Ауыл шаруашылығының өркендеуі Қазақстанның даму факторымен тығыз байланысты. Жыл сайын көктемгі егіс науқанының қарбаласы үлкен дайындықты қажет ететіні белгілі. Осы орайда негізінен мал шарушылығымен айналысатын Май ауданының шаруалары биылғы егіс науқанына қарқынмен кірісуде.
Жалпы саны 5 ірі шаруашылық қожалықтары кірісіп отырған егіс науқанында 1050 гектарға тары, 500 гектарға арпа, 2500 гектар жерге күнбағыс егу көзделген. Сондай-ақ, жыл сайын 103-105 гектар картоп салынып келген болса, биыл 165 гектар аумаққа отырғызу жоспарланған. Сонымен қоса, 48 гектарға көкөніс егілмек.
Негізінен, «Ақжар-Өндіріс» «СоПут» «Абай», «Башлам», «Баскөл» шаруа қожалықтары егін шаруашылығына ерекше ден қойып отыр. Биыл да өткен жылдағыдай шаруашылықтарға субсидия төленбек, жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін көмектің арта түсуі олар үшін үлкен қолдау болып отыр.
Аталған шаруашылықтар ауданды және басқа да өңірлерді өздері өндіріп отырған өніммен қамтамасыз етуде. Мәселен, «Баскөл» шаруа қожалығы 12 гектарға картоп, 8 гектарға өзге де көкөніс түрлерін өсіріп, аудан көлеміндегі барлық мектептерді және аурухананы толық қамтуда. Биылғы жылы ауданда егінмен айналысуға қызығушылық танытып отырған жеке тұлғалар мен шаруашылықтар көбейіп отырғандығын да атап айтқан жөн.
Сонымен қатар, жеке шаруа қожалықтары 165 гектарға картоп, 48 гектарға түрлі көкөніс және 5 гектар аумаққа қарбыз егіп отыр.
Егін егуде жаңа технологияларды қолдану ісі де қолға алынуда. Атап айтқанда, «Дәуіт» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясы бойынша қажетті құралдар жеткізді. Кәсіпкерлер көкөніс өсіретін жылыжай салып, өнімдерін қысқы уақытта да тұтынушыларға ұсынуды жоспарлауда.
Мал шаруашылығы бойынша облыста алдыңғы қатарда тұрған Май ауданы алдағы уақытта да мал басын көбейту мақсатында тиісті шараларды жүзеге асырмақ. Ет бағытындағы мал өсіру, төрт түліктің тұқымын асылдандыру істері де қолға алынып жатыр. Аудан бойынша 11 селолық округте қасапхана алаңдары ашылды. Осы тұрғыда Көктөбедегі «Ақжар-Өндіріс» агрофирмасы қарқынды жұмыс жүргізуде. Десе де, аудан бойынша мал соятын пунктің (лабораториялы алаң) болмауы шаруалар қолын байлап отырғанын айту керек.
Осыған байланысты «алдағы уақытта арнайы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған зертханалы мал сою пункттерін ашу қолға алынуда»-деді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Бакауов.
Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы қаржыландырылатын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 пайыздық несие берілетіні белгілі. Бағдарлама шарты бойынша мал басын көбейтем деген шаруаның несие алуы үшін сатып алар малының тең жартысы қолында болуы қажет. Және әр мал басын сақтандыруы шарт. Сол секілді тағы бірнеше талаптары бар. Өкінішке орай, аудандағы шаруалардың «Сыбағадан» сыбаға алуға мүмкіндіктері қиындап отыр. Алайда, қызығушылық танытып отырғандары да жоқ емес.
Ал мал тұқымдарын асылдандыру мақсатында «Май», «Ақтай» шаруа қожалықтары түрлі ғалымдармен бірлескен жоба бойынша істер атқаруда. Әсіресе, сүтті, етті ақбас сиырын өсіруге құлшыныс танытып, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Баскөл ауылына қарасты «Ағайын», «Сартай» шаруа қожалықтары сүт қабылдап, алдағы уақытта одан өнімдер шығаруды қолға алмақ. Осыған байланысты аудандағы «Құлагер» шаруа қожалығы арнайы тоңазытқыш әкеліп, ауыл тұрғындарынан жоғары бағамен сүт қабылдайтын болады.
Бірер күннен соң аудан орталығы Көктөбеде әлеуметтік дүкен ашылмақ. Ол арқылы ауылшаруышылығы тауарларын арзан бағамен сатуға жол ашылады. Бұл іске арнайы ғимарат бөлініп, тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. «Тігін салоны, шаштараз, етікшілік және тағы басқа кәсіп түрлерімен айналысамын деп отырған азаматтар бар. Оларға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз»,-деді бөлім басшысы С.Бакауов.
Аудандағы жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешілуіне ауыл шаруашылығының қосар үлесі қомақты.
Жарқынбек АМАНТАЙ,
Май ауданы.

