Өткен сәрсенбіде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Қ.Байтілесов баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы жарты жылдықта атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Есепті кезең ішінде ауыл шаруашылығы саласында 2152 жаңа жұмыс орны құрылғаны, оның ішінде 685-і тұрақты жұмыс орны екені хабарланды.
Биыл саланы дамытуға барлық деңгейдегі бюджеттерден 3089,7 млн.теңге қаржы бөлу көзделсе, солардың ішінде субсидия түрінде республикалық бюджеттен 2513,4 млн.теңге, облыстық бюджеттен 47,8 млн.теңге қарастырылған. Ауыл тұрғындарына шағын кредиттер беру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы облыстық бюджеттен 100 млн.теңге бөлінді.
Баспасөз мәслихатында егін орағы мен жемшөп дайындау мәселесіне көңіл бөлініп, бұл жөнінен сұрақтар көп болды. Биыл дәнді дақылдар 494,7 мың гектарға, майлы дақылдар 238,6 мың гектарға, мал азығы дақылдары 39,8 мың гектарға, картоп 13,2 мың гектарға, көкөніс пен бақша дақылдары 4,8 мың гектарға егілгені хабарланды. Жаңбыр аз жаууы себепті алаңдаушылық жоқ емес. Баспасөз мәслихатында хабарланғанындай, дәнді дақыл егістігінің 56 пайызы жақсы, 34 пайызы қанағаттанарлық, ал 10 пайызы нашар жағдайда болып отыр. Осыған байланысты әр гектардан 6-7 центнер өнім алынады деп болжанды. Астықты сақтау, сату мәселесі жөнінде сұрақтарға жауаптар берілді.
Қуаңшылықты ауа райы шаруашылықтардың қыстаққа жемшөп дайындауына да кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Ертіс жайылмасынан телімдер бөлініп, шаруашылықтардың шөп дайындауына мүмкіндіктер берілетіні айтылды.
Баспасөз мәслихатында мал басының есепті кезеңде өскені хабарланды. Сүт, ет, жұмыртқа, жүн өндіру белгіленген көрсеткіштерден асып түсті.
Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалдарсыз өткізу мақсатымен он үш әлеуметтік сауда орны жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындары қалаларда 46 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізді. Бұл жәрмеңкелерде 197,7 млн.теңгенің өнімдері сатылды.
Баспасөз мәслихатында екінші жарты жылдықта алда тұрған міндеттер туралы сөз болды.
Ө.РҮСТЕМОВ.

