Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауынан.
Ауылдағы мал өсіріп, шаруа баққан ағайынның құлағына алтын сырға! Биыл жыл басынан елімізде Үкіметтің қолдауымен ет бағытындағы мал санын арттырудың жаңа бағдарламасы жүзеге аса бастады. «Сыбаға» деп аталатын бағдарлама шеңберінде ауылдықтар айтарлықтай төмен пайызбен 7 жыл мерзімге дейін несие алып, ірі қара мал сатып алуға болады. Осылайша өз шаруашылығын кеңейтудің амалын, дамудың жолын іздеген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік туды. Осындай сәтті қалт жібермей, уақытында, ретімен пайдаланып қалған абзал.
Бірден айтып кету керек, бұл несие ауыл шаруашылығында қазір кенжелеп тұрған ірі қараның етті бағыттағы тұқым табынын көбейтуге мақсатталған. Елбасы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс жағдайын одан әрі жақсарту үшін мал басын көбейту және одан алынатын өнімдерді экспортқа шығару жөнінде нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес Үкімет осы арнайы мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Ел қазынасынан оны қаржыландыруға 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің несие ұйымдары оны жүзеге асыратын операторлар ретінде белгіленді. Қазіргі күні біздің облыстағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдарының филиалдары бағдарламаға тұрғындардан өтініш жинауды бастап кетті.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Павлодар облысы филиалының директоры Сайра Ықыласова осы төңіректе жасалып жатқан жұмыстар жайында кеңінен баяндап берді. Біздің облыста 2005 жылдан бері әрекет ететін несиелік ұйымның шаруаларға қаржы таратуда жинаған тәжірибесі мол. Сайра Жарылғапқызының айтуына қарағанда, «Сыбаға» несиесі тек қана мал шаруашылығымен айналысатын, соның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерге, шаруа қожалығына, фермерлік шаруашылыққа және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге беріледі. Және бұл қаржы тек етті бағыттағы сиырлар мен ұрықтандырушы аталық мал, яғни, асыл тұқымды бұқалар алуға жұмсалуы тиіс. Несие алушы берілген қаржыға тек сиырлар мен бұқаларды сатып алып қана қоймайды, оны өсіріп, өндіріп, етті бағыттағы сиырлардан тұратын табынға айналдырады, болмаса, бордақылау алаңдарына тапсырады.
Несиенің көлемі бір миллион теңгеден 7,5 миллион теңгеге дейін жеті жылға 6 пайыздық үстемемен беріледі. Қарызды қайтарудың алғашқы екі жылына жеңілдік қарастырылған. Кепілдікке шаруаның жағдайына қарай, жылжитын және жылжымайтын мүліктер алынады. Ол дегеніміз – ауылдық тұрғынның үйі, мал ұстайтын қорасы, техника, басқа да ғимараттар. Егер қарыз алушының өзінде кепілге ұсынатын мүлік болмаса, екінші тұлғаның меншігіндегі нысанды, яғни ата-анасының немесе аға-інісінің мүлкін қоя алады. Несие алушы қарызын мерзімінен бұрын өтеп жатса, оған айыппұл салынбайды.
Қойылатын талап аз емес, ең алдымен қандай шаруашылық нысаны болмасын, оның қаржылық жағдайының тұрақтылығы, төлем қабілеті басты назарға алынады. Екінші мәселе - несие алушының малды бағып-күтуге қажетті мүмкіндігі, қора-қопсысы, суат көзі, мал азығының берік қорын жасақтайтын жағдайы, мал жайылатын жайылымы (бұл жерде бірігіп шаруа жүргізу жөніндегі келісімшарт арқылы да болады) болуы міндетті. Шаруашылықтың төңірегіндегі малдәрігерлік-санитарлық ахуалдың жақсылығы есепке алынады.
Сосын тағы бір ескеретін жағдай - «Сыбағаны» алатын шаруаның бұрыннан малы болуы тиіс. Ол малдың саны несиеге алынатын мал басының 50 пайызын құрауы керек. Яғни, сіздің он бас ірі қараңыз болған жағдайда малыңызды тезірек көбейткіңіз келсе, қалауыңыз бойынша, жиырма басқа дейін сиыр немесе қашар, болмаса бұқа сатып алуға несие рәсімдеуіңізге болады.
Осы тұста көңіл аударатын бір мәселе бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал сатып алатындарға жергілікті атқарушы орындар, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері малды қайдан, қай шаруашылықтан, серіктестіктен алуға болатындығы жөнінен көмектесуі керек. Ол малдардың жынысы, жасы, тектілігі, өнімділігі, яғни барлық сапалы өлшемдері көрсетілген ақпараттар жиынтығы компьютерлік базада тұрғаны жөн. Қарапайым тілмен айтқанда, несие иесіне малды «шертіп тұрып» таңдап алуға толық мүмкіндік туғызылуы тиіс. Ал малдың сапалық өлшемдерін «Қазагромаркетинг» секілді бағалаушы компаниялар белгілейді.
Филиал директорының сөзінше, бүгінге дейін қала-аудан әкімдері және жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларымен бағдарлама талаптарын түсіндіру бойынша жиындар өткізілген. Қордың филиалы несиелендіруді бастарда негізгі жұмыстарды жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жүргізеді. Солар арқылы қарызгердің барлық жағдайын біледі, несиенің өз мақсатына жұмсалып, уақытында қайтарылуын бақылап, тексеріп отырады. Бұрынғы несиелерден басты артықшылығы - үстеме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ. Несие мерзімінен бұрын қайтарылса, айыппұл салынбайды. Егер шаруаның барлық құжаты түгел болса, оны қарау үрдісі небары он күнге созылады. Бағдарлама нәтижесінде қораңыздағы мал саны бірден үш есеге көбейіп, сіз өндіретін мал етін тұрақты сатып алушылар қалыптасады. Ал ет сапасы жақсарса, ақшалай түсімнің де арта түсетіні белгілі.
«Сыбаға» несиесі жаңадан құрылған, алайда малы жоқ, бірақ қора-қопсысы бар қожалықтар мен шаруаларға берілмейді. Бірақ оның есесіне «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» жылдығы 9,5 пайыз үстемемен 1 миллион теңгеге дейін шағын несие ұсынады. Бұл бағдарлама бойынша да несие алушының міндетті түрде кепілге ұсынатын мүлкі болуы керек. Бұған дейін мұндай несие алғандар арасында өз алдына кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған ауылдықтар аз емес. Мәселен, Лебяжі ауданына қарасты Қазы ауылдық округінде жеке кәсіпкер Сәрсенбаев осыдан екі-үш жыл бұрын аталмыш қордан 400 мың теңге қаражат алған. Қазіргі күні кәсіпкер азамат ауылда наубайхана ұстайды, несие қарызынан толықтай құтылған. С.Ықыласова мұндай мысалдар біздің облыста көп екенін айтады. Несиелік қордың филиалы соңғы үш жылда аймақтағы 1231 адамға жалпы құны 594,6 миллион теңгенің несиесін беріп үлгеріпті. Қалың бұқараның жағдайы төмен жігінің, соның ішінде шаруаның еңсесін көтеру – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бұл орайда, аталмыш қордың ауылдықтар тұрмысын түзетуге айтарлықтай үлес қосып отырғанын атап өту қажет.
Сонымен, «Сыбаға» несиесінен үміті бар ауылдықтар болса, асығыңыздар. Оған құжат жинау, тапсыру талаптарын білу үшін қордың жергілікті филиалына келудің қажеті жоқ, жергілікті ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығы мамандары барлық ақпаратты біліп отыр. Құжатыңызды да солар арқылы өткізе аласыз. Еліміздің агрокешеніндегі мал шаруашылығын қаржыландыру тарихында бұрын-соңды төмендегідей пайызбен несие беру оқиғасы болмаған. Ендеше, «Сыбағадан» өз үлестеріңізді алып қалыңыздар, ағайын!
М.АЯҒАНОВ.




