Қазіргі күні әр астық өсірушінің алдында тұрған негізгі мақсат не? Диқан қауымы бұл сұраққа көктемде еккен дәннен күзде мол өнім алу деп жауап беретіні анық. Алайда, өңделген жерге дәнді дақылды сеуіп тастасам болғаны, қалғаны жердің міндеті деп қарау дұрыс емес. Сапалы әрі мол өнім алу үшін не қажет? Әр астық өсіруші осы сауал төңірегінде ойлануы тиіс.
Мысалы, тұқым таңдар кезде бидайдың қамырлылығы жоғарысын, егер күнбағыс немесе рапс болса, май шығымдылығы жоғары дән, сондай-ақ жармалығы бағалы тарының сұрыптарын таңдайсыз. Ал одан алынған өнім бәсекелестікке төтеп беретіндей сапалы болуы қажет. Біздіңше, құрғақ-далалық аймақта тарының үлесін жоғарылату, сонымен қатар, далалық аймақтың қара-қоңыр құмдауыт және жеңіл саздауыт топырақтарында жаздық бидай, қарақұмық көп егілуі керек. Бұл дақылдар аталған аймақтарда сан ғасырлардан бері өсіріліп келеді.
Сәйкесінше, мал шаруашылығының қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында біржылдық және көпжылдық мал азықтық шөптерге баса назар аударуымыз керек. Мал азығын дайындау мәселесі республика бойынша өзекті болып тұр. Сондықтан, ауыспалы егістік жүйесінде дәнді дақылдармен қатар, мал азықтық дақылдарын да енгізу керек. Ауыспалы егістік жүйесіне биологиялық тұрғыдан әртүрлі дақылдарды отырғызумен топырақтың құнарлылығын айтарлықтай көтеруге болады.
Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС-нің селекционерлері Ертістің Павлодар өңірінің құрғақшылық жағдайларына арнайы бейімделген жаздық бидайдың, тарының, көпжылдық шөптердің сұрыптарын шығарумен және аталған дәнді дақылдардың аймаққа бейімделген технологиясын жетілдірумен айналысады. 2011 жылдан бастап селекциялық жетістіктер реестрі заманауи құрғақшылыққа төзімді жаздық бидайдың «Ертіс-7», тарының «Павлодарлық», еркек шөптің «Далалық» сұрыптарымен толықтырылып, бастапқы тұқым шаруашылығы толыққанды жүргізілуде.
Ал енді егістікке қолданылатын әдіс-амалдарға тоқталсақ. Дәнді дақылдарды себу мерзіміне көктемгі ауа райы жағдайлары айтарлықтай әсер етпейді. Ең алдымен, себу жұмыстарын дәнді дақылдардың түптенуі кезеңінде түсетін жауын-шашынмен сәйкестендіру қажет. Бұл кезең – маусым және шілде айларында түсетін жауын-шашындар. Павлодар облысы бойынша жауын-шашынның жоғары мөлшері маусым айының 3-ші жартысында және шілде айының 1-ші жартысында түседі. Сондықтан, көп жағдайда дәстүрлі себу мерзімі ұтымды болып жатады. Осыған орай, егіншілер ұсынылған оңтайлы себу мерзіміне жүгінген абзал.
Б.ИРМУЛАТОВ,
Павлодар ауыл шаруашылығы
ғылыми зерттеу институтының директоры.

