Кеше Павлодар облысының кәсіпкерлері 9-10 сәуір күндері Астана қаласында өтетін «Ауыл - береке - 2011» атты ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесіне аттанды. Павлодарлық кәсіпкерлер Елорда төрінде өз өнімдерін таныстырмақ. Жерлестерімізді шығарып салу сапарына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасенов қатысты.
Павлодарлық кәсіпкерлерге сәттілік тілеген басқарма бастығы аталмыш шараның біздің өңір үшін маңызы зор екенін жеткізді. «Ауыл-береке» жәрмеңкесіне осымен екінші рет қатысқалы отырмыз. Онда біз Ертістің Павлодар өңірінде өндірілетін тауарларды басқа аймақтың тұрғындарына насихаттаймыз. Былтырғы жылдың қыркүйек айында өткен жәрмеңкеде кәсіпкерлеріміз сегіз миллион теңгедей қаржы тапты. Бұл - біз үшін жоғары жетістік. Биылғы жәрмеңкеге бас-аяғы 25 тоннадай картоп, көкөніс және ет өнімдері жеткізіледі. «Рубиком», «Акоба», «Колос» секілді кәсіпорындардың өнімдері бұл күнде облысымызда кеңінен сатылады. Енді осы азықтық тауарларымызды республиканың өзге де аумақтарына ұсынсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, астаналықтар тарапынан Павлодар облысының өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан 9-10 сәуір күндері өтетін жәрмеңкеде жерлестеріміз діттеген мақсаттарына жетеді деген ойдамын»,- деді Бауыржан Қасенов. Жалпы, кәсіпкерлердің басым көпшілігі жүріп өткен жолымызды ақтаймыз дегенді алға тартты. Мәселен, Павлодар қаласында бір келі картоптың бағасы 77 теңге. Ал Астана қаласында бұл баға едәуір жоғары екені анық. Сондықтан жәрмеңкеден түсер пайда қомақты болмақ. «Республикалық жәрмеңкелерге қатысып тұру өте маңызды», дейді кәсіпкерлер.
Павлодар ауданының кәсіпкерлері республикалық жәрмеңкеге картоп, сәбіз, қарақұмық және көкөніс майын апара жатыр. «Бұл өнімдердің барлығы біздің облыста қолжетімді бағамен сатылады. Тұрғындар тарапынан сұраныс та жоғары. Сондықтан, жәрмеңкеден олжалы ораламыз»,- деді Павлодар ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қуандық Қанапияұлы.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

