КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІ - ЖЫЛҒА АЗЫҚ

Ертіс ауданының диқандары егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізуде

Көктем келіп, қырда қызу еңбек басталды.  Биыл астықты аудан Ертістің диқандары көктемгі дала жұмыстарын жылдағыдан ерте бастады. Қапы қалмаудың қамын ойластырған шаруалар қазіргі күні жер жырту жұмыстарын аяқтады. Ауданда жоспар бойынша шамамен жүз жетпіс мыңнан аса гектар жерге тұқым себіледі деп күтілуде. Алдағы аптада аудан диқандары астық себуге кіріседі.

Аудандағы «Абай», «Ертіс», «Дауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Солтанбет», «Оразбаев», «Замандас» сияқты ірі шаруа қожалықтарының белсенділігін атап өткен жөн. Көктемнің әр күні жылға азық екендігін білетін аталмыш шаруашылық иелері егіс науқанына дайындық жұмыстарын қашанда ерте бастайды. Және жылдан-жылға егіс алқаптарының аумағын арттырып келеді. Бұл ретте, көп жылдар бойы астық себілмей, қараусыз қалған жерлерді өңдеп, қайта «жан бітіруде» десе де болады. Биылғы жылдың өзінде мыңдаған гектар жер қайта өңдеуден өткізілді.

Аудан диқандары көктемгі егіске әзірлік жұмыстарын аяқтады. Қажетті көлемде тұқым қоры әзірленуде. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Асқар Исабековтың айтуына қарағанда, қажетті тұқым мөлшері толығымен дерлік дайын. Жанар-жағармай да жеткілікті. Бүгінде өңірдегі астық өсірушілерге жеңілдетілген бағамен төрт мың тоннадан астам дизельдік отын бөлінген. «Жалпы, аудан бойынша 173 мың гектар жерге астық себу жоспарда бар. Егіс алқаптарын- дағы дайындық жұмыстарын ерте бастағандығымыздың арқасында бүгінгі күні шаруалар астық себуге сақадай сай әзір», - дейді А.Исабеков.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында талмай еңбек етіп келе жатқан барлығы жиырма жауапкершілігі шектеулі серіктестік және төрт жүзге таяу шаруа қожалығы бар. Солардың бірі - «Оразбаев» шаруа қожалығы. 1996 жылы құрылған ол бүгінде Ертістің бетке ұстар, ірі шаруашылығы санатында.

«Алғашқыда бос жерлер жоқ болатын. Ең алдымен 400 гектар егістік алқабын алып, сонда егін ектік», - деп еске алады шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сайлау Оразбаев. Алайда, бұл сөз жүзінде ғана оңай көрінеді. Сол жылдары Сайлау Шаймерденұлының қолында ешбір техника да болмаған. Жалғыз «К-700» маркалы ескі трактордың  өзін аудандық агротехникалық училищеден жалға алып, бастаған. Қажетті мөлшерде жанар-жағармайға да қол жеткізу қиын. Шаруаларға мемлекет тарапынан қазіргідей деңгейдегі көмек көрсетілмейтін, дейді ол. Дегенмен, осының барлығына қарамастан, сол жылы бидай егіп, айтарлықтай жақсы өнім алған. Одан түскен пайдаға бір-екі қажетті техника  сатып алыпты. Оның өзінде жаңа техникаға қаражат жетпегендіктен, ірі қожалықтардағы тозығы жеткен тракторларды сатып алып, содан жинауға мәжбүр болады. Осылайша, қарапайым механизаторлықтан бастаған С.Оразбаев өзінің жеке кәсібін ашу жолындағы арманының жетегімен шаруашылығын дамытуға кіріседі.

Қазіргі кезде «Оразбаев» шаруа қожалығының иелігінде шамамен жиырма мың гектар жер бар. Оның 15 мың гектары астықты алқап. Бидайдан басқа арпа, сұлы, қарақұмық егіледі. Алайда, шаруа қожалығының басшысы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Егістік алқаптарын одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл ретте, ауданда игерусіз қалған жерлерді ұзақ мерзімге жалға алуда. «Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардың соңында ауданның құнарлы жерлерінің көп бөлігі жеке меншік қолға өтіп кетті. Ал ол жер учаскелерін жалға алған кәсіпкерлер оны өңдеудің орнына еш әрекет етпестен қараусыз қалдырып отыр», - дейді С.Оразбаев. Егістік алқаптары жылдар бойына тиісті жұмыстар жүргізілмегендіктен  құнарлылығын жоғалтып,  арамшөптер басып кеткен. Алайда, кәсіпкерлер жерді мемлекетке қайтаруға құлықсыз. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы А.Исабековтың айтуына қарағанда, қазір аталмыш егістік алқаптарын сот арқылы қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде. Ал мемлекетке қайтарылған жер учаскелері оны пайдаға жарата алатын «Оразбаев» сияқты шаруа қожалықтарына жалға береді.

Сайлау Шаймерденұлы жерді аялап ұстау қажет деген пікірде. «Табиғаттың бермегенін «тартып аламыз» деу — барып тұрған астамшылық. Бірақ, «күте білсең, жер - жомарт» екенін ескеріп, Жер-Ананы аялау керек. Сонда жомарт жер иіп, барын төгіп салады. Әрине, ауа райының қолайлылығына да көп мәселе байланысты», - дейді ол. Осындай ұстанымының арқасында жыл сайын егін шығымының жақсы боларына сенімді бола алады. Тіптен, өткен жылғы қуаңшылықтың өзінде кәсіпкер ең кемінде гектарынан он центнерге жуық өнім алған.

Бүгінде шаруашылық меншігінде ондаған техника бар. Оның басым бөлігі жаңа, заманауи. Қожалық басшылығы ауданда алғашқылардың бірі болып себу кешенін сатып алған. «Оның мүмкіндіктері өте көп. Еңбек өнімділігі жоғары. Механизаторлар үшін де өте қолайлы. Бірінші себу кешенін осыдан төрт-бес жыл бұрын лизинг бойынша алған болатынбыз. Ол өз құнын ақтады. Биыл осындай екінші кешен сатып алдық», - дейді С.Оразбаев.

Құрылғанына он бес жылға таяу уақыт болған қожалық бүгіндері өсімдік шаруашылығынан басқа мал өсіруді де қолға алып, кемелдену жолына бет бұрған. Қожалық басшысының айтуына қарағанда, шаруашылықтың аталмыш екі түрі бір-біріне тығыз байланысты. Екеуін қатар дамыта  отырып, мол пайдаға кенелуге болады, - дейді ол. Қазір шаруа қожалығында 300 бас ірі қара мал, бес жүзден аса қой, алпыс-жетпістей жылқы бар.

Атап өтерлігі, «Оразбаев» шаруа қожалығында жаңа инвестициялық жоба қолға алынуда. Диірмен кешені салынған. Нан пісіретін шағын наубайханасы бар. Соның арқасында, күзгі жинаған бидайдан нан өнімдерін дайындап, аудан орталығында орналасқан өз дүкендері арқылы халыққа арзан бағамен босатады. Яғни, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі барлық сатысы қамтылған. Сондай-ақ, өсімдік майы да өндіріледі.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31