгінгі күнде халықты арзан көкөніспен қамтудың ең тиімді жолы деп ойлаймын. Оған біз дәл ертерек кірісуіміз керек еді. Бағаны тұрақтандыруға ықпалы барына енді көзіміз жетіп отыр. Қазіргі кезде картоп өндірушілер өнімді 75 теңгеден береді, сол бағада «Рахмет» деген базарға тапсырады. Сол жерден қаланың дүкендеріне тұрақты бағамен өткізіледі. Одан басқа, аудан өндірушілеріне қарайтын 16 дүкенде де сатылатын картоптың келісі 75-80 теңгеден аспайды. «Заря» шаруа қожалығы қаланың 17 сауда орнына картоптың килограмын 54 теңгеден әкеліп отырады. Осы істерді сервистік орталық ұйымдастыруда, сондықтан оның тиімділігі жоғары деп білемін. Қазір егер картоп өндірушілерге қаржыны ертерек берсек, олар күзде өнімдерін белгілі баға бойынша жеткілікті мөлшерде берер еді деген оймен басшылыққа ұсыныс айтып отырмыз. Содан кейін тұтынушылар үшін бағаны жыл бойы тұрақтандыруға мүмкіндік те кеңейеді.
- Ет және сүт өндірістері туралы не айтасыз? Өңдеу саласын өрге бастыру бағытында нәтижелі істер бар ма? Көп аудандарда осы сала кенже қалып отырғаны мәлім...
- Елбасы биылғы дәстүрлі Жолдауында еліміздің алдағы бес жыл ішінде 60 мың тонна ет экспорттайтындай әлеуетке қол жеткізуді тапсырды. Бұл ретте ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуымыз қажет. Қазірде жеке бағдарлама әзірленуде. Ауданда асыл тұқымды мал санын көбейтуге баса көңіл бөлінеді. Бүгінде аудан бойынша жеті асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Қазақтың ақ бас малы мен симментал тұқымды түліктер, асыл тұқымды қойлардың басын көбейтуге «Киров» ЖШС, «Луганск» өндірістік кооперативі, «Болат» шаруа қожалығы, «Жаңа қала», «Маяк», «Ауыл Ту» шаруа қожалықтары белсенді түрде кірісті. Биыл мұндай мәртебеге «Восток» және «Сұлтан» шаруашылықтары қол жеткізеді деп күтілуде. Бірқатар шаруашылықтарда мал бордақылау алаңдарын салу жоспарланған. Асыл тұқымды мал басы жалпы мал санының 22,5%, ал қой басы 16 % үлесін құрайды.
Жалпы, облыс халқын қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтуда Павлодар ауданының үлесі қомақты. Облыс бойынша жеткізілетін еттің 12,5 пайызы, сүттің 12 пайызы – бізге тиесілі. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта еселеуге ұмтыламыз. Әрине, еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңашыл жобаларды батыл түрде енгізу қажеттігі сөзсіз. Биылғы жылы «Тоғас» шаруа қожалығы 930 бас малға арналған сүт фермасын құру жобасын одан әрі жалғастырып, 800 гектар суармалы алқапты қайта қалпына келтіруге кіріспек. Басқа да шаруашылықтар дамуды көздейтін жобаларын жүзеге асырады. Одан басқа, әрбір ауылдық округте жеке наубайханалар ашуға күш салып отырмыз. Бүгінде Павлодар ауданында 14 наубайхана жұмыс істейді. Күніне 1,7 тонна нан және нан өнімдері өндіріледі. 2011 жылы қосымша тағы да 2 наубайхана Мичурин ауылдық округінің Жамбыл ауылында және Красноармейка ауылында ашылады. Сөйтіп, биылғы жылы барлық 16 округте бір-бір наубайханадан болады. Бұл бір жағынан қосымша жұмыс орны, екіншіден, мен үнемі қаладан әкелінген, жолда қатып қалатын наннан гөрі ауылдың үйде піскен ыстық нанын жеген әлдеқайда пайдалы екенін айтамын.
- Жалпы, кәсіпкерлерге несие беру жағдайы қалай?
- Ауыл шаруашылығын дамытуға барлық бюджеттерден 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Соның ішінде алынған несие – 1,4 млрд. теңге және жәрдем ақша – 406 млн. теңге. Былтырғы жылы 422,4 млн. теңгеге 77 ауылшаруашылық техникасы алынды. Техника сатып алған шаруашылықтардың ішінде “Андас”, “Родник”, “Заря”, “Дары природы” шаруа қожалықтары және “Луганск” өндірістік кооперативі, тағы басқалары бар. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында шағын кәсіпкерлік нысаны 6,4 пайызға көбейіп, оларда 5 мыңға жуық азамат жұмыс тапты. Осы салада шығарылған өнім көлемінің 23 пайызға өскені - мемлекеттік қолдаудың нәтижесі.
- Бүгінде елімізде халықтың әлеуметтік тұрғыда жағдайын жасау, жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылады. Бұл бағытта қандай істер жүйесін тапқан?
- Өткен жыл біздің ауданымыздың экономикасымен қатар әлеуметтік саласының да тұрақты дамуымен сипатталды. “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыру үшін 139,3 млн. теңге сомасында бюджет қаражаты бөлінді. Әлеуметтік жұмыс орындары құрылып, жастар тәжірибесі ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде аудандағы жұмыспен қамтылған азаматтар саны көбейіп, аз қамтамасыз етілген тұрғындар саны азайды. Жұмыссыздық деңгейін 0,2 пайызға дейін төмендету мүмкіндігін пайдаландық. Экономика саласының қажеттіліктеріне сәйкес кәсіби оқу мен қайта оқуға 80 жұмыссыз азамат жіберілді. Айта кетерлігі, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 6 отбасына азайды. 2009 жылы бұл көмек түрін 36 отбасы алған болатын.
Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге ерекше назар аударылуда. Оларға дәрі-дәрмек сатып алуға, телефон қызметі үшін абоненттік төлемге, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер шығысын өтеуге ай сайын материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, қатерлі ауру түрлеріне шалдыққан жандарға материалдық көмек көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
- Білім беру және денсаулық сақтау мәселелеріне келсек. Осы күні ауданда балабақшамен қамту жағдайы қалай? Сондай-ақ облыс басшылығының әр ауылда дәріхана болуы керек деген талабы қаншалықты деңгейде орындалуда?
- Білім беру саласына әрқашан көп көңіл бөлінеді. Ауданда 28 жалпы білім беру мектебі жұмыс істейді, онда 4060 оқушы білім алуда. Мектептерде 41 компьютерлік сынып интернет желісіне қосылған. Өткен жылы 5 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткізіліп, материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 31,5 млн. теңге берілді. Бұл қаржыға 2 мектепке мультимедиялық оқу бөлмесі мен екі биология кабинеті, 18 мектептің асханасы жабдықталды. Сондай-ақ оқу орындарына жиһаздар мен медициналық құралдар сатып алынды.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесіне келсек, ауданда 5 балабақша, 26 шағын орталық жұмыс істейді. Осы мекемелерде барлығы 1197 бала тәрбиеленеді. Соның ішінде былтыр 418 балаға 15 шағын орталық пен Чернорецк ауылында 60 орындық 1 балабақша ашылды.
Биылғы жылы Набережное, Новоямышев ауылдарында жалпы саны 120 бүлдіршінге арналған балабақша ғимараттарын жөндеу аяқталады. Сондай-ақ өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылған Черноярка ауылындағы 100 орындық балабақша ғимаратына да жөндеу жүргізіледі. Тағы айта кетерлігі, Красноармейка ауылында жұмыс істейтін балабақшада қосымша екі топ, ал Ольгинка ауылында қосымша бір топ ашылады. Сөйтіп, осы күні өзекті болып отырған мәселенің күрмеуін шешуге талпынамыз.
Павлодар ауданының тұрғындары үшін заман талабына сай жабдықталған емхана жұмыс істейді. Аудандағы барлық емдеу мекемелері мамандармен қамтамасыз етілген. Өткен жылы жерлестерімізді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді жақсарту үшін қосымша дәріханалар ашылды. Бүгінгі күні ауданымыздың барлық ауылдары қамтылып, 32 дәріхана және 8 жылжымалы пункт жұмыс істейді.
Алдағы уақытта ауданда 3-4 мектепті күрделі жөндеуден өткізу қажет. Сондай-ақ жаңа мектеп салу заман талабы болып тұр. Павлодар ауданында 30 мың адам тұрады. Балалар көп, кең мектеп керек.
- Ауылдардың мәдени өмірі қалай дамуда? Өнерпаз топтардың жетістіктері бар ма?
- Соңғы төрт жылда аудан бойынша 20 клубтық мекеме қайта қалпына келтіріліп, 3 кітапхана ашылды. Бұл мәдени ошақтардың қалпына келтірілуі ауыл тұрғындарына оң әсерін тигізуде. Ауданда 28 клубтық мекеме, 17 кітапхана жұмыс істейді. Ауданның барлық клубтық мекемелері осы заманғы музыкалық аппаратуралармен, жиһаздармен жабдықталды. Биылғы жылы да Әйтім, Богдановка ауылдарында мәдениет ошақтарын ашуға, ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және Красноармейка ауылының мәдениет үйін жөндеуге қаражат бөлініп отыр.
«Өнерліге - өріс кең» деп бекер айтылмаса керек, ауданның көркемөнерпаздары аудандық, облыстық және халықаралық сайыстар мен фестивальдерде бақтарын сынап, биік белестерді бағындыруда. Мысалы, Любовь Набойченко Киев қаласына барып, қазақ әнін шырқаса, «Селяне» вокалдық тобы Томск қаласында өткен 2-ші халықаралық «Розима мая беларус» атты беларус әндері фестиваліне қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Облыстық 13-ші Қазақстан халқы мәдениеті мен өнері фестивалінде аудан өнерпаздары бірінші орынға ие болды.
2010 жылдың қарашасында Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» жастар фестиваліне Заря ауылдық клубының «Үміт» би тобы қатысып, мақтау қағазын алды.
- Таяуда ғана аудан халқының алдында есеп беруді аяқтадыңыз. Кездесулерден қандай түйін жасадыңыз? Ауылдықтарды қандай мәселелер толғандырады?
- Тұрғындарды мазалайтын мәселелердің қатарына ауыл ішіндегі жолды жөндеу жатады. Басқа аудандар қазірде ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуде, біз бұл жұмысты аяқтаған болатынбыз. Ендігі жерде халық ауылдың ішіндегі жолдарды жөндеуді талап етуде. «Біраз күту керек болар, әзірге ондай бағдарлама жоқ» деп жауап бердім. Одан кейін азаматтарымыз мәдениет ошақтарының ішін жабдықтау, орындықтарын жаңалау мәселесін көтерді. Кейбір ауылдарымызда суы ащы, оларға су тазалайтын кешенді блок-модуль құрылғысын қоямыз. Тағы бір мәселе, қазір орталықтандырылған су құбырын ауылдарға тартудамыз. Ауылдықтардың өтініші бойынша су құбыры әрбір үйге жеткізіледі. Көшелерді жарықтандыру жағдайы да бар. Бүгінде әр ауылда 25-28 көше шамы орнатылған. Ендігі жерде олардың санын көбейту керек. Әсіресе, ауыл шетін жарықтандыруға баса мән береміз.
Чернорецк, Черноярка ауылдарында кезінде жаңадан қоныстанған тұрғындар үй құжатын дер кезінде түгендеп алмаған. Енді оларға бұрынғы иелерден сенімхат берілу керек немесе заң бойынша 15 жыл баспанаға иелік етіп, содан кейін ғана өздеріне бекітіп алады. Бұл - күрделі мәселе. Қазір ауылдарға жұмыс істеуге келген жас мамандардың да мәселесін шешу керек. Өткенде мемлекет тарапынан 40 млн. теңге қаражат берілген. Бұл қаржыны ауданға келген мамандарға үлестіргенде, әрқайсысына 5,5 мың АҚШ долларынан тиеді. Алайда бұл ақшаға біздің ауданнан баспана сатып алу қиын. Олардың бағасы әлдеқайда қымбат. Осы мәселені басшылыққа айтудамыз. Тұрғын үй сатып алу үшін берілетін қаржының көлемін 1,5 есеге көтеру керек туралы Парламент депутаттарына да ұсыныс айтылды. Былтыр ауданымызға 53 жас дәрігер мен мұғалім келді. Барлығына көтермелеу ақысы берілді. Бірақ 12-сін ғана баспанамен қамтыдық, кезекте тағы 28 маман тұр. Қосымша қаржы алған жағдайда олардың да мәселесін шешіп береміз.
Жалпы айтқанда, өткен жылғы есептік кездесулерде тұрғындардан отыз шақты ұсыныс-ескерту келіп түсті. Соның ішінде қаржыға байланысты орындалмаған төртеуі жақын уақытта толық шешімін табатын болады. Биылғы кездесулерде айтылған ұсыныстар да елеусіз қалмайды, барлығы да ескеріледі деп сендіре аламын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.


